Буллицид – соңғы он­жыл­­­дықта қолданысқа дендеп енген термин, жүйелі кибербуллинг немесе онлайн қудалау әрекеттерінен болатын суицид.
Баланы ерте бақыла
500
оқылды

Батыстың ғылыми әдебиетінде бұл терминді жалпы буллинг салдарынан болатын суицид деп түсіндіргенімен, бұған көбіне-көп кибербуллинг себепкер болаты­ны жиі айтылады. Ақ­па­рат­тық технология мен әлеу­меттік медианың дамуы қарқын алған сайын киберқауіпсіздік мәселесі де өршіп бара жатқаны, әсіресе балалар мен жас­өспірімдердің цифрлық тазалығы, дұрыс контент тұ­­тынуы қоғамның алаңын тудырып отыр.

Әлеуметтік медианы белсенді пайдалану дағдысы ересектермен қатар балалардың да күнделікті өмір салтына біртіндеп еніп кетті. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 2021 жылы ақпараттық-комму­­ни­ка­циялық технологияларды пайда­­­лану­­­шы­­­лар арасында 6-дан 15 жасқа дейінгі бала­­лардың үлесі 89,5% болған. Зерт­­­­­­теу­­ші­­­лер ба­­ла­­­лар арасындағы бұл көрсет­­кіш­тің күрт өсуін 2020 жылғы панде­­миямен бай­­ла­­ныстырады. Сәйке­­­сінше, әлеумет­­тану­шылар балалардың электронды құрыл­ғыларды белсенді қолдану тәжірибесін, мультимедиалық мазмұнның балалардың дамуына әсерін зерттеу керегін алға тартады. Қазақстан стратегиялық зерт­теулер инсти­­тутының сарапшылары 6 мен 15 жас ара­лы­­ғындағы балалардың интернетті пайдалану жиілігін зерттеген, олардың 67%-ы күніне ке­мінде бір рет әлеуметтік желіге кіреді, тек 7,8%-ы интернетті аптасына бір реттен аз пайдаланады. 

«Бүгінде балалар өздерінің дамуының алғашқы кезеңдерінде ғаламторды жиі қол­данады. Бұған көбіне ата-аналардың өздері белсенді ықпал етеді. Тәжірибе көрсеткендей, ата-аналар балаларды тамақ­тану кезінде цифрлы контентті тұтынуға бейімдеп, бала­ның көңілін көтеру үшін смартфон мен түрлі электронды құрылғыларды пайдала­нуды күнделікті әдетке айналдырады. Мектеп жа­сы­на дейінгі балалардың жағдайында гад­жет­терді пайдалану және цифрлы контентті тұ­тыну ата-ананың балаларды тәрбиелеуде заманауи технологияларды белсенді пайда­лану шешімімен тығыз байланысты. Бұдан гаджетті пайдалануда өз бетінше шешім қа­был­дай алмайтын және жеткілікті мәдени капиталы жоқ 6 жасқа дейінгі балалардың цифр­­лы контентті (мультфильмдерді) тұтыну мәселесі туындайды», – дейді әлеуметтанушы Әйгерім Ерболатқызы.

Әлеуметтанушылардың айтуынша, элек­тронды гаджеттердің, цифрлы медиа­ның, мульти­медиалық контенттің балалардың ин­­­теллектуалды дамуына психологиялық әсе­рін бағалаудың өзектілігі артып келеді. Цифрлы контенттің әсерін зерттеу психо­логия, медицина, педагогика саласындағы зерттеушілерді де, ата-аналардың өздерін де қызықтырады. 

Маманның пікірінше, бір жағынан, ар­найы мүмкіндіктері бар гаджеттерді жетілдіру мектеп жасына дейінгі балалардың техноло­гияларға жылдам бейімделу процесін жедел­детеді. 6-17 жас аралығындағы балалардың мульти­медиалық контентті белсенді тұтынуы қоғамның түрлі салаларын цифрландыру жағдайында балалардың цифрлы сауаты мен құзыретін арттыруға да көмектеседі. Соны­мен қатар көрсетілген жас аралығындағы ба­­­­­лалар арасындағы әлеуметтік медианы тұ­­тыну балалар үшін коммуникация мен әлеу­меттік байланыстарды қанағат­тан­ды­­­рудың негізгі құралы әрі әлеуметтену аген­­­ті рөлін атқарады. Егер дәстүрлі және ин­дус­триалды қоғамдарда балаларды әлеу­­меттендірудің не­гізгі агенттері әлеуметтік ин­ституттар (от­басы, білім, дін, дәс­­­­­­­түрлі БАҚ) болса, онда ақпараттық қоғам дәуі­ріндегі әлеуметтік медианы балалардың әлеу­меттенуіне ықпал етуші агенттер қата­рына жатқызуға болады. Балаларды гаджет­термен және мультимедиалық контентпен ерте таныстыру идеясын қолдамайтындар мұның жас ұрпақтың дамуына теріс әсерінің бар екенін алға тартады. Олардың пайымына сәйкес, балалар көбіне гаджеттер арқылы ақпарат (білім) алудың орнына смартфон­дарды сенсорлық әсер алу үшін қолданады. Сонымен қатар балалардың гаджеттерде кө­бірек уақыт өткізуі салдарынан олардың белсенді физикалық ойын әрекеттеріне уа­қытының тапшылығы байқалады. Бұл өз ке­зегінде бала дамуының, қоршаған ортаны тануының, белсенді әлеуметтік әрекеттесудің негізгі элементі ретінде қалыптасқан ойын функциясының цифрлы технологиялармен ығыстырылып бара жатқандығын көрсетеді. 

Әлеуметтік медиа платформалар әдетте қауіпсіз интернет кеңістігі баптауын және өз пайдаланушысы үшін этикалық ереже­­лерді сақтауды қамтиды. Оның әрқай­­­сы­сында заңсыз контентке, зорлық-зомбы­­лыққа, қор­қытуға, жеккөрушілікке және бас­­қа да жа­ғымсыз материалдарға тыйым салуды қамти­тын бірқатар ережелер мен нұсқаулықтар бар. Осы ережелерді бұзудың аккаунтты бұғаттау және заңды түрде жауап­кершілікке тарту секіл­ді салдары бар. Ере­­желердің бұзылған­дығын анықтау үшін контентті тексерудің автоматтандырылған және қолмен тексеретін әдістері қолда­ны­лады. Бұл жағдайда әлеу­меттік медиа плат­формалар шағымдар мен материалдарды мо­дерациялау саясатын жү­зеге асырады. Елімізде балалар ең жиі тұ­ты­натын үздік үштік – Instagram, TikTok және YouTube платформаларында деструктивті контентке шағым жасау қарастырылған, бірақ әлеу­меттік медиа платформада аккаунт, арна немесе парақшаны бұғаттау үшін пайда­ланушылар тарапынан 100-200 өтініш көле­мінде шағым тіркелуі қажет. Модерация сая­­­саты мен әлеуметтік медиа платфор­ма­лардың аккаунттарына шағымданудан бас­қа, қауіпсіздік жүйесі жас шектеулеріне қатысты талаптарды да қамтиды. Талаптарға сәйкес, платформа пайдаланушылары ке­мінде 13 жас­­­та болуы керек. Алайда қол­да­­­ныстағы талаптарға сәйкес пайда­ланушы кез келген жасты көрсете алады. Бұл өз ке­зе­­­гінде бала­ларға ата-аналарының бақы­лауынан тыс резервтік аккаунттарды құруға мүмкіндік береді. 

«Әрбір әлеуметтік медиа платформа ба­лалардың желідегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзінің бірегей мүмкіндіктері мен құрал­дарын ұсынады. Ата-аналар бұл құрал­дарды балаларының әлеуметтік медиа бел­сенділігін тиімдірек мониторингілеу мен ба­қылау үшін пайдалана алады. Мәселен, You­Tube-те − балаларға жарамсыз контентті сұрыптауға көмектесетін шектеулі режим, балаларға арналған бейне модерациясы кү­шейтілген және жас ерекшеліктеріне қарай балаларға арналған контентті автоматты түрде іріктейтін YouTube Kids жеке қосым­шасы, ата-ана бақылауы, мұнда балалардың ата-аналары немесе қамқоршылары бейнені көру және пікірлер қалдыру үшін шектеулер қоя алады, сондай-ақ баланың аккаунтын Family Link8 арқылы басқара алады. TikTok және Instagram-да – «Жеке аккаунт» функ­циясы, оның көмегімен ата-аналар баланың контен­­тіне шектеу қою мақсатында баланың аккаун­тын жабық режиміне өзгерте алады. Ата-аналарға пікірлерге, хабарламаларға жә­не із­деуге шектеу қоюға мүмкіндік беретін есеп беру функциясы. Баланың платфор­маларды пайдалануы туралы есеп беретін «Ата-ана ба­қы­лауы» функциясы. Балалардың әлеу­­меттік медианы пайдалануын түсінуге және бақы­­лауға көмектесетін ата-аналарға арналған оқы­ту ресурстары», – дейді Әйгерім Ербо­латқызы.

