Елімізде өндірілетін энергияның 70 пайызы көмірден алынады – Гүлмира Мұрсалова

Сарапшының сөзінше, экономикамызды, өндірісті дамыту үшін тұрақты стансалар салуымыз қажет.

Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова АЭС салуға қатысты пікір білдіріп, көпті алаңдатқан сұрақтарға YouTube платформасындағы AIQYN ютуб-каналында журналист Қайнар Жұмағожаға жауап берді, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сарапшының айтуынша, атом электр стансасы 24 сағат жұмыс істейтін жасыл энергетикаға жатады. Алайда қазіргі уақытта елімізде өндірілетін бүкіл энергияның 70 пайызы көмір жағатын кәсіпорындарда өндіріледі екен. Осындай энергетика нысандарының көбі өткен ғасырда салынған, тозығы жеткен, жаңарту жұмысы жүргізіліп үлгермей жатыр әлі ұдайы жөндеуді талап етеді. Тағы бер ескере кетер, жайлы нысандарды жаңғыртуға әлемдік қаржы институттары қаржы бөлмейді. Бұл әлемдегі экологиялық саясатқа байланысты. Олардың көмірқышқыл газы шығарындылары өте жоғары деңгейде. Қазір әлем көмірқышқыл газын шығаруды нөлге жеткізу жөнінде талап қойып отыр.

«Қазақстанда 2060 жылдарға дейін көмірқышқыл газын шығаруда бейтараптыққа жету мақсатында алдына қойып отыр.  Негізінде біз жасыл энергия саласында жаңартылатын қуат көздерін дамытып жатырмыз. Қазақстанда күн және жел, судан қуат өндіру стансалары жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта сондай 142 нысан бар. Алты айдағы нәтижеге қарасақ, елімізде өндірілген барлық энергияның 6 пайызы жаңартылатын қуат көздеріне берген. Бұл бағытты одан әрі дамыту жоспары бар. Сол үшін көптеген инвестициялық жобаларді іске асыру жоспарланып отыр. Алайда жаңартылатын энергия нысандарының қуат өндіруі тұрақсыз. Себебі жел жоқ болса, күн не су жоқ болса, электр қуаты жоқ», дейді Атом энергетикасы департаменті басшысының орынбасары.

Спикердің пайымынша, экономикамызды, өндірісті дамыту үшін тұрақты стансалар салуымыз қажет.

«Елімізде газбен жұмыс істейтін стансалар салу жоспарланып отыр. Алайда газдың да ресурсы шектеулі. Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облысында қуаты 1 000 МВт стансалар салынбақ. Қазіргі уақытта оған қаржылай және технологиялық мүмкіндік шектеулі. Айталық, бізде көмір қоры көп, оны жағып қуатқа айналдыратын кәсіпорындарымыз бар. Бізде газ қоры бар оны қуатқа айналдыратын жобалар қолға алынды. Сондай-ақ бізде уран қоры бойынша әлемде алдыңғы орында тұрмыз. Неге біз оны электр қуатын өндіру үшін пайдаланбаймыз? Кейбір мемлекеттер АЭС-ты пайдаланудан бас тартуда. Өйткені оларда уран жоқ», дейді Гүлмира Мұрсалова.

Чернобыль апатына кейін әлемде атом энергетикасына деген сенімсіздік пайда болғаны белгілі. Осы алаңдаушылыққа қатысты шенеунік өз пікірін жеткізді.

«Қазіргі уақытта әлемде 415 реактор жұмыс істейді. Оның көбі су+су реакторы, яғни үшінші буынға жатады. Қазақстан соның ішінде 3+ су+су реакторын таңдап отыр. Су реакторларында апат болған емес. Мысалы, Чернобыльде, Фукусимадағы апаттардан кейін қауіпсіздік жөнінде талаптар күшейтіледі. Ол талапта қандай технологияны дамыту керек екенін, қандай қауіпсіздік деңгейін көтеру үшін жасалар шаралар тізбесі нақтыланған. Мысалы,   Чернобыльден кейін реактор үстіне радиация бұлты таралуын болдырмас үшін арнайы күмбез салу қолға алынды. Фукусима  апатынан кейін электр қуаты болмай қалса да жұмыс істей беретін пассивті жүйелер енгізілді. Яғни, апат болса қуат қажетсінбей қауіпсіздік үшін суға толтыру, реактор жұмысын тоқтататын арнайы стержендер пайда болды. Өйткені цунами кезінде сорғыларды су басып, істен шыққан. Су+су реакторын өндіретін елдер қатарында АҚШ, Қытай, Корея, Франция, Ресей бар. Осылардың ішінде АҚШ-тан басқа мемлекеттер бізге ұсыныс беріп, шорт парағымызға енді. Біз талаптарымыздың ішінде тек қана дамытылған 3+ буынға жататын реакторы сұралған»,  дейді Гүлмира Мұрсалова.

Шенеуніктің айтуынша, мұндай реакторларды апат орын алу ықтималдығы 10 млн жылда 1 рет апат қана болуы мүмкін деп есептеліп болжанған. Ал  АЭС 60-80 жыл ғана істейді.

Тағы бір көпшілікті алаңдатқан сауал, «Қазақстан электр энергиясына қаншалықты зәру?». Оған жуап берген Гүлмира Мұрсалова еліміздегі бірқатар көрсеткіштерді мысалға келтірді.

«Қазіргі уақытта елімізде кешкі және таңғы жоғары тұтыну сағаттарында электр қуаты жеткіліксіз. Біз оны алдын ала жоспарлап, бірыңғай сатып алушы арқылы Ресейден  сатып алып жүрміз. Былтыр бүкіл тұтыну көлемі 115 млрд кВт сағат болды. 112 млрд кВт электр қуатын өзіміз өндірдік, қалғанын сырттан сатып алдық. Алты ай нәтижесіне қарасақ, 60 млрд кВт сағат болды, оның 1 млрд кВт-сын сырттан сатып алдық.  Осындай жағдайды болдырмау керек. Әрі жоғары тұтыну уақытында электр қуаты қымбат болады. Сондықтан біз өзімізді қамтамасыз етуіміз керек. Әрине, жасыл энергияға жататын қуат көздерінің барлығын қарастырып жатырмыз. Алайда өндіріске, экономикаға  тұрақты электр өндіретін АЭС-тан бізге қажет»,  дейді спикер.

Тағы бір ескерер жайт, өнімге салынатын салық өндіріске тікелей қатысты. Айталық, Қазақстанда өндірілген тауар Еуропаға жеткізілгенде оған трансшекаралық карбон салығы салынады. Біздің өніміміз бәсекеге қабілетті болу үшін оны өндіру кезінде жасыл энергетиканы пайдалануы тиіс.

Гүлмира Мұрсалова энергия тапшылығы еліміздің оңтүстігінде қатты сезілетінін жасырмады. Сондықтан оңтүстік аймақтарды қамтамасыз ету үшін АЭС алаңы сол жаққа жақын таңдалған.

Балқаш көлі жағасындағы Үлкен кентінде АЭС салыну мүмкін екені жиі айтылады. Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары әзірге Қазақстан нақты алаңды таңдамағанын атап өтті.

«Оны таңдау үшін еліміздің қолданыстағы заңдарды, Экология кодексі талаптарын, МАГАТЭ талаптарын ескеру қажет. Соған қолайлы бірнеше алаң таңдап алынады. Соның қайсысы жоғарыдағы талаптарға сай сол таңдалады. Егер нақты бір шешім қабылданса, сейсмикалық, геологиялық зерттеулер жүргізіп, сараптамалар тексеріліп, соның қорытындысы бойынша ғана алаң  таңдайды. Былтыр арнайы МАГАТЭ сарапшыларын шақырдық. Бірінші миссия Балқаш көлі маңында атом стансасын салуға жарамды деген шешім айтты. Айта кетерлігі, осы аумақ  электр қуатын тасымалдау желілеріне жақын»,  деді Гүлмира Мұрсалова.

АЭС салынса, ол өндіретін энергия қуатының бағасы тұрақты болмақ. Шенеуніктің сендіруінше, ядролық отынды тек 12 айда бір рет қана ауыстырады екен.

Тағы да оңайлы тұстар аз емес екен. Мысалы, АЭС секілді жоғары деңгейдегі нысан салынған соң, оның қуатын пайдаланатын жаңа кәсіпорындар пайда болады. АЭС-қа пайдаланылатын бөлшек және басқа да заттардың сапалы, өте жоғары әрі жақын жерде өндірілген болуы керек. Оған барынша елімізде өндірілетін тауарларды пайдалануға тырысады. Оны әзірлейтін жаңа кәсіпорындар пайда болады. Олар осы тауарларын экспорттай бастауы да мүмкін. Бұл экономикамызға кіріс әкелді.

Айта кететін жайт, құрылыс барысында 8-10 мың адам, ал станса пайдалануға берілгенде 2 мың адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Олардың 20 пайызы атом саласының мамандары, қалғаны энергетиктер, экономистер, гидро мамандар,  т.б.  Олар Қазақстанда дайындалады. Елімізде жоғары деңгейлі ядролық сала мамандары жеткілікті. Осы салаға қатысты мамандар Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Алматыдағы әл-Фараби атындағы университетте, Өскемендегі университетте, Семейдегі Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы университетте, сондай-ақ Мәскеудің ИМФИ филиалы ашылған, сонда оқиды. АЭС салушы тарапқа қажетті мамандарды дайындау жөнінде талап қойылады. Технология әкелуші тарап кейбір мамандарды өз елінде оқытуы мүмкін. Ал еліміздегі мамандар зерттеу реакторларында тәжірибеден өте алады.

Гүлмира Мұрсалованың мәлімдеуінше, елімізде атом саласы жоғары дамыған. Өскемен қаласындағы «ҚазАтомӨнеркәсіпке» қарайтын Үлбі металлургия зауытында 2021 жылдан бері ядролық отын дайындалады. Ол қазір экспортқа кетіп жатыр. Сондай-ақ елімізде ядролық зерттеу реакторлары жұмыс істейді. Алматы қаласының жанында Ядролық-физика институтында, Курчатовта ядролық ұлттық орталықта зерттеу реакторы жұмыс істеп тұр. Оларда  да ядролық отын пайдаланылады.