Ойы жүйрік болмай, журналистің қала­мы жүрдек болмайды. Біз білетін Серік Жан­болат әр кез ұшқыр ойын біліммен суа­рып, ізденістен іргесін ажыратқан емес.
Өз әлемі бар өзгеше қаламгер
414
оқылды

Бұл күнде қылп еткенді қиырдан ша­­­латын қыран Серікті балапан кезінен бі­летіндіктен, оның қанатын қатайтқан шы­ғар­машылық өрлеу жылдарының куәсіміз. Ал­бырт жастық кезеңді бірге кешкен за­мандасы, әріптесі ретінде айтайын, ай­на­ладағы әр құбылысқа сезімталдықпен қа­райтын сергектігі мен серілік мінезі сол шақ­тан-ақ бар Секең сол кездің өзінде-ақ өнер мен шығармашылықты қатар алып жүр­ді.

Әуелі университет қабырға­сында жүр­генде Қазақ теледи­дарының жастар редак­циясында студенттердің «Ақиқат» пікір­талас клубының тізгінін ұстады. Осы кез­ден бастап ол Кеңес үкіметі тұсында телеақпарат таратудағы әбден сіресіп қал­ған қасаң әдетті қақырата сөгетін жаңа жол іздеді. Жаңа идеясын жүзеге асырғанша жаны байыз таппайтын Серік университет­ті тәмамдай салысымен Қазақ рес­пуб­лика­лық телевизиясының «Жастар» бағдар­ла­масы редак­циясына редакторлық қыз­метке келді. Ол жай келген жоқ, жасын мінезі­мен жарқ етіп, тележурна­лис­тикаға жаңа леп ала келді. 

Бұл – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Бодандықтан бо­йын енді жиған елге ауыр кезең болатын. Қаламы ұшқыр журнал­ист, білікті маман Серік Жанболат еліміздің егемен телевизиясын, оның кейін ел мойындаған ұлт­тық бағдарлама­ларын қалыптас­тыруда, мемлекеттің бағ­дары мен әлеметтік-экономикалық даму саясатын халыққа жеткізуде аян­ған жоқ. 

Серік Жанболат жасындай жарқ еткен «Ар жастар студиясы»  осы күнге дейін ел есінде.

«Мұрагер» шығармашылық бiрлестi­гiне бас редактор орын­басары болып тағайындалған тұсында қазақ телевизия­сында үлкен бетбұрыс болған бағдарла­ма­лар жасады.  

Серік миллиондар бас алмай қараған «Әншi балапан», «Сиқыр­лы қазан» сияқты елiмiз­дегi бiрiншi телерадиомарафон сияқ­ты жобаларға үлкен үлес қосты. 

Ол өзі авторы және ұйымдас­тырушысы болған «Жiгiттiң сұлтаны», «Үкiлi үмiт», «Тай­бур­ыл» ат спорты және «Қазақтың Қажымұқаны», тағы басқа да тележоба түсі­р­ілімдері бүгінде еліміздің алтын қорына айналды.

Бұл тек саяси азаттық алған кезең ғана емес, еліміздің өз ақпараттық кеңістігін қалып­тастыру кезеңі болатын. Яғни, теле­арналар Кеңес заманын­дағыдай мемлекет­ке масыл болмай, нарыққа бейімделуі қажет еді.  Қазақ теледидарын нар­ыққа бей­iм­деу шарасы бары­сында «Бағдар» (түнгi ойын-сауық клубы) студиясы құры­лып, білікті маман, жас әрі идеяшыл ше­бер журналист Серiк Жан­болат «Бағдар» студиясының бас редакторының орынбас­а­ры болып бекiтiлдi. 

Серік Жанболаттың басқа журналис­терден айырмашылы­ғы, тілі шұрайлы қаламгер ғана емес, ол – мықты аналитик. Оның бұл қырына қызметтес бол­ған әріп­тестері қанық. Қандай да жобаны қолға алар­дан бұрын ол жан-жақты сараптап алғанды әдетке айналдырған. Секеңнің осы қасиетін  мойындаған сала басшылығы «Ақшам» ақпарат бағдарламасының ре­дак­торы қызметіне тағайындады. Сол тәрізді «Гала» ТВ студиясы НЭП бағдар­ламасының жүргiзушiсi әрi тілшісі ретінде шақырғанда да озық аналитик маман реті­н­де көзге түсті.

Телевизия саласында әжеп­тәуір тәж­і­ри­бе жинақтаған, теле­жур­налист ретінде толысқан Серік Жанболаттың  «Хабар» те­ле­арна­сына «Сәлем, Қазақ­стан» таңғы ақпараттық-сауық бағдар­ла­масының продюсерi қызметiне шақырылуы сол жылы ақпарат­тық бағдарламалар дир­ек­­циясы­на жүргiзушi, продю­сер, «Жетi күн» ақпар­аттық-сарап­тау бағ­дар­лама­сының редакторы әрi жүр­гiзушiсi қыз­меттерiн атқаруы оны кәсіби маман ретінде жаңа белеске көтерді.  Ол еліміздегі ең танымал журналистер қатарынан көрінді. Тіпті, ол осы кезеңде Мем­лекет басшысының жұрт­шы­лықпен тiкелей эфирдегi екi сағаттық жүздесуiн жүргiздi. Серіктің өз әлемі бар. Журналис­тік, продюсерлік, редакторлық қызметінен бөлек ол ел, жер тари­хына, ұлттық руха­ния­тқа қатысты іргелі істерге де белсене араласып, құндылықтарды құнт­тауға да өз үлесін қосты.   Нақтыр­ақ айтқанда, Үкiмет тапсырмасы­мен Семей өңiрiнде Абай, Мұх­тар, Шәкәрiм мұраларын жинау экспедициясын ұйымдас­тырды.

Бұдан бөлек, елге белгілі саз­гер, Бүкіл­одақтық фестиваль­дердің лауреаты әкесі Мейрамбек Жанболат пен аймақтың күміс көмей әншісі ретінде танылған анасы Үміт­кен Жәлелованың ізі­мен 70-ке жуық әнді дүниеге әкел­ген әуесқой композитор. «Шығысым менің!», «Семейім – ер­кем», «Шыңғыстау аруы» секіл­ді және тағы бас­қа көптеген әні үлкен сахнада орындал­ып жүргеніне ел куә. Туындылары­ның қай­сы­­сын алсаңыз да, отан­шылдықты оятатын ұлттық рух­тағы дүниелер. 

Серік Жанболат – елге таны­мал бас­па­сөз майталманы. Қазір қалай екенін білме­дім, бұрын журналистер арасында «теле­ви­зия саласында қызмет еткен жур­нал­ист газет журналисі бола ал­майды, болған күннің өзінде газет журналисінің деңгей­інде мақала жазуы, баспасөзге маш­ық­­тануы неғайбыл» деген пікір қалыптасқан. Серік осы пікірдің тас талқаннын шығар­ды.

Ол қазақ баспасөзі тарихында тұңғыш рет күнделікті ақпарат тарататын «Айқын» республи­калық қоғамдық-саяси газетiнiң іргетасын қалап, ұйымдастырып, жарыққа шығарды. Айналасы бір жылға толар-толмас уақыт ішінде «Айқын» газ­ет­­ін еліміздегі бас­пасөз айдынынан өз орнын ойып тұрып алған белді басылымға айналдыра алды. Қазір еліміздің бас газеттерінің бірі.

Көп ұзамай, «Алаш айнасы» респуб­ликалық қоғамдық-саяси ақпараттық газеті­нің редакция­сын жасақтауға кірісіп, 2009 жыл­дың басында ақпарат айдынына шығар­ды. Аз ғана мерзім ішінде басылым еліміздің ақпарат кеңіс­тігінде айрықша көзге түсіп, өз оқыр­мандарын тапты. 

Бұдан бөлек, Серік Жанболат жаңа заманда жаңғырған жур­налис­тиканың ІТ салаға өтуі бойы­нша да үлес қосып, tengrinews.kz және «Алаш айнасы» портал­дары­ның қазақша нұсқа­сын жасады.

Еңбек елеусіз қалмайды. Ел мүддесі үшін жасаған ерен еңбегі еленіп, талмай iзденетiн талант­ты журналист, бiлiмдi маман, бiлiктi ұйымдастырушы ретiнде таныл­ған Серiк Жанболат Президент сыйлығының, «Құр­мет» ордені­нің иегері, мә­дени­ет қайраткері, Қазақстан Журнал­ис­тері академ­ия­сының академигі атан­ды.

Бүгін 60-ты алқымдап отыр­ған Серік Жан­болат Тәуелсіз мемлекетіміздің заман­ауи баспа­сөзін қалыптастыруда үлкен ең­бек сіңірген  қаламгер, өзіндік қол­таңба­сы­мен өміршең дүние­лер туғызған тұлға.

Әділбек ҚАБА