Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, өрттің алдын ала себебі – пешті қараусыз қалдыру.
Жітіқарадағы бес баланың қазасы: өртке не себеп болғаны белгілі болды
Фото: видеодан алынды
1,149
оқылды

Қостанай облысының  Жітіқара қаласында кәмелетке толмаған бес баланың қазасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Бас прокуратураның хабарлауынша, 2024 жылғы 11 қазанда таңғы сағат 05.00 шамасында Жітіқара қаласының ТЖ бөліміне Клубная көшесі, 52 мекенжайы бойынша жеке үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті.

Өртті сөндіруді ТЖД, “Қостанай минералдары "АҚ, Жітіқара қаласының құтқару бөлімшесі және "Семсер Өрт сөндіруші" ЖШС күштері жүргізді.

Барлығы 19 адам және 5 бірлік техника жұмылдырылды.

Өкінішке қарай, өрт кезінде 5 кәмелетке толмаған бала қаза тапты.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, өрттің алдын ала себебі – пешті қараусыз қалдыру", – делінген хабарламада.

Оқиға орнына облыс прокурорының бірінші орынбасары Б.Бекбосынов барды.

Облыс прокуроры қайтыс болған балалардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Қазақстан  Бас прокурорының бақылауына алынды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram   арнасынан таба аласыз.