Сыр өңірінде дауыс беруге келгендер асық атып, тоғызқұмалақ ойнады

Саяси науқан Сыр өңірінде де жоғары деңгейде өтіп жатыр. Халық күтпеген тосынсыйлар да аз емес.

Атап айтқанда, өңірдегі Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде референдум аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Дауыс беруге келген тұрғындар тоғызқұмалақ пен асық ату ойыны бойынша бақ сынасты. Ұлттық спорт ойындары азаматтардың белсенділігін арттырып, референдумды мерекелік көңіл-күймен өткізуге ықпал етті,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл күні референдумда елімізге етене таныс термеші-жыраулар да өз белсенділігін көрсетіп, көппен бірге дауыс берді. Нақты айтқанда, рефрендум аясында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Дауылкөл ауылдық округіндегі №109 сайлау учаскесінде ақын-жыраулар белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. 

Халық аузында «Сыр елі – жыр елі» деп танылған Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылы ежелден даңқты жырауларымен танымал. Бұл өлкеден Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Жиенбай жырау сияқты даңғайыр ақын-жыраулар шыққан.

Саяси іс-шара барысында 100 жырау шыққан өнерлі өлкенің тұрғындары жыр жампоздары Зәуре Кәрібаева, Дінислам Тоқсанбаев бастаған термешілердің өнеріне сусындады.

Сондай-ақ, Қармақшы ауданының  Тұрмағамбет ауылында алтын құрсақ батыр аналар №109 референдум учаскесіне арнаулы ұлттық нақыштағы киіммен келіп, өз таңдауын жасады.

Еліміз бойынша өтіп жатқан референдумнан Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері де қалыс қалып жатқан жоқ.

Соның айғағындай,  Арал қаласында тұратын Молдаван ұлтының өкілі Виктор Чумаш та саяси науханнан шет қалмай, №48 референдум учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

Жалпы бүгінде Арал ауданында 50 ге жуық өзге ұлт өкілдері тұрады. Олар да өз аумақтары бойынша белгіленген учаскелеріне барып, өз таңдауын жасап жатыр.

Соңғы мәліметке сәйкес, Арал ауданындағы №43 референдум учаскесіне 1000-ыншы болып келген көп балалы ана Жанар Қалдыбаева да дауыс берген. Оған жоғары белсенділігі үшін шаш алатын құрылғы сыйға берілді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы