Жиынға қатысушылар еліміздің мектептерінде 11 жастан бастап барлық қыз балаларға папиллома вирусына қарсы вакцина салу мәселесін талқылады. Сондай-ақ бұл вирустың жатыр мойны обырын тудыратыны туралы халық арасында ақпараттың аздығы мен түсіндіру жұмыстарының жоқтығына тоқталды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам папиллома вирусы – кең таралған инфекция. Адамда папиллома вирусының 100-ден астам түрі кездессе, олардың 14-і онкогенді, яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Дәрігерлердің айтуынша, ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы осы вирус екенін дәлелдеген. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын әлемде 300 мыңға жуық әйел осы аурудан көз жұмады және инфекциядан қорғанудың жалғыз тиімді әдісі – вакцинация. АҚШ пен Аустралия сияқты елдер жасөспірім қыздарға иммундау бағдарламаларын 15 жылдан астам уақыт бұрын енгізді. Вакцинацияның экономикалық тиімділігі көптеген зерттеуде дәлелденген. Вакцина – АПВ салдарынан болатын ауруларды және өлімді 70%-дан 97%-ға дейін төмендетеді. Қазір әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда АПВ-ға қарсы вакцина қолданылады. Ал халықаралық ғылыми зерттеулер жатыр мойны обыры қатерлі ісік дерті түрлерінің ішінде екпе арқылы толықтай алдын алуға болатын жалғыз дерт екенін дәлелдеген.
Жалпы, елімізде алғаш 2013 жылы 12-14 жас аралығындағы қыздарға АПВ-ға қарсы екпе салу пилоттық жоба ретінде қолға алынып, кейін 2015 жылы тоқтатылған-ды. Биыл Үкімет Денсаулық сақтау министрлігі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, тек ата-анасының келісімімен 175 мың қызға екі дозамен екпе салуды жоспарлап отыр. Вакцина сатып алуға 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, оған 351 мыңнан астам доза мөлшерінде вакцина сатып алынған.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде жыл сайын жатыр мойны обырына 2 000-ға жуық әйел шалдығады және 600-ден астам әйел бір жылда осы аурудан көз жұмады. Яғни, күн сайын жатыр мойны обырын жұқтырған 5 жағдай анықталса, күніне 2 әйел осы дерттен қайтыс болады. Ал 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісік патологиялары арасында жатыр мойны обыры 2-орында тұр.
– Адам папиллома вирусына қатысты Оңтүстік өңірде, оның ішінде Жетісай, Түлкібас, Сайрам аудандарында болдым. Тұрғындарды АПВ вирусына қарсы вакцина әрі оның қалай өтіп жатқаны қызықтырады. Вакцина деген сөздің өзін қазір көп адам басқаша қабылдайды. Оларды «Бұл қандай вакцина? Құрамы қандай? Соңы қандай болады екен?» деген сұрақтар мазалайды, – деді Астана қаласы мәслихатының депутаты, журналист Ләйлә Сұлтанқызы.
Сондықтан халық арасында АПВ инфекциясы жөнінде және оның алдын алу үшін екпе салудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек дейді мамандар. Бұған дейін Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарова оқушыларды жаппай вакцинациялау үшін АҚШ-тың көпвалентті вакцинасы таңдалып отырғанын хабарлаған болатын.
30 жылдық тәжірибесі бар онкогинеколог Бақытжан Әлібекованың айтуынша, бұл вакцина инфекцияның алдын алуға көмектеседі және аурудың даму қаупін айтарлықтай төмендетеді.
– Қолданылатын вакцина – АҚШ-та жасалған «Гардасил». Вакцина қауіпсіз және вирустың ДНҚ-сы жоқ. Аллергиялық реакциялардың ықтималдығы минималды – 100 000 адамға 1 жағдай ғана, – деді Бақытжан Әлібекова.
Ал Ecomed Medical Group ЖШС директоры Жанерке Әжетованың айтуынша, 2023 жылы елімізде 6 түрлі вакцина тіркелген.
– Соның ішінде екі валенттік вакцинаның үш түрі, төрт валенттік вакцинаның екі түрі, соңғы жылдары пайда болған тоғыз валенттік Гардасил вакцинасы бар. Бұл – АҚШ-тың өнімі, сапасы жоғары. Халық арасында вакцина ауру тудырмай ма деген алаңдаушылық бар. Қарапайым тілмен түсіндірсем, бұл вакцина емес, ақуыз, яғни ақ дене. Осы антиген денеге енгізілгеннен кейін адамда вирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Нәтижесінде, қыздардың аталған вирусты жұқтыруы, ауырып қалуы төмендейді. Вирус осылайша, өзімен-өзі жазылып кетеді. Сондықтан да міндетті түрде бұл вакцинаны салу керек. Өйткені вакцина дегеніміз вирус емес, – дейді Жанерке Әжетова.
АПВ вакцинасы туралы әртүрлі аңыздарды жиі еститініміз жасырын емес. Мәселен, ел ішінде вакцина бедеулікке әкеледі немесе аутизм ауруымен туатын балалар санын арттырады деген қауесет бар. Алайда Жанерке Әжетова вакцина туралы түрлі аңыздың негізсіз екенін түсіндіріп берді.
– АПВ – әлемде кең таралған вирус болғандықтан, вакцина алу ең тиімді шешім. Оның әлем бойынша 200-ден астам генотипі бар десек, соның 40 типі жыныстық қатынас жолымен жұғады. Ал қалған 160-тай типі тұрмыстық жағдайда, қолдан қолға жұғу арқылы таралады. Бұл вирустар ылғалды жерде жақсы дамиды. Яғни, монша, сауна, бассейнге шомылатын кішкентай қыздарымыз өздері білмей жұқтырып алуы мүмкін. Бұдан ешкім сақтандырылмаған. Қыздарымыз жастайынан вирус жұқтырып, кейін қатерлі ауруларға тап болса, өкінішті болмақ. Ел ішінде тараған аңыздардың тағы бірі – вакцина бедеулікке алып келуі мүмкін деген қарабайыр түсінік. Біздің Ecomed Medical Group клиникасы жылына қаншама келіншекке эко жасайды. Соның ішінде бірде-бір әйел осы вакцинаны салып, соның салдарынан бедеулікке ұшырады деген тұжырым жоқ. Керісінше, вакцина алмаған әйелдеріміз осы ауруға шалдығып, соңы жатыр мойнының қатерлі ісігіне алып келіп жатқан жағдайлар жиі кездеседі. Мұның соңы әйелдің жатырын немесе жатыр мойнын алып тастауға әкеледі. Мұндай жағдайда әйел жүкті бола алмайды, сондықтан қыздарымыздың болашағын қазірден ойлап, дер кезінде вакцина алуы керек, – деді маман.
Онкогинекологтардың айтуынша, жасөспірім қыздарды жыныстық белсенділіктің басталуына дейін жаппай вакцинациялаудың артықшылығы вирустың алдын алу және қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінен қорғауға бағытталған. Екпе 2 кезеңге бөлініп салынады. Жүргізілген зерттеулер бойынша, вакцина 10 жылдың ішінде әсерін жоғалтпайды және жыл сайын егу қажеттілігі жоқ. Сондықтан ата-аналар қыздарының денсаулығы үшін алдымен АПВ туралы және оған қарсы екпе туралы берілген ақпаратпен толықтай танысу керек. Екіншіден, мектептегі арнайы дайындық пен оқыту курстарынан өткен медицина қызметкерінен барлық сұрақтарына жауап алуына болады. Үшіншіден, интернетте АПВ жөнінде мәліметтер мен бүкіләлемде жүргізілген зерттеулер жеткілікті болғандықтан, оларды оқып танысуға мүмкіндік көп.
– Егер қоғам иммунопрофилактиканың маңыздылығын түсінетін болса, ортақ күш-жігермен біз әйелдердің өмірін сақтап қала аламыз, – деді Л.Сұлтанқызы.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