Қайырымдылық мекемелерінің білім беру қызметімен айналысуға лицензиялары болмаған.
Маңғыстау облысында заңсыз жұмыс істеген діни пансионаттар анықталды
936
оқылды

Маңғыстау облысы прокуратурасының органдары балалар пансионаттары түріндегі қайырымдылық мекемелерін тексеру барысында қолданыстағы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірде 5 пансионат қызмет көрсеткен (Мұнайлы ауданында 2, Жаңаөзен қаласында, Қарақия және Түпқараған аудандарында 1).

Алайда, іс жүзінде мекемелердің қызметі олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келеді.

– Барлық мекемеде тәрбиеленушілердің діни әдебиеттерді пайдаланғаны және басқа да заңбұзушылық фактілері анықталды.

Бұл ретте, қайырымдылық мекемелерінің білім беру қызметімен айналысуға лицензиялары болмаған.

Осылайша балалардың білім, тәрбие және уақытылы медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары айтарлықтай бұзылған.

Тексеру нәтижелерімен еңбек, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт сөндіру заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін пансионаттар басшылығына қатысты 11 әкімшілік хаттама толтырылып, 1,3 млн теңге айыппұл салынды.

Балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн олардың заңды өкiлдерi (ата-аналары) де әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылды, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта прокурорлардың талап-арыздары бойынша сотпен барлық көрсетілген пансионаттардың тіркеу күші жойылып, қызметтері тоқтатылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.