Қоғам белсенділері мен құқық қорғау ор­­­­гандарын алаңдатып жүрген тағы бір ау­қымды мәселе – интернет алаңында бала­лар­ды қудалау (буллинг). Қазіргі қоғам үшін адам құқықтарын білу, балалардың құқығын қор­ғау, оларды буллинг пен кибер­буллингтен сақтау өте маңызды. ЮНИСЕФ мәліме­тінше, әлемде 150 мил­­лион бала мек­­теп қабырға­сын­да және одан тыс жерде құрдас­тары тара­пынан зорлық көріп, қудалауға ұшырайды. Еліміздегі жағдай да мәз емес. Ұлттық қоғам­дық денсаулық сақтау орталы­ғының «Мектеп жасындағы балалардың ден­саулыққа қатысты мінез-құлқы» (Health behaviour in school-aged children) зерттеуіне сәйкес, 11-15 жас аралы­ғындағы әрбір бе­сінші қазақ­стандық жасөс­пірім әлім­жет­тіктің (бул­­лингтің) құрбаны не­месе қа­ты­­сушысы. 11-15 жас аралығын­­дағы жас­өс­пі­рім­­дер­дің 17%-ы айына бір не­ме­се одан да көп рет мек­­тепте әлім­­­жет­тікке ұшы­­ра­ған. Әлім­жет­тіктің құр­­бан­дары – ауыл оқу­­­шы­лары­мен са­лыс­­тыр­ғанда көбіне қала оқушы­­лары. Со­­­­ны­мен қатар зерттеу нә­тижесі 11-15 жас ара­­лы­ғындағы жас­өспі­рім­дердің 12%-ы кем де­генде бір немесе одан да көп рет кибер­­­бул­­лингке ұшыра­ғанын көр­сетті. Сон­дықтан әлеуметтік медиа мен интер­неттегі ки­бер­­­буллингтің алдын алу және болдырмау мәсе­­­лелерінде ата-ана­­­лардың құзыреттілігі маңызды. 

«Кибербуллинг адамға орасан зиянын тигізеді, оның үмітсіздік пен шарасыздық күйге түсуіне себеп болады. Кей кездері бул­линг кесірінен адамдар суицид жайында ойлап, өзіне қол жұмсауы мүмкін. Мемлекет бас­шысы өз Жолдауында азаматтарды, әсіре­се балаларды кибербуллингтен қорғау бо­йын­ша заңнамалық нормаларды қабыл­дауды тапсырды. Әйтсе де, тек заңмен бұл мәселе тү­бегейлі жойылмайды. Ол үшін бала тәр­биесі, буллингтің алдын алу бойынша бағдар­ламаларды енгізу, балалар мен жасөс­­пірім­дердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы тұр­­­­­­­ғы­­­да ұйымдастыру жөнінде жүйелі жұ­мыстар қажет. Сондай-ақ буллинг пен ки­бербуллинг құрбандарына қолдау көрсету қызметін дамыту маңызды. Кез келген бала, азамат өзіне, өзінің өміріне қауіп төнгенін байқаса немесе қорлауға ұшыраса, арнайы орындарға хабарласып, көмек сұрауға толық құқылы екенін білуі абзал», – дейді әлеумет­танушы Мадина Бектенова.

Еліміздің Үкіметі балаларды зорлық-зом­былықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамта­масыз ету бойынша 2023-2025 жыл­дарға ар­налған кешенді жоспарын әзірледі. Бұл бағ­дарламаның бір тармағы – ата-анасының рұқсатынсыз балаларға әлеу­мет­тік медиада тіркелуге тыйым салу. Мер­зімі бойынша бұл тыйым 2025 жылдың бірінші тоқсанында енгізілуі жоспарлануда. Бағдар­ламаның осы тармағына Мәдениет және ақпарат министр­лігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі жауапты. Бұл бастама аясында қоғам, әсіресе ата-ана­лар пікірі екіге жарыл­ды: қолдайтындар – қазіргі уа­қытта бала­лардың цифрлы сауатты­лығы төмен, әлеу­меттік медиа плат­­­фор­­ма­­­­­­­ларын пайда­лану барысында балалар түрлі қауіпті жағ­дай­ларға тап болуы мүмкін: бөгде адам­дар­­­мен хат алмасу, интернетте артық уақыт өткізу, сондай-ақ контенттің эмоцио­­­налды және психоло­гиялық күйге теріс әсе­­­­рін алға тар­та­­ды. Ал қарсы топ бұл шара­ның тиімді емес­­тігін, балалар әлеу­меттік медиа плат­фор­­­маларына тіркелудің басқа әдісін та­­ба­тын­­­­дығы­мен түсіндіреді.

Айдана НҰРМҰХАН