Олжас Бектенов: Артық шығыннан бас тартып, бюджет қаражатын тиімді жұмсау керек

Мәселені қарау қорытындысы бойынша дауыс беріліп, нәтижесінде Жалпыұлттық жоспар жобасы бірауыздан қолдау тапты.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Премьер-Министр Олжас Бектенов ұсынылған Жалпыұлттық жоспар жобасы Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталғанын атап өтті.  

«Басты міндет – Жоспар іс-шараларын тиімді және уақытылы орындау. Үкімет пен әкімдіктер экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында белсенді шаралар қабылдайтын болады. Үкімет басшысы аталған жұмысқа сарапшыларды тарта отырып, жоспарда көрсетілген заң жобаларын уақытылы әзірлеу қажеттігін және терең талдау мен талқылау жүргізу керек», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы қаржыландыру мәселелерін де жете пысықтауды тапсырды. Артық шығындардан бас тартып, бюджет қаражатын бірінші кезектегі және стратегиялық мақсаттарға ғана бағыттау керек. 

Мәселені қарау қорытындысы бойынша дауыс беріліп, нәтижесінде Жалпыұлттық жоспар жобасы бірауыздан қолдау тапты. Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесіп, Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын Президент Әкімшілігіне енгізу тапсырылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.