Оқушылар орманшының үйінде дәріс алып жүр

Ақмола облысында бірнеше білім беру нысанының құрылысы күні бүгінге дейін сағызша созылып жатыр. Соның салдарынан өңірдегі шалғай мектептердің бірінде оқушылар орман шаруашылығы мекемесінің ғимаратында оқуға мәжбүр.

Қазір облыс аумағында құрылыс жұ­­мыс­тары аяқталмай арты дау-дамайға айналған үш мектеп бар. Құрылыстың тым созылып кетуінен қажетті материалдардың бағасы шек­­­тен тыс қымбаттап кеткен. Салдарынан қарапайым шалғайдағы ауылдағы білім беру нысандарының құны бюджетке салмақ түсі­­ріп, тіпті элиталық мектептерден де асып кеткені анықталды. 

Дауға себепкер болған мектептер – Сан­­дықтау ауданына қарасты Петровка, Целиноград ауданының Жаңажол және Біржан сал ауданындағы Бұланды ауылындағы білім беру нысандары. Аталған мектептердің құрылысын салуға арналған келісімшарт осыдан үш жыл бұрын, яғни 2021 жыл­дың шілдесі мен тамызында «Ер-Қанат Сервис» мердігер компаниясымен жасалыпты. Алайда мердігердің сылбырлығы ма, әлде жергілікті атқарушы органдар мен тапсырыс беруші мемлекеттік органдардың жауапсыздығы ма құрылыс күні бүгінге дейін аяқталмаған. Бұл жоба құнының бірнеше есеге өсіп кетуіне себепші болған. Мәселен, Петровка селосындағы мектеп құрылысы 237 миллион теңгеге, Бұланды мектебі 363 миллион теңгеге, ал Жаңажолдағы білім орда­сы нысаны 231 миллион теңгеге қымбаттап шыға келген. Құрылысқа қажетті материалдардың қымбаттауынан тапсырыс беруші жергілікті құрылыс бөлімдері келісімшартқа жанама қосымша келісімдер жа­сауға мәжбүр болған. Тіпті, жобаның алғашқы келісімшартынан кейін тиісті қаражаттан асыра төленген сомадан бөлек тағы қосымша 17 бірдей келісім жасалған. Сондай-ақ техникалық қадағалауға 14 миллионнан 19 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінгені белгілі болды. 

Мұны кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер де жеріне жеткізе талдап, бюджеттің бүйірінен қанша қаржы «суырылғанын» санап берген. Талдаудың нәтижесінде бір оқушының орны 9 миллионнан 12 миллион теңгеге дейін жетіп жығылғаны белгілі болды. Бұл салыстырмалы түрде айт­қанда еліміздегі рейтингі жоғары әрі толықтай жабдықталған деп саналатын Назарбаев зияткерлік немесе Binom мектептерінен екі есе жоғары болып отыр. 

Жергілікті Құрылыс басқармасы жоба неғұрлым шағындау болса соғұрлым оның құны жоғарырақ болатынын айтады. 

– Орташа есептелген коэффициентте мектеп құрылысындағы бір оқушы орнын есептеуде жалпы сома орын санына бөлінеді. Мектеп неғұрлым үлкен болса соғұрлым арзанырақ шығады, – дейді Құрылыс басқармасы өкілдері. 

Сонымен құрылысы әлдеқашан «са­қалды» жобаға айналған мектептерге қайта оралсақ, жергілікті ауылдағы қауымдастық өкілдерінің тапсырыс беруші Құрылыс бас­­қармасына қояр сауалы көп. Құзырлы органның жобаның қалай жүзеге асып жат­қанын мүлде назарға алмағаны қайран қалдырады. Бірнеше жылға созылып кеткен құрылыс нысандарын осыған де­йін зерттегенімізде жауапты ведомство үнемі қаражат тапшылығы мен құрылыс материал­дарының күрт қымбаттап кетуін соның салдарынан жобаға түзетулер енгізуге мәж­­­­­­бүр болғанымен түсіндірген-ді. Алайда сырттай қарағанда құрылыс материалдары салынып жатқан нысан құрылысының созылып кетуінен қымбаттағаны айдан анық көрініп тұр. 

Сонымен жергілікті қауымдастық пен халықтың жіті назарға алып, желілерді шулатқан әрекетінен кейін Ақмола облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тапсырыс беруші органның «Ер-Қанат Сервис» мердігер компаниясын жосықсыз жеткізуші деп танығанын хабарлады. Жергілікті қоғам белсенділері мердігер компаниядан бюджет қоржынына 440 миллион теңге сомасын өндіру туралы талап арыз берілгенін жеткізді. 

– Құрылыс жобасы бойынша ірі заңсыз­дықтар болғанымен, құқық қорғау­шылар, өкінішке қарай, нақты шаралар жүргізбеді. Қоғамға қу құлқыны үшін жемқорлардың шулы түрде ұсталғаны ғана қажет емес қой. Жазасыз қалу заңсыз­дықтың туындауына себеп болмақ. Бұл жағдайда құрылыстың ұзаққа созылуының салдарынан жоба қым­­баттап кеткен. Яғни, бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалып отыр, – дейді қоғам белсендісі Самира Тайтенова. 

Жергілікті тұрғындар құрылыс басындағы мердігер компания ауыстырылғанымен бұрынғы жұмысшылар сол күйі жұ­­мыс істеп жатқанын айтады. Ал сағызша созылып аяқталмай қойған өңірдегі үш мектептің қашан аяқталатыны, соттың талап арыз бойынша қандай шешім шығаратыны жұмбақ. 

– «Ер-Қанат Сервис» мердігер компаниясымен келісімшартты біз осы жылдың шілдесінде бұздық. Сонымен қатар соттан осы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен өсімақы өндіру және оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арыз бердік. Бүгінде сот процестері жүріп жатыр. Сот шешімінің аяқ­талуын күтпестен біз конкурс жариялап жаңа мердігерді іздеп таптық. Осы үш нысанды да осы жылдың қарашасында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді БАҚ өкілдеріне Ақмола облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нияз Байғожин.

Оның айтуынша, бүгінде білім ордалары құрылысы нысандарында аумақты абаттандыру, қасбетін әрлеп әдемілеу сияқты ұсақ-түйек шаруалары қалған. Жабдықтарды жеткізушілермен келісіп, сатып алу жұмыстары басталып кеткен. Тапсырыс беруші осыған дейін болған қателіктердің енді қайталанбайтынын айтып ант-су ішкендей болды. 

– Енді ешқандай кешірім болмайды. Мердігер компаниямен барлығын бүге-шігесіне дейін сөйлестік. Бұдан әрі ешқандай түзетулер болмайды. Біз осы жылы мектептерді аяқтап, пайдалануға беруге тиістіміз. Осымен бұл мәселе түбегейлі жабылады, – дейді Нияз Байғожин. 

Сөзіміздің басында айтқандай, құры­лыс­тың тым сағызша созылып, тиісті ғимарат құрылысы аяқталмауының салдарынан өңір­­дің Білім басқармасы мектеп оқушыла­рын оқу процесіне сай жабдықталмаған ғимараттарда да жүргізуге мәжбүр болғанын айтты. Мәселен, Біржан сал ауданына қарасты Бұланды ауылының балалары күні бүгінге дейін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі уақытша пайдалануға берген орман шаруашылығы ғимаратында оқуға мәжбүр болған. Бұландыдағы апаттық жағдайда болған мектеп жайын біз өткен сандарымызда да көтергенбіз. 

– Әрине, өте өзекті мәселе. Біз жаңа мектеп құрылысының 2021 жылдан бері осылай созылып кетеді деп күтпедік. Ескі мектеп ғимараты апатты жағдайда деп та­ныл­ған. Мәселені шешу үшін екі нұсқа қарастырылды. Біріншісі едәуір тәуір болып көрінді. Біз оқушыларды елді мекенге ең таяу орналасқан Макинск мектеп-лицейі­не тасымалдап оқытуды ұйымдастыруды ұсындық. Арасы небәрі бір жарым шақырым ғана. Бұландыда оқушылар саны да бар-жоғы 80 баланы құрайды. Олар екі ауы­­­сымда оқып, түрлі оқу ғимараттарында комплектілеудің де қажеті болмас еді, – деді Ақмола облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов БАҚ өкіл­деріне. 

Алайда ауылдағы ата-аналар мен мұға­лімдер екінші нұсқаны жөн көрген. Сөйтіп, балалар мектепке лайық болмаса да бейімделген орман шаруашылығы ғимаратта оқу процесін жалғастырған. Өйткені олар да жаңа мектептің құрылысы дәл осылай тым ұзақ­­қа созылып кетеді деп ойламаса керек. Бұл орайда облыстың Білім басқармасы жыл сайын бірінші нұсқаға, яғни балаларды көрші ауылға оқытуға әр жыл сайын ұсыныс жасалғанын атап өтті.

– Орман шаруашылығы ғимараты расында да білім ордасының толыққанды мүмкіндіктерін бере алмайтыны сөзсіз. Бірақ біз әріптес ұстаздардың бөтен мектепке барғысы келмейтінін де түсінеміз. Балалар алғашқы тоқсанда осында оқуын жалғастырып, екінші тоқсанда жаңа мектепке көшеді деп үміттеніп отырмыз, – деп толықтырды Валерий Гамазов.

Қазір облыста 3 мыңға жуық орынға шақталған алты мектеп сонымен қатар «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде тағы 12,2 мың орындық 9 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, жыл соңына дейін олардың бесеуі пайдалануға беріліп, 1 740 бала жаңа мектепте білім нәрімен сусындамақ. Сонымен қатар Қосшы қаласы мен Степногорск қаласының іргесіндегі Бестөбе кентінде 300 орындық білім ордалары пайдалануға берілмек. Соңғы Бестөбе кентіндегі мектеп те «сақалды» құрылысқа айналған. Құрылыс жобасының кестеден тым кешеуілдеуіне байланысты облыс әкімі Құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіровке қатаң сөгіс те жариялаған. 

