Павлодарда жеті жастағы қызына қол көтерген әке жазаланды. Дүйім жұрттың наразылығын тудырған оқиға бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Онда 53 жастағы ер адамның қаршадай қызын ұялы телефонмен ұрып жатқаны анық көрінеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Бүлдіршіннің анасы күйеуіне қарсы арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан, жұдырығы жуан әкеге қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оның құқығы мен мүддесін қорғау міндетін орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалып, сотқа тартылды. Баласын күшпен тәрбиелемек болған әке енді айыппұл төлейді.
Қызына қол көтерген азаматты көршілері көріп, полиция шақыртқан. Қатыгез әке профилактикалық есепке алынып, енді қамқоршы органның жіті назарында болады.
– Сот іс материалдарын жан-жақты зерттей келе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 127-б, 1-б көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 25 844 теңге айыппұл тағайындады. Қаулы заңды күшіне әлі енген жоқ, – деді Павлодар облысы сотының баспасөз хатшысы Агидель Ибраева.