Қазақстан ұлттық құ­ра­масының спорт­шылары Дүние­жүзі­лік көшпенділер ойын­дарының бесін­ші кү­нін­де де көш бастап, ал­дыңғы қатардан кө­рін­ді.
Дүбірлі додада дес бермедік
609
оқылды

Қатысушылар бес алтын, жеті күміс, екі қола медаль жеңіп ал­ды. 89 елдің спортшылары бәсекелескен спорттық жарыс кеше өз мәресіне жетті. Спорт­­шылар соңғы жарыс кү­ні бəйге, теңге ілу, құсбегілік, ордо және ман­галадан сайысқа түсті.

Ұлттық құраманың нәтижесі зор

12 қыркүйек күні спорттың 8 тү­рінен сайыс ұйымдастырылды. Оның ішінде «Қазанат» ип­под­ро­мын­да көкпардан алтын сарапқа са­лынды. Бірінші таймда қырғыз көк­паршылары 3:1 есебімен алда бол­ды. Екінші кезең басталғанда Қа­зақстан құрамасы қатарынан 2 са­лым, есепті теңестірді. Есеп бо­йын­­ша, екінші кезең тең ойынмен, яғ­ни 4:4 есебімен аяқталды. Қо­сым­ша берілген 10 минутта ко­ман­да капитаны Құрманбек Тұрғанбек са­лым салып, 5:4 есеппен қазақ көк­паршылары жеңімпаз атанды. Айта кетейік, Ресей көкпаршылары Дүниежүзілік көшпенділер ойы­ны­ның қола жүлдегері атанды. Үшінші орын­ға таласта ресейлік шабан­доз­дар Түркияны 8:2 есебімен жеңді.

Ал қырғыз халқының ұлттық ойы­ны көк бөріден Қырғызстан ко­мандасы Дүниежүзілік көш­пен­ді­лер ойындарының чемпионы атан­ды. Финалда Қазақстан мен Қыр­­­­­­­ғызстан құрамалары кездесіп, бақ сынасқан еді. Нәтижесінде, 10:4 ұпаймен Қазақстан командасы есе жіберіп, Қырғызстан командасы «алтын» жүлдесін қанжығалады. Ал қа­зақстандық шабандоздар көк бө­рі ойындарында күміс жүлдені ие­лен­ді.

Ат спортына жататын ойынның бірі – теңге ілу. Бұл ежелден келе жат­қан көне ұлттық ойын. Биылғы кө­шенділер ойынында теңге ілу сайысына 13 мемлекеттен 31 спорт­шы қатысты. Жарыстың бесінші кү­нінде теңге ілудің «Бес белес» сти­лінен алтын жүлде қазақстандық спортшы Бекнұр Серіковке бұйыр­ды. Екінші орынға моңғол спорт­шы­сы Айболат Ұнатқан жайғасса, үз­дік үштікті қырғыз Әділбек Кен­же­бекулы түйіндеп отыр. Ал жа­рыс­тың соңғы күні спортшылар «қос құлаш» бойынша бақтарын сы­нады. Нәтижесінде, «қос құлаш» бойынша Рахат Қамбаров алтын ме­даль жүлдегері атанса, Бақыт Төл­тай «жеті құс» стилінен алтын жүл­деге ие болды.

Сонымен қатар V Дүние­жү­зі­лік көшпенділер ойын­да­рын­­дағы Қазақстан құрамасы ман­гала ойыны бойынша қо­ры­­­­тындыны жақсы нәтижелермен аяқтады. Би­ғали Зкрияев пен Құндыз Есір­кеп алтын жүлде тұғырынан кө­рін­се, Айкерім Қуанышбекова мен Азамат Қайдаров қола медальға қол жеткізді. 

Этноауыл маңында өткен бәй­геге барлығы 27 шабандоз қатысты. Соң­ғы айналымда 7 ат қана қалды. Ойын жеті түрлі шақырым қа­шық­тықта өтті. Қазақстандықтар бұл жа­рыс түрі бойынша 11 медальға ие бол­ды. Соңғы екі күнде өткен 18 ша­қырым қашықтықтағы топ бәй­геде сынға түскен сәйгүліктер ара­сында жүлделі орындар Қазақ­стан жүйріктеріне бұйырды. Мәре сы­зығын бірінші болып Бақтыбай Сер­жанның Холлибой сәйгүлігі кес­се, екінші болып Арнат Мұрат­хан­ның Зымыран жүйрігі мәреге жет­ті. Ал 25 шақырымға жалғасқан ала­ман бәйгеде де қазақстандық үш тұл­пар жүлделі орындарды иеленді. Мә­ре сызығын бірінші болып Аң­сар Арыстанбектің «Айқабақ» жүй­рі­гі кесті. Хамза Аманкелдінің «Жұ­­­­­мыртұяқ» тұлпары екінші бо­лып келсе, қырғызстандық Нұрел Элесов «Қара қыз» сәйгүлігімен үш­тікті түйіндеді. Қазақстан қор­жы­нында бір алтын, бір күміс бар.

«Арғымақ» ат-спорт кешенінде дәс­түрлі садақ ату жарысы өз мә­ре­сіне жетті. Командалық сайыста Қа­зақстан құрамасы Аустралиядан кел­ген садақшылардан 2:3 есебімен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Са­­дақшылар көшпенділер ойын­да­рын бір алтын, екі күміс, бес қола жүл­демен аяқтады. Одан бөлек, Жақ­сылық Үшкемпіров атындағы Жек­пе-жек сарайында татар хал­қы­ның көне ұлттық белбеу күресі көрәштен ерлер арасында төрт сал­мақ дәрежесі бойынша өткен жа­рыс­та Біржан Шаймерденов (90 ке­лі) алтын жүлде алса, Әділет Шал­ғынбекұлы (64 келі) мен Нұр­дәулет Жарылғапов (100 келіден жо­ғары) күміс жүлдеге ие болды. Бекнұр Бектай (75 келі) қола жүлде алды.

«Алау» мұз сарайында өткен тү­рік халқының ұлттық күресі ашырт­малы аба гюрешінен бес сал­мақ дәрежесі бойынша жарыс өтті. Қа­зақстандық үш бірдей спортшы күміс жүлдеге ие болды. Олар Ер­нұр Сүлеймен (60 келі), Әділет Ах­­­­метғали (70 келі), Айдос Ғалы­мов (90 келі).

Батыс Африка халықтары­ның зияткерлік ойыны ова­риден жарыс «Думан» қонақүйі жә­не спорт кешенінде өтті. Бәсе­ке­де қа­зақ­стандық Әсел Далиева ал­тын жүл­де алса, Аңсаған Қо­жанә­сіп қо­ла жүлде иеленді.

Көшпенділер ойындарының алғашқы құсбегілері 

Құсбегілік – көш­пенділер өмі­рі­нен берік орын ал­ған өнер және қа­­зақ­тың қа­нына сің­­ген көне дә­с­­­түр. Бұл ал­дың­ғы төрт Дүние­жү­зі­лік көш­пенділер ойындары­ның бағ­дар­ламасына енбеген еді. Яғни, аталған спорт түрі бойынша Астана төрінде дода та­рихындағы алғашқы жүлде­герлер анықталды. Құсбегілік көш­пелі халықтардың дәстүрі, мә­дениетімен астасып жатыр. Сон­дық­тан ойындағы басты талаптың бірі – саятшы­лардың киімі құсбе­гі­лік талап­тарына сай келуі керек. Сай кел­меген жағдайда ұпай ше­гері­леді. Іріктеу және финалдық ке­зеңдері этноауылда өтіп, мә­ре­сіне жетті. Ұлттық құрама спорт­шы­лары бүр­кіт, қаршыға және сұң­қар салудан бәсекеге түсіп, ел қор­жынын тағы да жүлделі орын­дар­мен толық­тырды. 

Дүбірлі додада «Құсбегілік» ұлт­тық спорт түрінен жа­рыс­тар бүркіт салу, қаршыға салу жә­не сұңқар салу атты үш түр бойын­ша өтті. Екі күн қатарынан өт­кен жарыс тартысты доданың қо­рытындысы бойынша ұлттық құра­ма құсбегілері 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді қанжығаларына бай­лады. 

Атап айтқанда, «Ителгі салу» бойынша алтын және күміс жүл­де­лері қырғызстандық Бақыт Ша­мұра­т­ұлы мен Түгелбай Әбдіқа­дыров­қа бұйырса, қола медаль ие­гері болып ұлттық құрама мүшесі Бақдәулет Бабажан атанды.

«Бүркіт салу» санатында бірін­ші орынды ұлттық құрама мүшесі Се­рік­бек Күнтуған Алғыр құсымен ие­ленді. 2 жаттығу бойынша өткен тар­тысты бәсекеде екінші орынға Заң­ғар құсымен Ерзат Байқадамов шық­са, қола медальді құсбегі Ар­ман Қошқаров «Нарын» атты бүр­кітімен еншіледі. 

«Қаршыға салу» санаты бойын­ша бірінші орынды Най­зат­ұяқ құ­сы­мен астаналық Құдайберген Рауилұлы жеңіп алса, екінші орын­ға Қырғызстан спортшысы Ади­ль­бек Құдайбердиев Қарамоншақ құ­сымен жайғасты. Ал ұлттық құ­ра­­­­мамыздың тағы бір спортшысы Бағдат Кеуенов Сомбалақ қар­шы­ға­сымен қола медаль иегері атанды. Айта кету керек, жаһандық жарыс­та құсбегілік спорт түрі бойынша 10 мем­лекеттен 42 спортшы қа­тыс­ты. Отан­дық 9 құсбегі ел на­мысын қор­­ғады.

«Сарыарқа төрін апта бойы дү­бір­ге толтырған көшпенділер ойы­нын­да құсбегілеріміз ерекше ойын өр­негін көрсетті! 9 ме­даль­дің 6 тү­рін отан­дық құс­бегілер олжалады. Атап айт­қанда, 2 алтын, 1 күміс, 3 қола ме­­дальді жеңіп алдық. Дәс­түр­лі ме­дальдар мен қаржылай сый­лық­тан бөлек, бүркітшілер сайы­сын­да топ жар­ған­дарға біздің фе­дерация демеу­шілер есебінен екі бір­дей көлік және қосымша ақ­шалай сыйлықтар табыс етті. «Спорт­тың басты мис­сиясы – ха­лық­тар достығын нығай­ту» деп Пре­­зидентіміз атап өт­кен­дей, көш­пен­ділердің бірлігі арта берсін», – деді Республикалық Құсбегілік фе­де­рациясының президенті Берік Уәли.

Төрткүл дүние көз тіккен V Дү­ние­жүзілік көшпенділер ойыны өз мәре­сіне жетті. 21 спорт түрінен тар­т­ысқа түскен 89 ел спортшы­ла­ры­­ның ішінде ұлттық құрама спорт­шылары көш бастап, ойынды 114 ме­дальмен аяқтады. Қазақстан үле­сіне 43 алтын, 34 күміс, 37 қола бұйыр­ды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