Сонымен құрылыс нысандарының жаппай мерзімінде аяқталмай сағызша созылып кете беруіне не себеп? Құзырлы ведомство бұл орайда еліміздегі мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы қайшылықтардың жұмысты жүйелі істеуге кедергі келтіретінін алға тартты. 

– Конкурс тұтас республика бойынша жарияланады. Менің білуімше, 1 қаңтардан бастап өзгеріс енгізіліп, конкурс тек өңір мердігерлерінің арасында ғана, яғни бізге белгілі жеткізушілермен ғана жүрмек. Іс жүзінде өзге аймақтан тапсырыстарды жеңіп алған мердігер компаниялар әдетте өте арзанға түсетін субмердігерлерді жалға алады. Өздері Құрылыс басқармасына мүлде келмейді. Осыдан кейін осынша ауқымды мәселелер туындайды, – дейді Нияз Байғожин.

Қалай десек те өңірде салынып жатқан 15 білім ордасына тапсырыс беруші осы Құрылыс басқармасы болып отыр. Қалған үш мектептің енді дау-дамайсыз тапсырылса екен дейсің. 

Өңірде басқа тапсырыс берушілермен де құрылыс нысандарында аса үлкен шу болғанын атап өту керек. Мәселен, былтыр ата-аналардың бірі Есіл қаласындағы С.Серіков атындағы мектепте сыныптар­дың суға толып жатқанын айтып ащы жанайқайын әлеуметтік желі арқылы біл­дірген. Есіл аудандық білім бөлімі жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен бұл жолы да жосықсыз мердігердің «бұйырғаны» болып шықты. Мектепті жөндеу жобасын со­нау Түркістан облысынан жеңіп алған «ГрадСтройСервис» компаниясы өңірде 28 бірдей білім беру нысандарын жөндеу жә­не құрылысын алып, «монополист» ком­­­панияға айналып шыға келген. Әрине, олардың көпшілігінде үлкен күрделі мәселелер туындағаны мәлім. 

Әлеуметтік желі арқылы тарап қоғам арасында ащы резонанс тудырған мектеп іс жүзінде сонау ІІ дүниежүзілік соғыс уақытында салынған болып шықты. Тапсырыс беруші жұмысшылардың қалай болса солай істеген жұмысы мен сапасыз құрылыс материалдарынан қайта істеу үшін тапсыруға мәжбүр болған. Мұнымен қоса, құрылыс жұмыстары төрт-бес мәрте мерзімі кешіктірілген. Өкінішке қарай, өздерінің мектебіне қайта оралғанымен мердігер компанияға екі жылдық жобаның аяқталмаған жұмысын тәмамдауға тура келеді. 

– Бұл компания расында да бізде 28 нысанның құрылысы мен реконструкциясы конкурсын жеңіп алған. Бұл рәсімдерге біз ешқалай ықпал ете алмаймыз. Жүйе адам­ның қатысуынсыз рейтингтік-баллдық жүйе­мен жүреді. Жобаның бір бөлігі екі жылдық. Яғни, жұмыс бірінші жылы басталып, екінші жылы аяқталады. Бір нысандар уақытында тапсырылып жатты. Бірақ көпшілігінде үлкен мәселелер туындады. Орын алған заң­бұзушылықтардан біз үлкен кінәрат жұмыстарын жүргіздік. Ақыры «ГрадСтройСервис» компаниясы 20 жобасынан айырылып, біз олармен келісімшарттарды бұздық, – дейді Валерий Гамазов. 

Өңірде бірқатар жоба бойынша сот істері әлі де жүріп жатқан болып шықты. Компания сот шешіміне шағым түсіріп, өзінің адал екенін дәлелдейді. Дегенмен ол әлі де болса жосықсыз жеткізушілердің тізімінде тұр. Яғни, комания үш жылға дейін мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды. Бірақ заңға сәйкес ол келісімшарт бұзылмаған жерде өз жобаларын аяқтауға құқылы. 

– Жосықсыз компаниялармен осындай келісімшарттарды үзу жұмыстарын жүргіздік. Бірақ бірқатар нысанда олар қайта қалып, сотта жеңіп кетті. Ақыры биыл олар Есіл қаласындағы С.Серіков атындағы мектепті қосқанда өздерінің сегіз жобасын аяқтайды. Бірақ «ГрадСтройСервис» компаниясында жаңа нысандар енді үш жыл ішінде болмайды, – деп түйіндеді Білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов. 

P.S. 

Қысқасы, өңірдегі білім беру нысандарындағы «сақалды» құрылыстар бір жағынан жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан, екінші жағынан мемлекеттік сатып алу заңындағы шикіліктерден болып жатқанын аңғару қиын емес. Дегенмен жауапты мемлекеттік органдардың сылбыр әрекеті де түйткілдің түйіні тарқатылмай жатқанына себепкер болатыны сөзсіз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы