Степногор қаласында 17 жастағы жасөспірім жоғалып кеткен. Ақмола облысының полицейлері оны бірнеше күн бойы іздеп, шахтадан тапты. Осы уақыт бойы ол алтын іздеп жүрген, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Степногор қалалық Полиция басқармасына 16 қыркүйекте жеткіншектің жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Бала 13 қыркүйектен бері сабаққа бармаған соң мұғалімдер дабыл қаққан.
– Полиция қызметкерлері дереу қажетті жедел және іздестіру шараларын бастады. Жоғалған жасөспірімнің таныстарының шеңбері құрылды, ата-аналары, жақын туыстары мен достары арасында сауалнама жүргізілді, – деп полицейлер іздеу мәліметтерін бөлісті.
Тәртіп сақшылары жасөспірімнің Бестөбе ауылының аумағында екенін анықтап, шахтаның төменгі көкжиектеріне түсіп іздеген.
– 17 қыркүйекте кәмелетке толмаған баланың орналасқан жері анықталды және ол туыстарына аман-есен берілді. Жас жігіт алтын табу үшін шахталарға түскенін түсіндірді. Жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмағанды тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін әкімшілік хаттама жасалды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағанның өзі күзетілетін объектіге заңсыз кіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Ақмола облысы ПД.