Ұйымдастырушылар аталған салтанатты іс-шара көрермендерсіз өткізілетінін айтты.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты көрерменсіз өтеді
Фото: gov.kz
2,078
оқылды

13 қыркүйек күні сағат 16:00-де Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты өтеді, – деп хабарлады Aikyn.kz.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпелі халықтардың этникалық спорты мен мәдени мұрасын насихаттау мақсатында құрылды. Алғашқы ойындар 2014 жылы Чолпон-Атада (Қырғыз Республикасы) өтті. Содан бері көшпелілер мәдениетінің жаһандық маңызын айқындаған шара екі жыл сайын өткізіліп келеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты барысында, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары құрметіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары және танымал қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Қарақат Әбілдина, Қайрат Баекенов, Гүлсім Мырзабек, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары: Марат Айтымбай, Мади Сыздықов және т.б. өнер жұлдыздары танымал эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармаларын орындайды.

Бұдан басқа, «Наз» мемлекеттік би театры және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы, «Қамбарқан» фольклорлы-этнографиялық ансамблі (Қырғыз Республикасы) және «Меломен» тобы қатысады.

Ұйымдастырушылар аталған салтанатты іс-шара көрермендерсіз өткізілетінін айтты.

"V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 13 қыркүйек күні аяқталады. Осы жылдың көктемінде бюджеттің қысқаруына байланысты, жабылу рәсімі хаттамалық форматта және көрерменсіз өтеді. Шараны қазақстандық жетекші телеарналардың тікелей эфирінен тамашалауға болады. Ойындардың жабылу салтанатына билет сату туралы ақпарат тарағанын ұйымдастырушылар назарға алып отыр. Осы орайда,  жабылу рәсіміне билет сатылып жатпағанын ресми түрде хабарлаймыз.  Кез келген жалған ақпарат алаяқтық болып саналады. Азаматтарды абай болуға шақырамыз. Өтініш, күмәнді ұсыныстарға алданып қалмаңыздар. Ойындардың жабылу рәсіміне тек спортшылар қатысады. Ал көрермен жинау мүлде көзделмеген", – дейді ұйымдастырушылар.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram арнасынан таба аласыз.