АҚШ сотында жеңу үшін тек әділет қана емес, сонымен бірге мол қаражат керек екенін бұл кәсіпкер мойындаған. Ол байлығының арқасында ғана өзінің заңды бұзбағанын дәлелдеп, адал атын сақтап қалған.
Кәсіпкер: АҚШ сотында жеңу үшін мол қаражат керек
АҚШ сотында жеңу үшін әділет қана емес, мол қаражат керек. Фото nypost.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters
1,805
оқылды

Биылғы маусымда АҚШ-та миллиардтаған доллар айып тағылған кәсіпкердің ақталғанын BBC News жазды. Aikyn.kz британдық сайттың материалына сүйеніп америкалық сот жүйесінің жұмысын көрсетеді.

Майк Линч өзінің кінәсіздігіне сенімді болғанымен, оны АҚШ сотында дәлелдеу үшін заңгерлік қызметтер мен сот шығындарын өтеуге мол қаражат жұмсағанын айтады. Фото cnbc.com сайтынан алынды

Британдық кәсіпкер Майк Линч өзінің орасан байлығының арқасында ғана заң алдында адал екенін дәлелдей алған. Кәсіпкерге АҚШ соты миллиардтаған долларға алаяқтық жасады деген айып таққан.

59 жастағы Линч өзінің Autonomy технологиялық компаниясын америкалық Hewlett-Packard компаниясына сатуға қатысты 17 айып бойынша айыпты деп танылса, жиырма жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Ол BBC Radio 4-тің «Премьер-министр» бағдарламасына өзінің кінәсіздігіне сенімді болғанымен, оны АҚШ сотында дәлелдеу үшін заңгерлік қызметтер мен сот шығындарын өтеу үшін бай адам болу керектігін айтқан.

«Ұлыбритания азаматы ретінде өзіңізді қорғауға қаражат керек емес. Шынымды айтсам, бұл жерде отырған себебім, менің кінәсіз болғаным үшін ғана емес, сонымен бірге сізді құртуға арналған (америкалық) процесте жойылып кетпеу үшін жеткілікті ақшам болды», – дейді ол.

Оның айтуынша, адамдардың көпшілігі, тіпті егер олар барлық активтерін сатқанның өзінде, бірнеше айларға созылатын сот процесінде қаражаты таусылады. Сондықтан бұл жағдайды «өзгерту керек» екенін айтады.

Autonomy компаниясының жоғары бағаға сатылуына қатысты сұрақтар туындағап, Hewlett-Packard арасындағы мәміле жасалмай қалады. Фото theposselist.com сайтынан алынды

HP және Autonomy ісі

Линч мырза 1996 жылы Кембриджде Autonomy компаниясының негізін қалаған. Бағдарламалық жасақтама компаниясы Ұлыбританияның жетекші технологиялық компанияларының біріне айналады. Оның жетістігінің арқасында Линч мырза «британдық Билл Гейтс» деген атқа ие болады.

2011 жылы технологиялық жабдықтар жасайтын алпауыт Hewlett-Packard Линчтің компаниясын 11 миллиард долларға сатып алады. Бұл келісім бойынша Линч мырза 625 миллион долларға қол жеткізеді.

Алайда компанияның осынша жоғары бағаға сатылуына қатысты сұрақтар туындағандықтан, Hewlett-Packard пен Autonomy арасындағы мәміле аяқталмай қалады. Бір жылдан кейін HP Autonomy құнын 8,8 миллиард долларға дейін қысқартады.

Бірнеше жылдар бойы сот процесі жүріп, 2018 жылы АҚШ прокуратурасы Линч мырзаға айып тағады. Прокуратура Линчті компанияның сатылымы туралы жаңылыстыру үшін ескірген келісімдерді пайдаланып, компания құнын арттырды, компанияның жабдықтарды қайта сату бизнесінде ақша жоғалтқанын жасырды және бұл туралы білетін адамдарды қорқытты немесе пара берді деген айыптар тағады. АҚШ прокуратурасы бұл істі АҚШ сотында қарамақ болғанымен, Саффолк округінде тұратын Линч мырза бұл шешімге қарсы болады.

