Киберспорт – жас буынды бір алаңға топтастырған, коммерциялық әлеуеті жоғары индустрия. Сала жанашырларының бастамасымен 2017 жылдың желтоқсанында елімізде Qazaq Cybersport Federation республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Ал 2018 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті киберспортты ресми түрде мойындады.
Киберспорт еріккеннің ермегі емес
482
оқылды

Соңғы жылдары елде киберспорт ко­мандаларын қолдаудың инфра­құр­ылымы белсенді түрде дамып келеді, ұлт­тық және халықаралық турнирлер ұйым­дасты­­­рылуда, сондай-ақ ойын­шы­ларды кәсіби дайындау бойынша бас­тамалар енгізілуде. Осыған қарамастан, қаржы тапшылығы, интернет-инфра­­құ­ры­­лы­мының жеткі­­ліксіз дамуы себе­бінен қазақ­стандық ки­бер­спорт­шы­лардың халық­аралық онлайн жарыс­тарға қаты­суы қиын­дап, мүм­кін­діктері едәуір шек­телуде. 

Әрбір миллисекунд маңызды

Отандық киберспортшы Әлім Тұр­сынов бала кезден компьютерлік ойын­дарға қызығады. 

«Кейіннен достарыммен бірге осылай уақыт өткізе бастадым. Әр ойын сайын өзімнің күш-қабілетімнің жететінін және дамып жатқанымды сездім. Осы салада жүрген таныстарыммен арасында түрлі жарыстар да ұйымдастырып, өзімізді же­тілдірдік. Солай уақыт өте келе бір құрама ретінде маңызы бар турнирлерге қатыса бастадық. Кәсіби спортшы болу негізі ойымда болмаған, алайда уақыт өте келе мүмкіншіліктерімнің жоғары екенін түсіндім. Сол себепті киберспортшы бо­луға бекіндім», – дейді ол.

Әлімнің сөзінше, елімізде бұл спорт түрі енді дамып келе жатыр. Әрине, проб­лемасы да жоқ емес. Отандық кибер­спортта пинг, яғни компьютерден жібе­рілген ақпарат серверге барып қайтып келген уақыттың ұзақтығы негізгі мәсе­лелердің бірі болып тұр. Кибер­­спортшылар үшін ойын кезіндегі дәлдік пен жылдам реакция өте маңызды. Ал пингтің жоғары болуы ойын сапасын айтарлықтай төмен­детеді. Қазақстанда серверлерге қосылу ұзақ болғандықтан, пинг жоғары деңгейде. Адамның пингті қалай сезінетінін не­ғұрлым анық және толық түсіндіре кетейік. Мысалға, 1 секунд = 1000 миллисекунд бар екені бәріне белгілі. Пинг шын мәнінде кідірісті миллисекундтармен өлшейді, сондықтан егер сізде 100 пинг болса, кі­діріс 0,1 секундты білдіреді. Бұл аса маңыз­ды болып көрінбеуі мүмкін, бірақ ойын барысында оның сипаты бөлек.

«Жақсы ойын көрсетуімізге пингтің жоғары болуы көп кедергісін тигізеді. Пинг неғұрлым аз болса, соғұрлым ойын­ның сапасы жоғарылайды», – дейді киберспортшы.

Қаржы қайда болса, мықты ойыншы да сонда

Қазақстандық танымал ойын­­­шы­­лар­дың көпшілігі шетелдік командаларда өнер көрсетеді. Мысалы, еліміздің Абай «Hobbit» Хасенов, Дәурен «Adren» Қыс­таубаев сынды танымал ойыншылары ресейлік Gambit Esports командасы құ­рамында әлемдік деңгейде жетістікке жет­ті. Өз кезегінде бұл шетелдік коман­да­лардың қаржылық қолдау мен жаттығу мүмкіндіктерінің тікелей әсері екені шындық. 

Осы мәселеге қатысты ҚР Ки­бер­спорт фе­дерациясы жарнама бөлімінің дирек­торы Батырхан Тоғайбаев өзінің бір сұх­батында: «Ел спортшылары 2017 жылдан бастап халықаралық аре­нада кеңінен таныла бастады. Жалпы, ТМД-да ең ал­ғашқы кәсіби кибер­спорт­шылар Қазақ­станда пайда болды десек те болады. Қазір өзге ел өкілдері біздің ойын­­шы­лар­дың мықтылығын мойындап отыр. Кибер­­спорт – қомақты қаржы жүретін де жер. Мысалы, қазақ­стандық кейбір коман­­да­ларға шетелдіктер тран­сфер жасап, 1,5-2 мил­лион долларға са­тып алған сәттер де болды. Ал бұл әлемдегі ең қымбат келі­сім­шарттардың біріне кіреді», – деп айтты.

Олимпиадалық статусқа ие

Биылдан бастап киберспорт олим­пиадалық сипатқа ие болды, ал­ғашқы олимпиадалық киберспорт ойын­дары 2025 жылы Сауд Арабиясында өтетіні белгілі болды. 

Осы жылдың 4 қыркүйек күні Qazaq Cybersport Federation атқарушы ди­рек­торы Қазбек Жанғазиев пен Qazaq Cybersport Federation президенті Мұрат Санды­баев­тың қатысуымен Qostanai Cybersport Fede­ration ұйымының салтанатты ашылуы өтті. Тараптар өзара мемо­рандумға қол қоя оты­рып біршама істі тізе қоса атқаруға уағ­даласты. Федерацияның міндеттері қатарына елдегі 20 кибер­клубының ойын­шыларын бір күшті ко­мандаға біріктіру мен киберспорттық тур­нирлер мен жа­рыстар өткізу үшін инфрақұ­рылымды дамыту енгізіліп отыр.

«Бұл екі-үш ай бұрын ғана келген ой емес, екі жылдан бері электронды спорт тү­рін дамыту үшін қоғамдық бірлестік құру ойда жүрді және осы спорттың жар­қын болашағы бар екенін айтып келемін. Үш жылдай АҚШ-та тұрған уақытта ки­бер­­спорттың аса танымал екенін және үнемі турнирлер өткізіліп тұратынын білдім. Өкі­нішке қарай, бізге барлығы кеш жетеді», – дейді «Qostanai Cybersport Fede­ration» ҚБ директоры Тимур Ералин. 

Әлемнің әр түпкірінде та­­ны­мал­дыққа ие «Dota 2», «Counter Strike 2» се­кілді ойын­дар бүгінде ки­бер­спортта бар. Cyberland PRO Team коман­дасы жергілікті және халықаралық турнирлерде жо­ғары нәти­желерге қол жеткізіп келе жа­тыр. Олар ойын ше­берліктері мен стра­тегиялық ой­лау қа­білетін көрсетіп жүр. 

Ойынқұмарлықпен шатастырмау керек

Тимур Ералиннің айтуынша, кибер­спорттың дамуына кедергі болатын басты мәселе – спортшыларға жағдайдың жа­салмауы. 

– Жағдайдың болмау себебі, қоғам осы спорт түрінің маңызын түсінбейді. Кибер­спортшыларға жоғары деңгейге жету үшін күнделікті кем дегенде 8 сағаттық дайын­дық қажет, ал ол үшін лайықты жалақы төленуі керек. Біздің киберспорт­шыл­а­рымыз күнделікті 8 сағат уақытын дайын­дықпен өткізе алмайды, себебі тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жұ­мыс істеуге мәжбүр. Лайықты жалақы тө­­ленген жағдайда ғана киберспортшылар еш нәрсеге алаңдамай дайындалып, жетіс­тіктерге жете алады, – дейді ол.

Осы орайда Қазбек Жанғазиев те: «Әрине, ата-аналардың көпшілігі кибер­спорттың кесірінен баласының оқуын тастап кетуінен қорқады. Бірақ біз білімі бар, яғни күнделікті оқитын балаларды құптаймыз. Тек ойын ойнап қоймай, са­бағына қатысып отыруды құп көреміз. Басқа спорт түрлері секілді, киберспорттың да жас шамасы болады. Егер шамамен ойыншы 15-16 жасынан бастап ойнаса, онда 30 жасқа келген соң орнын босатуға тура келеді. Жыл сайын жап-жас шебер ойыншылар қосылған уақытта олардың арттарынан қуып жете алмауы ғажап емес. Міне, осы кезеңде киберспортшы мектеп жылдарында қай мамандыққа қызығып жүр­ген болса, соған барып жұмысын істеуіне ешқандай кедергі жоқ. Ал егер осы спорт төңірегінде жүруді қалайтын болса, онда киберспортта көптеген мамандық бар. Атап өтсек, ойындарға қатысты ме­нед­жер бола аласыз, турнирлерді өткізе аласыз, стример бола аласыз. Одан бөлек, осы саланың арқасында 10-ға жуық кә­сіп­пен де айналысуға болады», – деген пікірін білдірді.

Оның айтуынша, адамдардың көбісі киберспортты ойынқұмарлармен шатас­ты­рады. Бұл екеуі бөлек ұғым. Күн-түн де­­­мей, ойын клубтарынан шықпайтын ойын­құмарлар киберспортшылар сана­тына жатпайды. Бір сөзбен айтқанда, олар – жұ­мыс істемейтін немесе оқуды ке­­рек қыл­май­тын ойынқұмарлар. Бас­тысы, осы айыр­­машылықты түсінуіміз керек.

Әсет ҚАЛИ