Әлемі де бөлек, қаламынан туған туындылары да ерекше қазақ әдебиетіндегі классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына биыл ғасыр толды. Үш романымен қазақ әдебиетінен айрықша орын алған жазушының шығармалары әлемдік оқырманның да сүйіктісіне айналды.
Қырымбек Көшербаев, Мемлекет және қоғам қайраткері:  Әбе – әдебиет алыбы
1,689
оқылды

Аралмен бірге тасып, бірге тулаған жазушының шығармашылығы көпке жақсы таныс. Әбдіжәміл Нұрпейісовтей ұлт ардақтысын құрмет тұтқан мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевпен сұхбатымыз да қаламгер төңірегінде өрбіді. 

– Қырымбек Елеуұлы, Әбді­­­жәміл Нұрпейісовтің ғасыр жаса­ған ғажап адам болғанын барша қазақ жұрты жақсы бі­леді. Әде­биетке де, қаламға да адалдық танытқан жанмен жақ­сы аралас-құралас болдыңыз­дар. Қазақ оқыр­маны «Әбе» деп асқақ тұт­қан қаламгердің жал­пы жұрт­шылық біле бермейтін қандай қасиетін жоғары бағалар едіңіз?

– Әбең – адамзаттың, та­би­­ғат­тың тілін меңгерген клас­сик жазушылардың соңғы буыны. Бір кезде Сәбит Мұқа­нов Жазу­шылар одағының плену­мында Әбдіжәміл Нұр­пейі­сов туралы «Сүйінші, сүйін­ші! Қазақ әде­биетіне мен 20 жыл күткен жазу­шы енді келді» деп айтқанын білеміз. Әбе адамзаттың тілін ғана емес, табиғаттың да тілін біл­ген, түсінген жарықтық деп айта аламын. Өйткені ол кісі­нің қаламының арқасында маң далаға тіл бітті, өлген теңіз өксік айтып сайрап жөнелді емес пе? Соны біз «Қан мен терде» де, «Соңғы парызда» да оқып сезі­неміз. «Табиғаттың тілін білді» деген – табиғаттың, тәңірдің тілін түсінді деген сөз ғой. Ұлы классик жазушының ұлтжан­дылығын, патриот­тығын еске алайықшы. Қайта құрудың соңғы кезеңінде Кеңес Одағы Президенті Ми­ха­ил Горбачев Алматыға келіп, алқалы жиын өткізген. Сол жиын­да қазақтың тілі мен же­ріне жанашыр болып, ашықтан ашық сөз сөйлеген осы Әбе болатын. Оны біз ешқа­шан ұмытпауымыз керек. Сол­же­ницынның атақты арандату­шы мақаласы шыққан кезде де Әбенің саңқ ете қалған дауысы шыққан еді ғой. Махамбеттің осындайда мынадай бір шу­мағы еске түседі: «Азамат, сені сақта­дым, Бір мүддеме керек деп».

Әбе тәуелсіздік таңын қуана қарсы алды, тәуелсіздік­ке жана­шыр болды, мен оның мұндай ұлтжанды әрекеттерін жақсы білемін. Екеуіміз де Аралдың то­пырағынан туған­быз. Сон­дық­тан Әбең биліктегі болып жатқан жақсы шешім­дерге қуанып, әттеген-айларға үнемі ойын нақты ашық айтып оты­ратын. Мемлекеттің бас­шы­­сына да, қарапайым жан­дарға да. Әбе: «Қоғамда жаңа­рудың екі жолы бар: төмендегі әлеуметтік топ­тардың наразы­лығы артып, революцияға ұла­сып кетсе, қантөгіс болады, қи­сықтығы ше­шілмейтін пр­об­лемаға айналып кетеді. Бұл жерде қоғамдағы элитаның, зиялы қауымның, жауапкершілігі өте жоғары бо­луы керек». Мұны өз әріптес­теріне де, мәдениет, ғылым қайраткерлерімен кездес­кенде де жиі-жиі айтып оты­ратын еді. «Біз қоғамды мо­дернизация­лаудың,ре­форма­лаудың жаңа жол­дарын айтып, ұсынып отыруы­мыз керек, нем­құрайлы қарауымызға бол­майды» дейтін. Әбіш Кекілбаев ағамыз айт­қандай: «Бодан­дықтықта өкініш қанша болса, тәуелсіз­дікте жауапкер­шілік одан да есе өседі». Сондық­тан билікпен бірге зиялы қауым өзінің үлесін қосып, қоғамның дұрыс да­муына, оның әлеуметтік кел­бетіне, дұрыс әділдік жолын­да жүруіне мән беруге тиіс деген­ді ұстанды. Осы себепті де көбі­рек билікпен дискуссияға барып отыратын. «Сен маған жылтың­дап жиі келе берме, қызметіңе зияны тиіп кетпесін» деп те айта­тын. Ал мен «Ешқандай зияны жоқ, өйткені мен жеке адамның басына қыз­мет істеп жүргенім жоқ, еліме қызмет етіп жүрмін ғой. Сіздің ескертпеңізді ескеріп, жадымыз­да ұстау – парызымыз» деп жауап беретін­мін. Сондық­тан Әбеңнің мен білетін ең үлкен қасиеті – елге, ұлтқа, тілге, ділге, жерге жана­шырлығы дер едім. Біз мұндай ұлтқа нағыз жанашыр тұлға бер­ген Жаратқанға алғыс айтуымыз керек. 

