Париж-2024: спортшыларымыз бүгін еркін күрес, велотрек және брейк-данстан сынға түседі

Қазақстан Олимпиадаға брейкингтен тұңғыш рет қатысып отыр.

Париждегі Олимпиада ойындарының бүгінгі жарыс күнінде ел спортшылары жарыстың 4 түрінен: еркін күрес, брейкинг, қазіргі бессайыс және велотректен сынға түседі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сағат 14.00-де еркін күрестен 97 келі салмақта Әлішер Ерғали ел намысын қорғайды. Ол бірінші белдесуінде мысырлық Мұстафа Әл-Елсайед Элдерспен күреседі.

Еркін күрестен жартылай финал сағат 21.15-ке жоспарланған. 

Ал сағат 16.30-да қазіргі бессайыстан Елена Потапенко сынға түседі.

Сағат 19.35-те брейк-данстан жарыс басталады. Онда Әмір Зәкіров ел намысын қорғайды.

Финал Астана уақытымен сағат 00.29-ға жоспарланған.

Ол D тобында сынға түседі. Отандасымыз Menno (Нидерланд), Billy (Марокко) және Quake (Қытайдың Тайпейі) лақап атымен танымал спортшылармен шеберлік байқасады.

Сағат 20.19-да велотректен ел намысын Андрей Чугай қорғайды.

Айта кетсек, қазір Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 34-орында тұр.