Қытай әскері көрінбейтін ұшақтарды табу үшін Starlink спутниктерін пайдаланады

Starlink спутниктерінен шығатын сәулелердің көмегімен көрінбейтін ұшақтарды анықтауға болады. Бұндай әдіс көрінбейтін дрондарды қолданып сәтті сыналған.

Aikyn.kz осы жаңалықтың физикалық сипатын bgr.com сайтына сүйеніп түсіндіреді.

Америкалық құпия әскери ұшақтарды табу дәлелденсе Пентагонға қиын болады. Фото ixbt.com сайтынан алынды. Авторлығы: Midjourney нейро-желісі

Қытай ғалымдары америкалық Starlink спутниктерінен шығатын сәулелердің көмегімен әуе қорғаныс радарларына көрінбейтін ұшақтарды анықтауға болатынын мәлімдеді. Бұл әлемдегі екі қарсыластың әскери бәсекесіндегі қызықты жағдай. Егер қытайлық ғалымдардың жаңалығы бүгінге дейін көрінбейтін болып келген америкалық құпия әскери ұшақтарды табуда дәлелденсе, онда Пентагон қиын кезеңдерді бастан кешіретін болады. Бірнеше миллиард доллар тұратын көрінбейтін әскери ұшақтар тиімсіз болып қалуы мүмкін.

Ұшу аппаратының пішініне, өлшеміне немесе беткі материалына қарамастан көрінбейтін жасырын ұшақтарды анықтауға болады. Фото havkar.com сайтынан алынды

Қытайлық зерттеушілер Journal of Signal Processing журналында жариялаған мақаладан олардың дұрыс бағытта екенін айтуға болады. Мақалада зерттеушілер эксперимент түрінде жасырын ұшақтың орнына DJI Phantom 4 Pro дронын қолданып, оның орнын, ұшу бағытын анықтау үшін Starlink спутниктері шығаратын сәулелерді қалай пайдаланғаны туралы егжей-тегжейлі баяндалған.

Зерттеушілер Жерді айналып ұшып жүрген 6517 (бұл сан жыл сайын көбеюде) Starlink спутниктері шығаратын сәулелерді бақылау үшін жердегі радарды пайдаланғанын айтады.

Бұл сәулелер ғалымдарға радарлардан көрінбейтін етіп жасалған дронды анықтауға мүмкіндік берген. Зерттеушілер бұл әдіс ұшу аппаратының пішініне, өлшеміне немесе беткі материалына қарамастан көрінбейтін жасырын ұшақтарды да анықтау үшін пайдаланылуы мүмкін деп санайды.

Мыңдаған Starlink спутниктері Жер бетін осылайша торлап алады. Фото telesputnik.ru сайтынан алынды

Бұл, әсіресе, америкалық әскерилер үшін алаңдатарлық жаңалық екені анық. Өйткені америкалық Starlink спутниктері америкалық әскери ұшақтарды анықтауға қолданылуы әскери басымдық, әскери құпия мен экономикалық шығындар тұрғысынан Пентагонға үлкен соққы болуы мүмкін.

Қытайлық зерттеушілердің тәсілін енді АҚШ-тың басқа да қарсыластары қолдану арқылы америкалық мақтаулы әуе күштерінің тиімділігін жоққа шығара алады. 

Шағын және әскери радарларға көрінбейтін жасырын ұшу аппараттарын анықтау Қытай әскеріне болашақ ұрыс алаңында әлеуетті артықшылық береді.

Көптеген елдер, оның ішінде Қытай да бар, соғыста ұшқышсыз ұшақтарды қолдануға басымдық беретіндіктен, олар қазір тіпті автоматты қарулар орнатылған роботтарды сынақтан өткізуде.

Бұл жерде бір сұрақ туындайды. Қытай Starlink спутниктері арқылы көрінбейтін  ұшақтарды анықтау дәлдігі қандай? Мұның бәрі спутниктердің жердегі нысанаға сәулелер мен сигналдарды қалай шығаратынына байланысты. Көрінбейтін жасырын ұшақтар радарларға көрінбейтіндей етіп жасалғанымен, олар әуеде ұшып бара жатып спутниктер шығаратын сигналдарға кедергі туғызады.

Дәл осы туғызылған кедергілерді арқылы қытайлық ғалымдар көрінбейтін ұшу аппараттарының жылдамдығын, көлемі мен ұшу бағытын бақылау әдісі ретінде пайдаланғысы келетін сияқты.

Қазіргі уақытта бұл әдіс тек дрондарда және салыстырмалы түрде төмен биіктікте ұшатын аппараттарда сынақтан өтті. Дегенмен Starlink спутниктері әлдеқайда үлкен, анықталуы қиынырақ ұшақтарды бақылауды жеңілдету үшін жеткілікті сәуле шығара ма, негізгі проблема осы болуы мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.