Құрбановтың қатесіз орындаған жаттығуын көріп, таңдай қақтық. Неткен бекзада спорт және болмысы биік спортшы дестік. Жанкүйерлер арасында «ақшаны боксқа құймай, спорттық гимнастиканы дамытуға салайық» деп ұрандатқандар да табылды. Ал 5 тамыздан бастап грек-рим және еркін күрес шеберлері сынға түсуде. Таеквондодан топқа түсетін спортшыларға да сенім артамыз. Әзірге ұлттық құрама бір алтын, бір күміс және екі қола жүлдемен 29-орында тұр.
Ең жас жүлдегер
Иә, Париж Олимпиадасында 14 жастағы жапон қызы Коко Есидзава скейтбордингтен (стрит) чемпион атанды. Күміс жүлдені де жапон жұрты жеңіп алды. Осылайша, 15 жастағы Лиз Акама тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Ал қола медаль 16 жастағы бразилиялық Раиса Леалға бұйырды. Айта кетерлігі, Леал үшін бұл – екінші олимп шыңы. Ол 13 жасында Токио Олимпиадасында қатысып, күміс жүлдені қоржынға салған.
Жалпы, скейтбордингтен жарыс алғаш рет Токио Олимпиадасында өтті. Аталған додада 13 жастағы Момидзи Нисия жеңіске жеткен-ді. Әзірге «ең жас чемпион» атағы Нисияға тиесілі. Биыл экс-чемпион сайысқа қатыспаса да, оның үш отандасы финалда бақ сынады. Ақтық сында сегіз спортшы бақ сынады. Соның ішінде өткен олимпия ойындарының жеңімпазы Раиса Леал мен Фуна Накаяма (қола) бар. Бірақ Накаяма жүлдегер сатысына көтеріле алған жоқ. Ал Леал Токиодағы күмісін, Парижде қолаға айырбастап алды. Демек, бұл спорт түрінен бәсеке өсіп келе жатыр. Қызығы, Олимпиаданың ең жас қатысушысы жоғарыда аталғандар емес. Ең жасы – 11 жастағы қытай қызы Чжэн Хаохао. Ол 6 тамыз күні скейтбордингтен (парк) жарыс жолына шығады. Бұл спорт түрінің жанкүйері де көп. Қатысушылар түрлі трюк жасап, эсктремал жаттығу түрлерін көрсетеді.
Салқынқанды мерген
Иә, 51 жастағы Юсуф Дикеч 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен оқ атудан аралас сында күміс медаль алды. Акцент қоятын жер – аралас сында. Яғни, ол жалғыз шыққан жоқ. Жанында Шеваль Илайда Тархан бар еді. Түркия мемлекеті бұл спорт түрінен тарихта тұңғыш рет медаль алды. Ал Дикечтің әлеуметтік желіде танымал болуының сыры – салқынқанды әрекетінде. Ол финалда арнайы киім емес, кәдуілгі футболкамен шықты. Илайда да дәл солай өнер көрсетті. Шеваль Тархан бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Сондай-ақ Дикеч құлаққап пен арнайы баскиімнен бас тартып, өзінің көзілдірігімен финалға шықты. Бір қолын қалтасына салып, көзін жұмбай-ақ оқ атқан спортшыға жанкүйерлер дән риза болды. Айта кету керек, Илайда да еркін, қолын қалтасына салып-ақ нысананы дәл көздеп жатты. Алайда әлеуметтік желіде тек 51 жастағы спортшы танымал болды. Тіпті, «Түркия Олимпиадаға спортшы емес, киллер жіберген бе?» деп тәнті болғандар да бар. Оның салқынқанды қимылы, Олимпиада ойындарында емес, аулада өткен жарысқа келгендей әсер қалдырды. Жалпы, Юсуф – түрік полициясында жұмыс істеген, еңбек демалысындағы офицер. Ал Париж додасы – оның мансабындағы бесінші олимпия ойындары. Қызығы сол, ол барлық жарыста қолын қалтасына салып, қосымша құралдарсыз шығады. Дикеч пен Юсуф Түркияға жүлде сыйлағанына қуанышты әрі келесі Олимпиадаға қатысуға ниетті.
Парижде бас құраған екеу
Парижде бір-біріне үйленуге ұсыныс жасап, қызықты кездесу ұйымдастырып жатқан жастарды байқаймыз. Ұлттық құрамада өнер көрсететін мергендер Константин Малиновский мен Арина Алтухова 3 жарым жылдан бері көңіл жарастырған. Париж Олимпиадасына жолдама алғаннан соң, екеуі де 50 және 10 метр қашықтықта винтовкадан оқ атудан жекелей сынға түсті. Кейінірек, 10 метр қашықтықтағы сайысқа жұп ретінде қатысты. Түрлі жарыста бірге бақ сынап жүрген жұп осылайша өмірде бақ сынауға бекінді. Константин әдемі саябақ көрінісі аясында, ғашықтар қаласында сүйіктісіне сөз салды. Арина таңданып, көзіне жас алды. Артынша мергенге оң жауабын берді. Франция төрінде өткен дода екеуінің мәңгі есінде қалатыны сөзсіз.