– Нұрпейісов – Арал тағды­р­лас тұлға. Айдыны желкен керген Арал секілді әдебиетке бәрін бер­ді. Сөздің нәрін берді. Тартылған Арал тәрізді ұлттық құндылық­тардың жағаға шығып қалғанын да көрді... Әбең мен Арал егіз ұғым деп айта аламыз ба?

– Әбеңнің ғұмыры өзінің туған жерімен тағдырлас деп айтуымызға болады. Арал тар­тылса, Әбеңнің де рухани кеңіс­тігі тартылғандай болады. Арал толса, көңілі мамыражай болып қуанады. Кейде кездес­кенімізде: «Сен биліктің маған берген әдемі пәтерінде отырып, ойлап қалма. Осы отырғанда біле-білсең, мен Аралдың жа­ғасын­дағы қамыстан жасалған балық сасыған кішкентай күр­тенің ішінде отырғанымды аңсаймын. Құлағымнан теңіздің шуылы кетпейді. Аралдың балықшы­ларының, жылқышы­ларының жағдайын ойлаймын» деп жиі айтатын. Сондықтан өзін үлкен ғаламдық деңгейге көтерген прозасының негізгі күретамыры Аралдың тағды­рынан басталды. Сондықтан Әбе мен Арал егіз ұғым деп айтуға әбден болады. 

– Жерлестерінің өмірін шығармасына арқау еткен Шо­лохов «Тынық Донмен» Нобель сыйлығын алды. «Қан мен терді» Нобельге ұсыну мүмкін болды ма? Әлде ондай ой болған жоқ па? 

– «Қан мен терді» ұсыну туралы мәселені Қазақстан Жа­зушылар одағы емес, Фран­цияның жазушылары көтерді. Өйткені Әбең шығармасын француз тіліне аударғаннан кейін олар таңғалған. «Мынадай шығарманың деңгейі өте биік, Нобель сыйлығын алған жазу­шылардың еңбектерінен артық болмаса кем емес. Сондықтан халықаралық ПЕН-клуб Шве­ция корольдігі жанындағы Нобель сыйлығының комитетіне ұсынсын» деп ұсыныс берген. Бірақ өкінішке қарай, біздегі билік тарапынан қолдау бол­мады. Ол кезде Мемлекет бас­шысын Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығына лауреаттыққа ұсыну туралы жұмыс жүріп жатты, бұлар бір-біріне зияны тигізеді деген көзқарас та болған секілді. Сөй­тіп, өкінішке қарай, Қазақстан ресми түрде Әбеге қолдау көр­сеткен жоқ. 

– Әбе әлемдік әдебиетке аты кеткен адам ғой. Ол кісі көшпелі қазақ көшінің соңғы жолаушысы секілді. Әбең арман-мақсат тұтқан дүниесіне жете алды ма?

– Ол кісінің тоқмейілсіп немесе бір дүниеге толық риза болып отырғанын байқаған емеспін. Мен сізге бірнәрсені айтайын, соңғы күніне дейін жарыққа шыққанына біраз жыл болған «Қан мен тер» трилогия­сын жөндеумен жүрді. Мен сол ісіне қатты таңғалатынмын. Емханаға барып, палатасына қарасам, үстел үстінде сол «Қан мен тердің» соңғы басылымы тұр. Шимайлап жазып тастапты. «Мына жерінде ойым соңына дейін жетпеген сияқты. Әуезов сияқты менде синонимдердің сандығы жетіспейді. М.Әуезов сияқты аш ішегін айналдырып жаза алмағаныммен, ең болмаса соған жақындайын. Мен бар болғаны Горький атындағы әдебиет институтын бітіргенмін, сосын солдат гимнастеркасымен жүріп, «Курляндия» романын жаздым, менің бірінші жазғаным сол арман болып шықты ғой» деп күліп алатын. «Нет предела совершенству» деген жиі айтатын еді. Сонда қарасаңыз, дүниежүзі мойындаған, әлемнің қанша тіліне аударылған, КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығы берілген еңбегін қайтадан жөн­деп жазып отыратын. Ол «шы­ғар­машылықтың бәріне жеттім деп тоқмейілсуге бол­майды» дегенді өмірлік қағида етіп алды. 

– Өмірінде үш роман ғана жазды: «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз». Осы үш шығармаға бүкіл өмірін арнады. Ол кісінің бір шығарманы ұзақ жазуының сыры неде?

– Қысқа әңгімелер жазуына да болатын еді. Министр кезім, бірде бір ағайын бізді немересінің тұсаукесеріне шақырды. Жек­сенбі еді. Жұмыста Әбеге қоңы­рау шалып, көлікпен алып кететінімді айттым. Үйіне кел­сем, екінші қабаттағы өзінің ка­бинетінде тұсаукесерге бай­ланысты өзінің ой-пікірін жи­нақтап жазып отыр екен. Мен күліп: «Брежнев сияқты әр сөзді қағазға жазып отырсыз ба?» де­гем. Ал ол болса, «Бұл – кіш­кентай баланың тағдыры, мен қазір үлкен атасы ретінде сол балаға батамды беріп, өз сөзімді айтамын. Бұл оның тағдырына ықпал етеді. Бұл сөздің өзі де, оның энергиясы да балаға әсер етеді. Сондықтан айтылған сөзге атүсті қарауға болмайды. Сендер, бастықтар атүсті сөйлей сала­сың­дар, мән бермейсіңдер. Ал мен дайындалып барамын» дегені. Кейін маған да «үлкенді-кішілі шараларға барсаң да, неге бара жатырсың, аудиторияда қандай әңгіме болады, соған байланысты ойыңды жинақтап барғаның дұрыс болады» деп кеңесін беретін болды. Бұл маған өмірлік сабақ болды. 

– Ол кісі тірі кезінде туған жері Арал ауданындағы Беларанда моласын салдырғанын білеміз. Бірақ Әбеңді Беларанға емес, Кеңсайға жерледі. Ол кісінің аманаты солай болды ма?

– Менің атам – Аралдың атақты жылқышысы, Соци­алистік Еңбек Ері Көшербай деген ақсақал. Ал әкем Сыр елінде бірнеше аудандарды басқарған. Менің үлкен атам Әбенің ағасы, әкем інісі болады. Сондықтан Әбең маған «Әй, бала» деп сөйлейтін. Маңғыс­тауда әкім боп жүргенде бір күні телефон шалып: «Әй, бала, сенің еліңде уақыт өткен сайын, жел ескен сайын, жаңбыр, қар жау­ған сайын қатая түсетін әдемі жақсы ұлу тас деген болады екен. Сәулетші Саин Назарбековтің «Домалақ анаға» салған сондай ұлу тасын көрдім. Маған қатты ұнады. Сондықтан мен де Бе­ларан­да өзіме сол тастан мола салғым келеді» деді. Содан мен қазақта ондай дәстүр жоқ, бұ­ның жақсы ырым емес екенін айта бастап едім, ұрсып берді. Бір кезде «Тыңда, мен айтайын» деп әңгімесін бастады. 

