«AMANAT» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Жетісу облысындағы «Қызылжар» өндірістік кооперативі ұжымымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек Жетісу облысы, Кербұлақ ауданындағы «Қызылжар» өндірістік кооперативі ұжымымен кездесіп, АЭС құрылысы еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық даму стратегиясындағы маңызды элемент бола алатындығын талқылады.
– «Соңғы кездері энергия тапшылығы туралы мәселе жиі қозғалып жүр. Жылдан-жылға халық санының көбеюі, жаңа кәсіпорындардың ашылуы, жалпы экономиканың өсуі электр энергиясының тұтыну көлемін айтарлықтай арттырды. Сондықтан ғaлымдap, сарапшылар мен мамандар елімізде атом электр стансасын сaлудың қaжеттігін aйтып oтыp. Атом электр станциясын салу зaмaнның тaлабы. Aлпaуыт eлдep энeргияны осы дүниеден aлып, қoлдaнып oтыр. Oл біздің eлгe дe кeрeк», – дeді Мәжіліс депутаты Болат Бақбергенұлы.
АЭС-тің бой көтеруі нәтижесінде болашақта энергия көздерінен ешқандай кедергіге тап болмасымыз анық. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындары құрылып, аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік аламыз. Бұл жайында кездесуге қатысқан штабтың басқа да мүшелері айтып өтті.
Қазақ егіншілік саласының мамандары АЭС салуды қолдайды
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұжымымен кездесті.
Іс-шарада елдің энергетикалық қауіпсіздігі, болашақта атом электр станцияларының рөлі және ауыл шаруашылығы саласына энергияның әсері талқыланды.
Халықтық штаб мүшесі Меруерт Молдашева өз сөзінде еліміздің энергетикалық секторында қалыптасқан жағдай мен болашақтағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады.
Оның айтуынша, Қазақстанда жалпы қуаты шамамен 24,6 ГВт болатын 222 электр станциясы жұмыс істеп тұр. Олардың 66%-ы көмірден энергия өндіреді. Бірақ бұл көздер ескірген және экологиялық талаптарға сай емес. Биыл елде энергия тапшылығы 2,4 млрд кВт/сағ құрап отыр, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,3 млрд кВт/сағ-қа жетуі мүмкін. Сондықтан елдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС салу мәселесі күн тәртібінде тұр.
«АЭС салу Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, экономикалық өсімнің жаңа кезеңіне жол ашады. Сонымен қатар, бұл экологиялық таза және тұрақты энергия көзі болмақ. Жаңартылатын энергия көздері – күн, жел, су – әлі де болса тұрақсыздық танытып, толық көлемде елдің энергия сұранысын қанағаттандыра алмайды», – деді Меруерт Молдашева.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Шолпан Бастаубаева да өз пікірін білдірді. Ол ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы үшін сенімді энергия көздерінің қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдегі ауыл шаруашылығының энергетикалық қажеттіліктерін жабу үшін қосымша қуат көздері қажет, ал АЭС мұндай қажеттілікті қамтамасыз етуге қабілетті.
«Ауыл шаруашылығы тек табиғи ресурстарға емес, сонымен қатар, тұрақты энергияға да тікелей тәуелді. Қазақстандағы ірі суармалы егістік алқаптарын тиімді пайдалану, өнімді сақтау, қайта өңдеу және тасымалдау үшін сенімді энергия көзі қажет. АЭС бізге тек тұрақты энергияны ғана емес, сонымен қатар, болашақта технологияларды дамыту арқылы өндірістік тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан мен атом электр станциясын салуды қолдаймын», – деді Шолпан Бастаубаева.
Қатысушылар АЭС салу арқылы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайту, ауыл шаруашылығы мен басқа да салалардың тұрақты дамуына жол ашу мәселелерін жан-жақты талқылады. Халықтық штаб осындай кездесулерді жалғастыру арқылы қоғамды АЭС жобасы туралы ақпараттандырып, алдағы референдумда ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауға шақыруды көздеп отыр.
Қазақстан темір жолы саласының қызметкерлері АЭС маңыздылығын талқылады
АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штабтың мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлан Саиров және Ұлықбек Тұмашинов Қазақстан темір жолы саласының қызметкерлерімен жүздесіп, елімізде АЭС салудың маңыздылығын талқылады.
Бұрынғы атом электр станцияларына қарағанда қазіргі АЭС-тің технологиялары мен қауіпсіздік талаптары айтарлықтай жақсартылған. Сондықтан қазір АЭС – энергия көзін алудағы ең қауіпсіз әдіс.
«Бүгінгі таңда елімізде әлі шикізатқа тәуелділік бар. Экономикалық даму болу үшін біз шикізатқа тәуелділіктен арылуымыз керек. Ол үшін жаңа технологиялық циклға өтуіміз қажет. Міне, атом электр станциясы Қазақстанның экономикасын жаңа технологиялық циклға өткізу үшін қажет. Өйткені АЭС құрылысы салынғаннан кейін оның айналасында жаңа экономикалық инфрақұрлым еліміздің эканомикасын жаңа деңгейге көтереді», – дейді Республикалық халықтық штабтың мүшесі Ерлан Саиров.
Халықтық штабтың өкілдерімен сала сарапшылары жиынға қатысушыларға 6 қазанда өтетін референдумға қатысып өз таңдауын жасау қажеттігін жеткізді.
«Қазанның 6 күні өтетін референдумға келіп өздеріңіздің азаматтық көзқарастарыңызды білдіру маңызды. АЭС салу мәселесін референдумға шығарудағы басты мақсат шешімді халықпен бірге қабылдау», –деді Ұлықбек Тұмашинов.
Сонымен қатар жиынға қатысқан «Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамы ғылыми орталығының басшысы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Манарбек Қылышқанов АЭС бойынша бірқатар нықты дәйектер келтіріп қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.