Досының арманын орындаған спортшы
Жоғарыдағы оқиғаға елжіреп отырсыз, білем. Бірақ төмендегі оқиғаны естігенде, көзге жас алмау қиын. Сонымен француздар осы олимпия ойындарында ат спортынан Таис Мехесттің жүлде алатынына сенімді болды. Ол жастайынан талай додада көмбеден көрінген. 2017 жылы ата-анасы оған Шаман Дюмонсо деген бесті жылқы сатып алады. Мехест аттың сынын көріп, бірден ұнатады. Әрі осы сәйгүлікпен олимпия ойындарында жүлде алуды армандайды. 2019 жылы Нормандияда өткен сайыста бақ сынайды. Бірақ жарыстың екінші күні тосын жайт болып, Мехест қайтыс болады. Аттың астында қалған оны дәрігерлер құтқара алмайды. Бұл оқиға ат спорты әлемін дүр сілкіндіреді. Өйткені тек Франция жұрты емес, әлемдік ат спорты федерациясы Таистан үлкен үміт күткен-ді. Оның өлімі ата-анасына да ауыр соққы болып тиеді. Атты көрген сайын қыздары есіне түскен соң, Таистың досы Стефан Ландуадан жылқыны алып кетуін сұрайды. Ол өзі де ат баптайтын еді. Уақыт өте келе ол досының арманын орындап, Олимпиадаға қатысуды ойлайды.
Осылайша, Стефанның өмірінде жаңа тарау ашылады. Кәсіби спортшы болмаған соң, оны ешкім танымайды. Алғашында алдынан біраз қиындық кездеседі. Алайда ол Шаманмен бірге талмай дайындалып, түрлі жарысқа қатысады. Артынша Франция ұлттық құрамасына кіреді. Бес жыл ішінде өзін де, Шаманды да өзгертеді. 2023 жылы Еуропа чемпионатында қола медаль еншілейді. Соның арқасында Парижде өтетін басты додада бақ сынау бақыты бұйырады. Қызығы сол, өзінің төртжылдықты түйіндер тартысқа қатысатынын 1 шілде күні біледі. Ал 27 шілде күні жекелей сынға қатысқанымен, жетістікке жете алмады. Есесіне командалық сында екінші орын алды. Марапаттау салтанаты кезінде аспанға қарап сәлем жолдап, жылы жымиды. Журналистерге берген сұхбатында жарысқа бір өзі емес, үшеу болып қатысқанын, әр күн сайын Таистың рухы оған күш беретінін айтты. Ең әсерлі сәт Таистың ата-анасының араға бес жыл салып жарысқа келуі еді. Қыздың анасы жарыс бойы қобалжып, жылаумен болды. Стефан да досының анасы риза болғанына қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ марапаттау салтанатында күміс медальді тістеп тұрып, көз жасына ерік берді.
Бес дүркін Олимпиада чемпионы
Кез келген спортшыға олимп шыңын бағындыру – арман. Күні кеше француз Тедди Ринер бесінші мәрте Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Рас, командалық сыннан кейін БАҚ өкілдері шулап, Жапония дзюдо федерациясы мәселе көтергені бар. Бірақ чемпионның аты – чемпион. Алғашында ол 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақты. Кейіннен командалық сынның финалында өзінен 40 келіге жеңіл Сайто Тацуруды жеңді. Сайыс барысында Жапония мен Франция тең түскен еді. Төрешілер генератордың көмегімен шешуші белдесу салмағын таңдады. Әрине, көпшіліктің экранға Ринердің салмағы шығатынына күмәні болмады. Әлеуметтік желіде де осындай сын жазылғаны тағы бар. Әккі балуанға Тацуруды жығу қиын болған жоқ.
Ол жекелей сында 2008 жылы Бейжің, 2012 жылы Лондон, 2016 жылы Рио де Жанейро, биыл Париж Олимпиадасында топ жарды. Дзюдо спортының тірі аңызының 12 дүркін әлем чемпионы дейтін атағы тағы бар. Айта кетерлігі, Ринер – осы додада дзюдодан француздар атынан алтын алған жалғыз спортшы. Одан бөлек, Франция құрамасының екі күмісі мен бір қоласы бар.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