Мені Қонаевта зорлаған адамға Жанқош Тұраровтың қатысы болуы мүмкін – Әнару Құрманәлі

Ол 4 шілде күні полицияға арыз түсірген.

Боксшы Жанқош Тұраров зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманәлі 2024 жылғы 4 шілдеде Қонаев қаласындағы такси жүргізушілерінің бірі зорлағанын растады. Жәбірленуші бұған да боксшы Жанқош Тұраровтың қатысы бар болуы мүмкін деп санайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Ол 4 шілде күні полицияға арыз түсірген.

"Ол жағдай сол күні болған. Осы жағдайдың бәріне Жанқоштың қатысы бар деп ойлаймын. Себебі ол менің артымнан қалмайтын, Ақтауға кетсе де, жетіп келеді, Грузияға кетсем де соңымнан қалмады.  Жанқоштың қатысы бар сияқты. Қонаевтан үйге қайтып бара жатқанмын. Қонаев қаласында құрбыммен кездесіп, мейрамханадан тамақ іштік. Сол күні бір стақан коктейль ғана іштім. Есімнен танған жоқпын, масайған жоқпын. Жай ғана үйіме кетіп бара жатқан адам едім. Телефоным өшіп қалғандықтан, көлікті жолдың бойынан тоқтаттым. Құрбым "қайда барасың, қал" деген, мен үйге барғым келіп тұр деп кетіп қалдым", – дейді қыз.

Оның айтуынша, көлік рулінде отырған жігіттен зорлық көрген.

"Бұл жағдай туралы мен қазір ақпарат бергім келмейді, эмоционалды түрде қатты шаршап тұрмын, эмоционалды жай-күйім өте қиын. Бұл Жанқоштың оқиғасына қатысы жоқ оқиға ғой, бірақ мен Жанқоштың адамдары ма деген күдігім бар. Сондай ой бар", – дейді жәбірленуші.

Айта кетейік, 21 тамызда әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраров Әнару Құрманәліні зорлады деген ақпарат тарады. Алматы қаласының полициясы мұны растап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.