«Кезінде бұл далада үлкен Тетис деген мұхит болған. Ол қайтқаннан кейін төрт теңіз пайда болды: Каспий теңізі, Қара теңіз, Азов теңізі және Арал теңізі. Мынау – теңіздің үшінші рет қайтуы. Мұның бәрінің өз себептері бар. Бұл тек экологияға байланысты емес. Адамның ниетіне де байланысты. Бұл –  адам ниетінің де энергиясы бар деген сөз. «Салыстырмалылық теориясында» Альберт Эйнш­тейн өзі келтірген формулада бір энергия бар екенін және соның табиғатын түсіне алмай, «масса» деп жазғанын айтады. Бірақ ол масса емес, оның ар жағында үлкен гравитациялық па, әлде басқа бір энергия жатыр. Ол энергияның табиғатын өзі де түсіндіре алмайды. Қазір көп­теген құндылық құлдырап бара жатыр, адамзаттың ниеті бұзыл­ған. Егер ниеті түзелсе, теңіз қайтып толуы керек», – деді.

 Сондықтан Әбе: «Әй, бала, ағаңның ниетін орында, Бе­ларанда маған жақсылап кесене тұрғызып бер. Сол биікте күтіп жатайын, мүмкін бір кезеңде Аралдың жағаға соққан толқыны қайтадан құлағыма естілер, шағалалар қайта ұшып келер» деп айтқанда, жүрегім бұзылып, көңілім толқып, «Айып етпеңіз, айтқаныңыз болсын! Мен атүсті қараған екенмін. Айтқаныңыз келсін, Аралымыздың арнасы қайта толсын, халқымыздың несібесі мол болсын!» деп айт­қанына көндім. Еске алайық, қазақ тарихында да бар ғой, Есет батыр қайтыс болар алдында былай депті: «Ақтөбе аймағында жатып, Ресейге қарсы қазақ жерін аяғыммен тіреп жатайын» деп аманат айтыпты. Немесе Жанқожа батыр. Ол да Қызыл­құмда жатыр. Ол – қо­қандық­тармен, хиуалықтармен, патша әскерлерімен соғысып, Каспий мен Аралдың ортасында елдің тәуелсіздігін қамтамасыз етемін деп 86 жасына дейін аттың үстінде жүрген батыр. Ол да қайтыс болар алдында аманат қалдырған. «Басымды құбылаға қаратпаңдар, мен Қызылқұмда қазақ жерін тіреп жатайын» депті. Әбең де сондай мақсатқа келген ғой. 

Қызылордадан Аралға – 700, Аралдан Беларанға жету үшін 200 шақырымнан астам жол жүру керек. Сондықтан болар, «Балаларға қиын болар» деп пандемия кезінде әбден ой­ланды. Әбе қайтыс болар ал­дында, 2 жыл бұрын Аралда әдеби шығармашылық музей үйін салғанбыз, «Соңғы парыз­дың» кейіпкерлеріне ескерткіш қойғанбыз. Соны барып өз көзімен көрген. «Ол жерде де еңбегімнің белгісі бар ғой, Беларанға да осы жердегідей шығарма авторының шыққаны туралы тасқа жазып қойған екенсіңдер. Халық ол жерде бәрін біледі. Бірақ ұрпақтарыма қиындау болатын сияқты. Оның үстіне жұбайым да, екі қызым да Алматыда жатыр. Жарайды. Бірақ қол тигенде, ағаң еске түскен кезде, Аралға жол түскен кезде барып тұрарсыңдар. Менің сол арманымның орындалғанын тілеңдер. Арал қайта толсын!» – деді. Өз аманатымен Кеңсайға жерленді. 

– Көрнекті жазушы Дулат Исабеков қаламгер туралы әзіл-қалжыңдарын жиі айтып оты­рады. Сіздің қалжыңдасқан кезіңіз болды ма?

– Ия, Әбе негізі көңілі мамыражай кісі еді ғой. Бірақ өте талапшыл еді. Қай жерде де өз дегенінен қайтпайды. Сондық­тан үлкен кісі болған соң қаба­ғына қарап отырамыз. Әбенің өткен өмірінде қарап отырсаңыз, негізінен асықпай, саспай сөй­лейтін, сабырлы әңгіме айтқан­ды жақсы көрген. Әзілді де жақсы көретін. «Сенің әке­леріңді жүрегіммен, сені санам­мен жақсы көремін. Солардың ұрпағы болғасын», – деп айта­тын. Одан кейін жаңа ғана тілі шығып келе жатқан балалармен сөйлескенді ерекше жақсы көретін. Әбе аяқ астынан үйге келіп, шай ішіп кететін. Алдын ала телефон арқылы хабар­ласып, келетінін айтпай­тын. Үйге тілі шығып келе жат­қан балалары­ммен сөйлесу үшін келетін еді. Кішкентай баланың қулығы жоқ, тек шынын айтады ғой. Соны рахаттанып күліп, шай үстінде арқа-жарқа болып отыратынбыз. Бізде үш бөлмелі пәтер ғой, соның біреуін қазақы үлгіде жасап қойғанбыз. Сол бөлмеге кіріп алып, аяқ созып, екі көпшікті қолтығына салып отырып алады да, «философияға толы күй тыңдайыншы» деп, маған Қазанғаптың күйлерін шерткізетін. 

– Талант – талап пен еңбектің тығыз ұштасуы. Әбеңнің бос уақыты қалай еді: қандай да бір хоббиі бар ма еді, нені жақсы көрді, сүйікті ісі не еді?

– Әбенің ең жақсы көретіні – өзінің туған ауылына барып, Аралдың жағасында соққан желге көзін жұмып, төсін кере тұрып кең тыныс алу. Осыны ерекше жақсы көрді. Ол маған: «Сендер бұндайды түсінбей­сіңдер», – дейтін. Қайыққа мі­ніп, ішінде көзін жұмып оты­рады. Ол жерде Қамбаш деген көл бар, Арал теңізінің жаға­сында Ақшатау деген төбе бар. Ата-бабаларымыздың төбесі. Сол жерге отырып, әртүрлі есте­лігін, арасында қызық әңгімесін айтып, күлдіріп отыратын. Сол жерде өзімізше, көшпенділердің дастарханын жайып жіберіп, талай естелік­терді айтамыз. Қызылордаға жылына бір келіп, ата-баба жерін аралап кетеді. Мен Әбеңе «атқа не түйеге мініп, анда-мұнда барайық» десем де, айт­қаныма көнбей, теңіз жаға­сында қала­ды. Ашаршы­лық кезде елді аман алып қал­ған балықтан әртүрлі тамақ жа­­салған ғой. Оның ішінде қар­ма деген дәм бар, «ка­захс­кий уха» деп айтуға бола­ды. Сол балықты 1-2 рет қай­натып же­генді жақсы көретін. Ба­ла­лық шағы еске түсетін болуы керек. Бала кез­дегі же­ген сүйік­ті асын аңсап тұра­тын. 

– «Қан мен тер» фильмі тү­сірілді. Бірақ ол кеңестік кезеңнің идеологиясымен тү­сіріл­генін білеміз. Одан кейін бұл туындыға көркем дүние жа­сау ойға келмеген сияқты.

– Ол фильм көбімізге ұна­майды. Өзіңіз де білесіз, кеңестік цензураның кезінде түсірілді. Көп дүние айтылған жоқ. Қазір «Қан мен тер» трилогиясын үл­кен ауқымды дүниеге айнал­дыруға болады. Оны түсіретін білікті режис­серлер де бар. Егер мемлекеттік тапсырыс болса, трилогиядан жақсы киноэпопея жасауға болады деп ойлаймын. 

– Жазушының жазған есте­ліктері, күнделік кітаптары бар ма? Өзінің балалық шағы туралы не жазды? 

– Бірде өзі құрметтейтін тұлғалар туралы жазып, оны бітіргеннен кейін балалық шағы туралы естеліктер жаз­ғысы келетінін айтқан. Солай түртіп жазғандары бар. Руха­ният қай­раткерлері болған үш тұлғаны ерекше айтамыз ғой: Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбек­әлі Жәнібеков. Ілияс Омаровпен жақсы қа­рым-қатынаста болды. Бір-бірін ерекше құрметтеді. Сол Ілияс Омаровты Аралға апа­рып, балықшылармен бірге жүріп, теңіздің тынысын се­зін­­діріп қайтқан екен. Ауылға ба­рып, «Қан мен тердің» кейіп­кер­лері­мен таныстырып, елді ара­латып көрсетіпті. 

Өкінішке қарай, жазамын деген жобасы іске аспай қал­ды.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС