Түркістан облысында 170 балаға оқушы сөмкесі мен оқу құралдары берілді

«AMANAT» партиясының қолдауымен балаларды мектепке даярлау жалғасып жатыр.

«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында Төлеби аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ленгір қаласындағы №7 IT мектеп-лицейінде шынайы мейірімділіктің, қамқорлықтың лебі сезілген керемет іс-шара өтті. 

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев, басқа да бірқатар азаматтардың, әлеуметтік педагогтердің, балалар мен ата-аналарының қатысуымен өткен аталмыш шара барысында әлеуметтік статусқа ие 100 төлебилік оқушыға белгілі кәсіпкер, меценат, Төлеби ауданының Құрметті азаматы Бегалы Рыспаевтың қаржысына алынған, қажетті оқу құралдары салынған оқушы сөмкелері таратылды. Бір айта кетерлігі, жаны жайсаң, жүрегі кең, жомарт жан Бегалы Шералыұлы былтыр да аталмыш акция аясында 100 төлебилік оқушыны мектепке дайындауда көмек көрсеткен болатын.

Сондай-ақ, іс-шарада білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеті тарапынан да игі іс жасалды. Аталмыш кәсіподақтың аудандық ұйымының төрағасы Ғалымжан Мырзалиев әлеуметтік статусқа ие 70 балаға оқушы сөмкесі мен оқу құралдарын үлестірді. Былтыр «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіподақтан 50 төлебилік білім алушыға оқушы сөмкесі, оқу құралдары берілді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы