Жыл басынан бері Астанада «Тоқта, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. 
Әйнек пен телефон сындырған: Астанада вандалдар ұсталды
579
оқылды

Елордада қоғамдық тәртіпті бұзушылармен күрес жалғасуда. Полиция басқа біреудің мүлкіне зиян келтірген кезекті вандалдарды жауапқа тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

Мәселен, 27 шілде күні түстен кейін 34 жастағы ер адам полицияның Бекет-5 стационарлық бекетінің ғимаратында мас күйінде әйнекті басымен сындырды. Ол өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік мүлікті бүлдіріп, 25 миллион теңге сомасында залал келтірді.

Осындай жағдай сол күні кешке қарай болды. 25 жастағы қыз қызметтік автокөліктің алдыңғы әйнегін сөмкесімен ұрды. Зақым 50 мың теңгеге бағаланды.

Бұдан бөлек, тағы бір ер адам сыра барының терезесін сындырды. Ол осындай бұзушылықты биыл екінші рет қайталаған. Бұған дейін ол теріс әрекеті үшін жазаланған.

1 тамыз күні таңертең 65 жастағы кісі 35 жастағы әйелдің телефонын сындырды. Барлық бұзақылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Акцияның мақсаты – вандализмнің кез келген көрінісін болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау. Жыл басынан бері сот бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы аумақтарды ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін 145 адамды жазалаған. Олардың барлығы жауапқа тартылды.

Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.