Майк Линч 2022 жылы сот алдында жауап беру үшін АҚШ-қа экстрадицияланады. Сот биыл маусым айында Линч мырзаның ақталуымен аяқталды. Фото telegraph.co.uk сайтынан алынды

Алайда Линч 2022 жылы сот алдында жауап беру үшін АҚШ-қа экстрадицияланады. Содан бері жүрген сот биыл маусым айында Линч мырзаның ақталуымен аяқталады. Сотта ол заңсыз транзакцияларға қатыспағанын айтады, ал оның заңгерлік тобы HP мәміле бойынша тиісті тексеру жүргізбегенін мәлімдейді.

Сот Autonomy компаниясының бұрынғы қаржы директоры Стивен Чемберлен де кінәсіз деген үкім шығарады. Линч мырзаның айтуынша, ол үкімді күтіп тұрған сәт «сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» болған және ло өзін «екі ғаламның арасында жүргендей» сезінген.

«Сөздерді естімейінше (сот үкімін), сіз не боларын білмейсіз», – деп түсіндіреді ол өзінің жағдайын.

Қазір сот процесі аяқталып, ақталғаннан кейін Линч мырза және оған ұқсас адамдар, британдықтарды АҚШ сотына беретін тым жеңілдетілген келісім бойынша экстрадициялауға рұқсат бергені үшін үкіметті сынға алды.

«Британ үкіметі өз азаматтарын қорғауы керек. Біреуді басқа елге, әсіресе Америка Құрама Штаттары сияқты әділет жүйесінде проблемалары бар елге жіберу дұрыс па? АҚШ прокуроры сізге британдық жүйедегі жергілікті прокурорға қарағанда әлдеқайда көп бақылау жасайды», – дейді ол.

Hewlett-Packard Лондондағы Жоғарғы сотта азаматтық айыптар бойынша 4 миллиард доллар талап етуде. Фото barrons.com сайтынан алынды

Инновацияға қайта оралу

Линч мырзаға тағылған айыптар Autonomy компаниясын сатуға қатысты жалғыз сот ісі емес. 2019 жылы Autonomy-дың бұрынғы қаржы директоры Сушован Хуссейн 16 пункт бойынша тағылған алаяқтық, бағалы қағаздармен алаяқтық және басқа да айыптар бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды және оған миллиондаған доллар айыппұл салынды.

2022 жылы Hewlett-Packard Лондондағы Жоғарғы сотта Линч пен Хуссейн мырзаға қарсы азаматтық айыптар тақты, осы үкім бойынша Hewlett-Packard қазір жауап берушілерден 4 миллиард доллар талап етуде.

Линч мырза бұған британдық судьяны айыптайды. Британдық судья өзінің шешімін кейіннен АҚШ сотында расталмаған дәлелдерге сүйеніп шығарған. Дегенмен Линч қазір технологиялық кәсібін жалғастырғысы келеді, өйткені оның өміріндегі соңғы сот тәжірибелері Линчтің ЖИ-ді заң саласында қалай қолдануға болатынына, сондай-ақ есту қабілеті нашар адамдарға көмектесуге деген қызығушылығын арттырған. 

«Мен жақсы көретін ісіме, яғни инновацияға қайта оралғым келеді», – дейді Майк Линч.

«Әділет пен заңның теңдігі» (Equal Justice Under Law) деген жазуы бар АҚШ-тың Жоғарғы соты. Фото wikimedia.org сайтынан алынды. Авторлығы: Matt Wade

Әділет пен сот жүйесіндегі кемшіліктер толық шешілген мемлекет әлемде жоқ болар. Бұл мақала арқылы ең әділетті саналатын АҚШ пен Ұлыбритания сот жүйелеріндегі проблемаларды анық байқауға болады. Оны қазіргі АҚШ-та жүріп жатқан президенттік сайлау науқаны кезінде сот жүйесін саяси қарсыластарын қудалауда қолдану фактілері де көрсетіп беруде.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.