Диляра Қайдарова, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрайымы: Денсаулықты оңалтуға зор ықпал етеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жыл сайынғы Қазақ­стан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аспектілер өзекті мәселелерді көтергені белгілі.

Президент Жолдауда: «… Отандық денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік (МЖӘ) тетігі арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің озық шетелдік тәжірибесі біздің заңнамамызда толыққанды көрініс тапқан жоқ, бұл жобалардың тиімсіздігіне, бюджетке шамадан тыс жүктеме әкеледі. Жұмыс істеу тәсілдерді қайта қарау қажет, құйылған инвестицияларға тиісті тарифтерді ұсыну маңызды. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру салалары үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жекелеген нормативтер мен ережелерді қалыптастыруы керек», – деген болатын. 

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) біздің денсаулық сақтау жүйемізді дамытуда шешуші рөл атқарары сөзсіз. Бұл жерде жеке сектордың ресурстары мен тәжірибесін мемлекеттік тұрғыда қолдай отырып, бақылаумен тиімді үйлестіруге мүмкіндік беру деген сөз. Осы кезде барып ел азаматтары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен оның сапасын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз. 

МЖӘ озық технологиялар мен заманауи емдеу әдістерін енгізу үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Бұл күрделі денсаулық сақтау саласының ішінде, әсіресе онкология үшін өте өзекті болмақ. Жеке секторды тарту – жаңа медициналық мекемелерді құру және жабдықтау процесін жеделдетуге, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға көмектеседі, бұл пациенттерді емдеу нәтижелеріне тікелей әсер ететіні белгілі.

Бұдан басқа, МЖӘ сапалы медициналық көмекке қол жеткізудегі теңсіздікті азайта отырып, өңірлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді және орталық клиникаларға жүктемені азайтады. 

Айта кетейік, соңғы 8 жылда МЖӘ аясында онкологиялық көмек көрсету саласында заманауи медициналық объек­­­тілерді, оның ішінде ПЭТ/КТ орталықтарын, Алматы, Астанада, Қазақ­­­­стан өңірлерінде салу және жарақтандыру бойынша бірқатар жоба іске асырылды:

2019 жылы Orhun Medical медициналық компаниясымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-да ПЭТ/КТ орталығы пайдалануға берілді. 2022 жылы Шымкент қалалық онкоорталығында МЖӘ жобасы аясында ПЭТ аппараты, сондай-ақ пациенттерге жаңа буын сәулелік терапиясын жүргізу үшін заманауи сәулелік үдеткіш орнатылды.

2024 жылдың қыркүйегінде Орал қаласында Онкологиялық ауруларды инновациялық диагностикалау орталығы ашылды. Сондай-ақ МЖӘ аясында, өңірде заманауи КТ – симулятор мен сәулелік үдеткішпен жабдықталған Ядролық медицина орталығы ашылды. Жаңа орталықта медициналық көмек барлық пациентке Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде, Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін ғана емес, республиканың барлық тұрғыны үшін де тегін көрсетіледі.

Сондай-ақ қыркүйек айының ортасында Алматыда Қазақ онкология және радиология ҒЗИ (ҚазОРҒЗИ) базасында Онкологиялық ауруларды инновациялық диагностикалаудың екінші орталығы жұмыс істей бастайды. Аталған орталықтар онкологиялық ауруларды ерте анықтауды айтарлықтай жақсартады, бұл пациенттердің өмір сүру ұзақтығын қолдауға барынша мүмкіндік берері анық. Бұдан басқа, «Қазақмыс» корпорациясымен Талдықорған қаласында су жаңа онкологиялық орталық салу туралы келісімге қол жеткізілді. Талдықорғанда қазіргі заманғы онкологиялық орталықтың құрылысы Жетісу халқы үшін ғана емес, жақын маңдағы өңірлер – Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары үшін де өзекті болмақ. Жобаны іске асыру облыс әкімдігі Жетісу, Kazakhmys Holding ЖШС және Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі арасында қол қойылған үшжақты меморандумның арқасында мүмкін болады. Бұл аталып отырған игі істің барлығы Президент сөз еткен МЖӘ негізінде жүзеге асырылып отырғанын айта кеткен абзал. Ендеше Қазақстанның денсау­лық сақтау саласында МЖӘ-ні одан әрі дамыту медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал ететініне сенемін. Бұл бастаманың игілігі ел халқының денсаулығын оңалтуға зор әсер болары анық.