Соңғы кездері əйелім маған тиісіп жүр. Таң атпай таңдайы тақылдайды.
Маған неге тиісе береді?
406
оқылды

– Осы жұрттан неге үйрен­бейсің? Болмаса өзім үйретемін,  – дейді.

– Қатын-ау, кімнен не үйре­не­мін? – деймін кеңірдегім қылғынып. Бесіктегі бала емеспін ғой...

– Білмеймін, үйрен...

– Нені?

– Жұрттың байлары керемет əкіммен дос, бірге қыдырады. 

– Қыдыра берсін.

– Жұрттың байлары шетелде тынығады. 

– Тыныға берсін. 

– Сен сияқтылар баяғыда екі қабат коттедж тұрғызып алды.

– Тұрғыза берсін.

– Сүмелек, сенің қолыңнан түк келмейді үйрен, үйретемін, – деп оқтаумен тұра қуды. 

Əрең қашып құтылдым. Жұмысқа келдім. Бастығым да əйел адам. Кабинетіне шақырып алды.

– Осы сен неге үйренбейсің?

– Үйленбейсің, кімге? 

– Жоқ, үйренбейсің?

– Не үйренуім керек?

– Білмеймін, бір нəрсе үйрен, болмаса үйретемін, – деп ол да көзін алартты. Бұларға не болған? Қазір өңкей үйреткіштер көбейіп кетті. Мен не цирктегі аңмын ба?..

Әлде мен осы уақытқа дейін маңызды бірдеңені үйрене ал­май жүр ме екенмін? Өзім «ым­ды» түсінбейтін бейшарамын. Әйелімнің де, бастығымның да айтуы дұрыс шығар. Бірақ олар ашып айтпайды, қашып айтады.

Əкімшіліктен шығаберісте таныс келіншек кездесіп қалды. 

– Үйреніп жатсыңдар ма?

– Түсінбедім, не үйрену керек?

–  Жақсы үйренерсің, – деді. 

«Осы уақытқа дейін не үй­рен­генбіз?» – дедім көмейдегі тіліммен міңгірлеп. 

Қалта телефоным «зың-зың» етті. Біреу: «Аюға намаз үйреткен таяқ.Үйрен», – деп қысқаша хат жазып жіберіпті. Әрине, үйренген жақсы ғой. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген бар емес пе? 

Білмеймін, əйтеуір соңғы кездері «Үйреніңдер, үйретеміз» деген сөздер құлағымның айна­ласы­нан өлімтікке үймелеген көк шыбындар сияқты ызыңдап кетпей қойды. 

Сонда кімнен не үйренеміз? Құдай-ау, бізден неге үйренбейді? – деймін бір жеріме қарамай...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН