ШҚО-да партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа мектеп қолданысқа берілді

Жаңа мектеп 600 балаға арналған.

«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында жаңа мектеп қолданысқа берілді.

Жаңа мектеп 600 балаға арналған. Екі ауысыммен жұмыс істейтін болғандықтан жиыны 1200 баланы қамтуға болады.

«Мектептің құрылысы басталған күннен қолданысқа берілгенге дейінгі аралықта облыстық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері әр тоқсан сайын барып құрылыстың сапалы жүргізілуіне бақылау жасады. Міне жаңа оқу жылында мектеп оқушыларға есігін айқара ашты», - дейді «AMANAT» партиясының ШҚО филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген.

Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған №50-ші білім мекемесінде жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда инклюзия кабинеті, асхана, спорт залы, дәрігер кабинеті, үш шеберхана,  радиоорталық,  сенсорлық  бөлме, ата-аналарды қолдау орталығы, мұрағат, кітапхана, роботты техника кабинеті және зертханасы, акт залы, психологиялық қызмет және логопед кабинеті бар.

«AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында оқушылардың сапалы білім алуы үшін осындай заман талабына сай мектептерді көптеп салуға және білім сапасын артыруға басымдық берді. Сонымен қатар сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасындағы нысандардың құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапалы мерзімінде жүзеге асырылуын үнемі бақылауда ұстайды», - дейді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нуркенов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.