Ғарифолла Әнес өмірден озды

Ол Алаш арыстарының мұрасын табу, зерттеу және жариялау ісіне өз үлесін тұрақты қосқан.

Ғалым, алаштанушы, публицист, баспагер Ғарифолла Әнес өмірден озды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Марқұмның отбасына, жақын туыстарына, қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз.

Тілші-ғалым, алаштанушы, публицист, бас­пагер, филология ғылымдарының док­торы.

1957 жылы 26 тамызда Атырау облысы  Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында дүниеге келіп, 1974 жылы орта мектепті тәмамдаған. 1974-1979 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1984-1987 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасында оқыған.

ҰҒА-ның А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері болды. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің (Жаңалық ауылындағы) меңгерушісі қызметін атқарды. 1992 жылдан «Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының және «Арыс» баспасының құрылтайшы-президенті болды. 2013 жылдан «Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының» төрағалығын қоса атқарды. 

«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Бірнеше мерекелік медальдармен ма­ра­патталған.

Баспа және полиграфия ісінің қайраткері (куәлік №47). Атырау облысы Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы (2007). Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Құрметті азаматы (2016). Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті про­фессоры. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры және Қорқыт Ата Алтын медалінің иегері (2015). Халықаралық Айтматов академиясының академигі.

Алаш арыстарының мұрасын табу, зерттеу және жариялау ісіне өз үлесін тұрақты қосты. А. Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов және Х. Досмұхамбетұлы еңбектерін құрастырып, алғы сөз-соңғы сөздерін жазып, бірнеше рет жарыққа шығарды.

«Алаш. Алашорда» энциклопедиясын жа­рыққа шығарды (2009), 7 том «Қазақ» га­­зе­ті (1913-1918) мен 7 том «Айқап» журнал­дарының (1911-1915) толық корпусын жасап,,  «Сарыарқа» (1917-1919) газетін тауып, жинастырып, ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан көптеген журналдарды араб қарпінен қазіргі жазу үлгісіне көшіріп, ондаған том басылымдар дайындады. Бүгінде  100 томнан тұратын «Алаш – 100» мегажобасы жүзеге асырылуда. Заңғар жазушы Ә.Кекілбайұлының өмірі мен шы­ғар­машылығына ар­налған «Алпысыншы жылдықтар» атты үш томдық энциклопедиясын жарыққа шығарды.