Қарағандыдағы медициналық университет жанында­­­­­ғы колледж ақыры жабылып тынды. Оқу орны лицензия­сы­­ның жарамдылық мерзімі біткен, ал оны қайта алуға мүмкіндік жоқ екен. 200‑ден аса болашақ фельдшер, мед­бике мен тіс дәрігері енді басқа колледждерге ауыстырылмақшы.
Колледж жабылды, студент сабылды
28,990
оқылды

Университет басшылығы студенттерге Қарағандыда бар екі оқу орнын ұсынған. Сонымен қатар олар қалауынша басқа қа­­лаларда да оқи алады. Оқу орнының бас­шы­лығы университет жанындағы кол­леджді жа­бу осыдан екі жыл бұрын жоспар­лан­ға­нын айтады. Сол кезде-ақ абиту­риенттерді қа­­былдау тоқтапты. Қалғанын оқытып шы­­­ға­ратын болған. Бірақ оқу ордасында биыл қайта ұйымдастыру жүрген. Сон­дық­тан барлық лицензияны қайта алуы керек. Ал жақында жабылайын деп жатқан кол­ледж жаңа талаптарға сай келмейді. Сту­дент­термен қатар 22 педагог қысқартуға ілінді. 

– Біз дәрігерлерді даярлау мен жоғарғы оқу орнынан кейінгі даярлыққа мән береміз. Ал орта кәсіби білім беру мен дайындау бізге қиындау болып тұр. Бұл медицина университетінің негізгі бағыты емес, – дегенді алға тартты Қарағанды медициналық университетінің прорек­торы Қуатбек Төлеубеков.

Ал дәріс алушылардың айтары басқа. «Ал­ғашында 4-курсқа дейін оқытамыз, ме­дициналық колледжіміздің дипломын ала­­сыздар деп айтты. Әрине, ренжідік, өйт­кені олар оқуды осы жерде бітіресіңдер деп уәде берді», – дейді студент Ангелина Гирковая.

Облыс әкімдігі университет тарапынан студенттер арасында қажетті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуі студенттер мен оқытушыларға қосымша қиындықтар туғызып отырғанына алаң­даушылық білдірді. Әкімдік студенттер мен жұмысшылар үшін келеңсіз зардап­тарды барынша азайту және оқу үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізетін болады.

Облыс әкімінің орынбасары Ораз Таурбековтің жетекшілігімен мәселені шешу жұмыстары жүргізілуде, атап айт­қанда студенттерді басқа медициналық колледждерге ауыстыру және колледж оқытушыларын жұмысқа орналастыру шарттары талқылануда.

Сонымен, 218 студент басқа медици­налық колледжді аралап кетті. Оқушылар­дың ата-аналары заңгер жалдап әділдік іздеуде. 

«Біз бұған психикалық тұрғыдан дайын емеспіз. Бәріміз бір-бірімізге үй­реніп қалдық. Мен бұл колледжді таң­да­дым, өйткені мен медицина сала­сында оқығым келді әрі шетелде оқуды көздедім. Егер мен Интер­кол­леджге немесе Жоғары колледжге ауыс­сам, мұндай мүмкін­дік бол­май­ды», – дейді 3-курс студенті Ал­дияр Әлімғазиев.

Сонымен қатар оқуын жақсы меңгеріп алған студенттер алдағы сессияға да­йын­дықты да бастап кетсе керек.

«Қазір біз қысқы практикаға, емти­ханға, сессияға дайындала бастадық. Әрі қарай не болатынын елестете де алмаймыз. Енді қайда барарымызды білмейміз», – дейді Юлия Денкова.

Армандары асқақ жастар осы оқу орнын толыққанды, лайықты білім алу үшін таңдаған. Өйткені колледж беделді болған екен. Студенттер колледждің өңір­дегі ірі компаниялардың бірімен ынты­мақтаса жұмыс істеп, жоба дайындап, бір жарым жыл оқығандарын да жеткізді.

Университет басқармасы болса кол­ледждің жабылуын түсіндіріп әлек. Оқиға 2019 жылы медициналық университет Ұлттық кәсіби денсаулық және кәсіптік аурулар институтымен біріктірілген кезде басталған. 

«Енді лицензия алуымыз керек болып шықты, бірақ бізде екі жылдан бері сту­денттер қабылданбағандықтан, оны ала алмаймыз. Бұл қазірдің өзінде біліктілік талаптарының бұзылуы деп саналады және уәкілетті орган бізге лицензия бер­мейді. Екінші жағынан, бізде бұл екі курс­қа оқытушылар жоқ. Шындығы сол, егер қабылдау бол­маса, мұғалімдер де жоқ. Біз талапқа сай емеспіз, жұмысты жалғастыра алмаймыз. Бірақ заңға сәйкес біз белгілі бір сабақ­тастықты ұйымдастыруымыз керек және студенттерді басқа білім беру ұйымдарына ауыстырамыз», – деп түсін­дірді Қарағанды медициналық универ­си­тетінің прорек­торы Қуатбек Төлеубеков.

4-курс студенті Жұлдыз Керімқұло­ваның анасы болса: «Керек болса Прези­дентке барамыз. Үшінші және төртінші курстағы балалардың бүкіл легі коллед­ж­ден қуылады! Ал тоғызыншы курстан кейін балалар сол жерде әрі қарай оқуға, жоғары білім алуға мүмкіндік болсын деп, медициналық академияның жанындағы медициналық колледжге мақсатты түрде түстік... Түсінгенім, олар бірінші немесе екінші курсқа түспеген. Бірақ олар үшінші немесе төртінші курсты аяқтауы керек! Неге біз енді Интерколледжге немесе басқа колледжге баруымыз керек? Бірін­шіден, бұл – мүлдем басқа деңгей. Жасы­ратын не бар? Медициналық академия жанындағы медициналық колледж – ол тіпті Германияда да бағаланады. Қара­ғандыдағы басқа колледждер туралы ай­туға болмас», – деп жанайқайын жеткізді.

Не болса да ертерек қамданбаған Қарағанды медициналық университетінің басшылығына бұл ауыр сын болмақ. Ал сабылған студент қайтпек?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы