ЮНЕСКО тізімінде қазақтың қандай мұралары бар?

Әлем бойынша әрбір ұлттың өзінше сипаты болады.

Ұлттық код деп түсіндірілетін бұл сипат оның мәдениетінде, білімінде, тілінде көрінуі мүмкін. Бірінің тілі, екіншісінің діні ерекше болса, енді бірінің биі немесе табиғатпен байланысы өзгелерге қарағанда басқаша келеді. Осы ерекшеліктердің бәрін әлем жұрты материалды емес (рухани) мәдени мұра (ағылшынша intangible cultural heritage) дейді. Мақала барысында еліміздің осы мұрасы жайына тоқталып, әлемдік мәдени мұра тізіміне енген байлығымыз жайында тоқталамыз.

Бұл қандай мұра?

ЮНЕСКО (ағылшынша UNESCO) 1945 жылы құрылғаннан кейін әлем бойынша ғылым мен білім, мәдениет саласын дамытуға еңбек етеді. Құрамында 200-ге жуық мүше елі бар ұйым мәдени мұраны сақтап қалу үшін алғаш рет 1972 жылы «Әлемдік мәдени мұра» деп арнайы конвенция қабылдаған. Бұл құжатқа сәйкес «Әлемдік мәдени мұра» тізіміне енген әрбір нысан өзінің мемлекет аумағында қорғалуы тиіс және жаһандық деңгейде насихатталуы керек. Бұл тізімге Қазақстан атынан Түркістандағы Ясауи кесенесі мен Алматы облысындағы «Тамғалы тас» бастаған барлығы 5 ескерткіш еніп тұр.

Өткен ғасырдың 90-жылдары ЮНЕСКО мүшелері бейзаттық мұраға да көңіл аудару керектігін айта бастады. Бұл мақсатты сөзден іске асыру үшін 2001 жылы ЮНЕСКО өз мүше мемлекеттері мен қоғамдық ұйымдар арасында арнайы сауалнама жүргізді. Нәтижесінде, 2003 жылы халық орындаушылық өнері, мереке тойлау, діни-ғұрыптар, наным-сенімдер, дәстүрлі өнер (қолөнер) жайлы білімдер, т.б. материалды емес (рухани) мәдени мұраларды қорғау конвенциясы дайындалды. 

 

Конвенция бойынша ЮНЕСКО-ның бейзаттық мәдени мұраның репрезентативті тізіміне енген элементтер әлемдік мұра ретінде танылады. Оны әлем тарапынан да, ұсынған өз мемлекеті тарапынан да сақтау жолдары қарастырылып, мұрагерлерді (сол элемент туралы білімі бар адам)  насихаттау міндеттеледі. Егер жоғалу қаупі болса, арнайы грант бөліп қайта жаңғыртып алуы керек. 

Әлемдік тізім

2003 жылы арнайы конвенция қабылданғаннан кейін, әлем халқы біртіндеп өз мемлекетінде заң нормаларын конвенцияға сай лайықтай бастады. Нәтижесінде, 2008 жылдан бастап жыл сайын жаһандық өнер мен білім адамзаттың рухани мұрасы тізіміне еніп жүр. ЮНЕСКО-ның ресми сайтында көрсетілген мәліметке сәйкес, осы күнге 130 астам мемлекеттен бар-жоғы 700-ге жуық элемент тізімде тұр. Бұл қатарда алпауыт мемлекеттер АҚШ, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясымен қатар, Камбоджия, Ботсвана, Панама сияқты елдердің де мәдени мұралары бар. Мысалы, Аргентина атынан «Танго» би өнері, Мексикадан «Өлілер мейрамы», «Дәруіштер биі» (Түркия), Ресейдің «Хороводы» сияқты танымал элементтерді айтуға болады.

Әлемдік тізімге ену үшін бірқатар талапты орындау керек. Ең алдымен ұсынылған элементті ұстаушы мұрагерлердің видео және жазбаша рұқсаты қажет. Кейін элемент жайында ағылшын мен француз тілінде таныстыру бейнебаяны түсіріледі. Ең соңында арнайы анкета толтырылып, өкілетті органнан ЮНЕСКО-ның бас штабына ұсыныс хат жіберіледі. Жыл сайын (кейде жылына екі рет) ұйымның мүшелері жиналыс ашып, барлық ұсыныстарды қарастырады.

Қазақстан еншісі

2011 жылы  Қазақстан материалды емес (рухани) мәдени мұраларды қорғау конвенциясын ратификациялап, келесі жылы заңды түрде қолданысқа енді. Осы уақытқа дейін 13 элемент адамзат мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізімінде тұр.

2014 жыл 

 Қазақстан атынан екі номинация ұсынылды. Бірі – «Қазақтың дәстүрлі домбырадағы күй өнері» (1), екіншісі – «Қырғыз бен Қазақтың киіз үйді дайындаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» (2). 

«Қазақтың дәстүрлі домбырадағы күй өнері» номинациясы қазақтың домбырада күй тарту өнеріне арналған. Негізгі мақсаты – байырғы күй орындау мәнерін сақтап қалу. Элементтің мұрагерлері ретінде  күйші қауым деп көрсетілген.

 

 

«Қырғыз бен Қазақтың киіз үйді дайындаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» элементі халықаралық жоба ретінде таныстырылды. Тізімде көрсетілген ақпаратқа сәйкес, Қазақстанмен қатар Қырғызстан да киіз үй құру өнерінің иелері. 

2015 жыл 

Бұл жылы бір ғана номинация дайындалған. «Айтыс өнері» (3) номинациясын Қырғызстан мен Қазақстан бірлесе дайындап өткізген. Адамзаттың мәдени мұрасы ретінде де халықаралық өтінім деп көрсетілген.

2016 жыл 

Бұл жылы үш бірдей элемент (екеуі халықаралық) енген.

«Қатырма нан жасау өнері» (4) деп ұсынылған элементтің халық арасында басқаша да атаулары бар деп көрсетілген: жұқа нан, шелпек, жұқпа нан, жай нан, қамыр, пәтер, бәтер, бәтер нан, қаттама нан,  құдай нан. Бұл элементті Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия бірлесіп дайындаған. Осы өнерді меңгерген барлық адам мұрагер деп танылады.

«Қазақ күресі» (5) номинациясы ұлттық спорт түрі ретінде қазақ халқы арасында кең таралған деп көрсетілген. Жыл сайын әлем мен Азия/Еуропа чемпионаттарымен қатар, ел ішінде «Қазақстан барысы» турнирі өткізіліп тұратыны баяндалған.

 

«Наурыз мерекесі» (6) Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеттеріне ортақ деп бірлесіп жасақталған номинация ретінде тұр.

  • 2017 жыл

Бұл жылы Қазақстан атынан дербес элемент бақ сынады. «Асық ату» (7) деп аталатын ойын түрі ежелден қазақ даласында қолданыста болғанын және қазіргі таңда халық арасына насихаттап жүрген «Асық ату» федерациясы жайында атап өткен.

  • 2018 жыл

«Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» (8) номинациясы ата салтты ұстап жүрген халық білімі жайында. Анкетада көрсетілген мәліметке сәйкес, халық ішінде бұл элемент Қымызмұрындық, Бие байлау, Айғыр қосу деп те атала береді екен.

«Қорқыт ата: Эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері»  (9) элементі халықаралық ұсыным ретінде жіберілген. Ұсыным иелері Әзербайжан, Қазақстан және Түркия. Номинацияда Қорқыт ата халық жыршысы, музыкант, батагөй ақсақал ретінде көрсетілген.

2020 жыл

«Тоғызқұламақ» ойыны (10) енгізілді. Бұл барлауды және стратегиялық ойлауды дамытатын ойын түрі деп таныстырылған екен. Қазақ елімен бірге Түркия мен Қырғызстан ұсынды.

 

2021 жыл

Осы жылы бір халықаралық жоба ұсынылды. Біріккен Араб Әмірліктері, Аустрия, Бельгия, Чехия, Франция, Германия, Венгрия, Италия, Қазақстан, Корей Республикасы, Моңғолия, Марокко, Пәкістан, Португалия, Қатар, Сауд Арабиясы, Испания, Сирия сияқты барлығы 18 мемлекет ұжымдаса өткізген «Құсбегілік өнер» (11) элементі материалды емес (рухани) мәдени мұра деп танылды.

2022 жыл 

Бұл жылы екі элемент (біреуі халықаралық) енген.

Қазақстан жеке өзі мемлекет тарапынан «Ортеке» (12) дәстүрлі орындаушылық өнер деп ұсынды.

Бұл жылы «Қожанасыр әңгімелері» (13) деген атпен халықаралық  ұсыным да жасалып, мақұлданған екен. Ұсыным иелері: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан.