Қыс қыр астында

Қыс қыр астында. Мұндай кезеңде шаруалар мал азығына қамданатыны белгілі. Ал биыл өңірде қыстауға қанша мал түсіп отыр? Олардың жем-шөбі қажетті мөлшерде дайындалған ба? Шаруалар әзірлеген мал азығына субсидия төлене ме? Әлде басқаша жеңілдіктер бар ма? Қыс қаһары қос бүйірден қысқанда баға бұлқынып кетпей ме? Санаға салмақ салған сан сауалға жауап іздеп көрсек.

Жамбыл облысы әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2024-2025 жылғы мал қыстатуға 523,4 мың бас мүйізді ірі қара, 3,8 млн бас ұсақ мал (қой-ешкі), 184,9 мың бас жылқы және 7,7 мың бас түйе түседі деп күтілуде екен. Осыған орай қыстауға түсетін мал санына қарай 3,2 млн тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 88 мың тонна сүрлем, 467,7 мың тонна сабан және 353 мың тонна құнарлы жем дайындау жоспарланған.

Бүгінде 303 мың гектар шабындық шабылып, қажетті 3,2 млн тонна пішен, 99 мың тонна пішен­деме және 468,8 мың тонна сабан жиналған. Одан бөлек, 152,8 мың тонна дәнді дақылдар мал азығына әзірленіп отыр. Ал сүрлем жинау жұмыстары әлі жалғасуда. Жоспар 88 мың тонна болса, қазір 63,2 мың тонна сүрлем дайын. Қалғаны бірер жетіде жиналып бітпек. 

Осы тұста айта кетерлігі, 2023 жылдан қалған 136,4 мың тонна пішен, 34,4 мың тонна сабан және 5 мың тонна жем қоры да сақтаулы тұр. 

Сондай-ақ 2024-2025 жылғы қысқа түсетін әрбір шартты малға 19 центнерден азық дайын­далған. Былтыр бұл көрсеткіш 12 центнерді құ­раған болса, қазір шабылған шөптің негізгі бөлігі қыстау орындарына тасылуда. 

Бұдан бөлек, мал азығы қорын жинақтау бастамасына сәйкес, облыс бойынша қосымша 1,2 мың тонна пішен дайындау жоспарланса, бүгінге нақты 1,7 мың тонна пішен жинақталып отыр.

– Негізі, «қыс жайлы болар» деп жайбасар­лыққа салып алатынымыз бар. Содан қыс қаһа­ры­на мінгенде мал азығы жетпей шаруалар шы­рылдап жатады. Міне, осы мәселенің алдын алу үшін мал азығы қорын жинақтау бастамасын көтердік. Яғни, екі-үш ауылдың ортасына мал азығының қорын жинаймыз. Ал ол азық «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құрылған коопера­тивтердің техникасымен әзірленетін болады. Егер қыс қатты болып жатса, жергілікті әкімдік қораларында 5-10 тұяғы бар тұрғындарға пішенді тегін таратып береді. Тегін мал азығы әр тұр­ғынның мал санына байланысты болмақ. Бұл өз кезегінде қыста жем-шөп бағасының өспеуін қам­тамасыз етеді. Қожалықтарға болса, екі жыл­дық мал азығының қорын жинау туралы тапсырма бердік. Ол үшін оларға жеңілдетілген жанар-жағармай беріледі. Осылайша, шаруаның да, тұрғындардың да мал азығының қорын қалыптас­тырып, баға тұрақтығын сақтап қаламыз. Бұл жаңа жүйе болғандықтан әзірге пилоттық түрде өтуде. Алайда өз жемісін беретіндігіне бек сенім­дімін, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек. 

Иә, бұл шынында ұтымды шешім екен. Егер шаруаларда мал азығының екі жылдық қоры болса, ал тұрғындарға жемшөп тегін таратылып жатса, онда алыпсатарлардың тірлігі тоқтайтыны сөзсіз. Ол кезде баға да бұлқынбайтыны анық. 

Әбілхайыр Ғалымұлының айтуынша, қазір аудандарда арнайы жұмыс тобы құрылып, жем­шөп қорына зерделеу жұмыстарын жүргізіп жа­тыр екен. Сондай-ақ олар шалғайдағы мал қыс­тауларын да тексеруде.

– Бүгінде аудандарда барлығы 5 862 мал қыс­тату орындары бар. Оның 1020-сы – шалғайдағы жайылымдар. Яғни, құмды аймақта орналасқан. Қазір осы құмдағы малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар және 936 баз жөндеуден өткізіліп, қыс мезгіліне дайындалуда. Сондай-ақ олардың жемшөп қоры да зерделенуде. Жасы­ратыны жоқ, сұраныс болмаса, баға өспейтіні анық. Сондықтан біз қожалықтар мен қолында 5-10 тұяқ малы бар тұрғындарды толықтай мал азығымен қамтуға күш салып жатырмыз.

Қазір облыс аумағында 1 түк пішеннің бағасы 500-650 теңге аралығында болса, 1 келі құнарлы жем құны 60-68 теңге көлемінде сатылуда. Біз осы бағаны қыс айында да тұрақты ұстап қалуды жоспарлап отырмыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек. 

Иә, қыс қатты болса шалғайдағы шаруалар шырылдап қалатыны белгілі. Сондықтан жер­гілікті билік өкілдерінің олардың қыстауларын жөндеуден өткізіп, мал азығына да қол ұшын созып жатқаны қуанарлық жайт. Оған қоса, тұрғындар да тегін жемшөп алатын болса бұл нұр үстіне нұр. 

– Шындығы керек, мұндай нәрсе бұған дейін болмаған еді. Бұрын өз қотырымызды өзіміз қаситынбыз. Қыс қатты болып жатса, мал азығы таусылып, қымбат бағаға ұрынып жататын кездеріміз де көп болды. Қазір билік өкілдері қажетті техникамен қамтамасыз етіп, оған қоса жанар-жағармайын беріп мал азығын мол қылып жинап алуға мүмкіндік тууда. Қыста өзіміз қыстауда болсақ, ауылдағы үйде бес-он тұяқ қалып жататын. Биыл ол малға да алаңдамайтын болдым. Өйткені егер дайындаған жемшөбіміз жетпей жататын болса, әкімдіктен тегін мал азығын алуға болады. Шаруа адамға неге керек? Дәл осындай қолдаулар қажет. Осы жаңа жүйені ойлап тапқан адамдарға алғысым шексіз, – дейді Мойынқұм ауданының тұрғыны Ерлан Құдабаев.

Бүгінде өзге өңірлерде мал азығын дайындауға мемлекет тарапынан субсидия қаралатыны белгілі. Алайда Жамбыл облысында ондай жеңілдіктер қарастырылмаған. Себебі жемшөпті әзірлеуге жергілікті билік өкілдері тікелей көмектесуде. Бұдан артық шаруаға не керек? Қыстаудағы малыңа екі жылдық қор жинауға әкімдік тікелей демеп жатса, ал қорадағы төрт түлігіңе тегін жем-шөп берсе, уайымсыз мал басын көбейтуден басқа тірлік жоқ. Бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалайтын бастама. Тек, қорға жиналған мал азығы талан-таражға түсіп, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпесе болғаны. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы