Жыл басынан бері Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің үйден кетуінің 242 дерегі тіркелді, олардың 215-і кезекші тәулікте табылды, қалғандарының тұрғылықты жері бірнеше тәулік ішінде анықталды.
Жасөспірімдер үйден не үшін кетіп қалуы мүмкін? Полицияның жауабы
549
оқылды

Жамбыл облысында полицейлер жасөспірімдердің үйден кетіп қалу себептерін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Статистикалық талдау нәтижелері көрсеткендей, жасөспірімдердің өз бетінше үйден кетуінің негізгі себептері – отбасындағы жанжалдар, ата-аналардың жұмысбастылығы. Нәтижесінде, балалардың бос уақыты мен байланыс ортасына қатысты бақылаудың болмауы, кәмелетке толмағандардың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауы, компьютерлік ойындарға деген әуестік, отбасындағы қолайсыздық және жасөспірімнің өзін-өзі бағалауы, өзін құрметтеуіне, төтенше, кейде қауіпті жолдармен танылуға және бақылаудан шығуға деген ұмтылысы.

Балалар нақты мекенжайды білмей, автобуспен жүріп немесе үйден ұзап бара жатқанда адасып кету, кездейсоқ кету жағдайы сирек кездеседі.

Мәселен, 17 жастағы жасөспірім шкафтағы заттарды ақтарып жүріп, әжесінің жасырған ақшасын тауып алып, оған ұялы телефон сатып алған. Мұны білген әжесі немересіне ұрсады, ал ол ренжіп, үйден жасырын кетіп қалады. Полиция жасөспірімді таңертең үйден 35 шақырым жерден тапқан.

Ал 13 жасар бала ата-анасымен сабақтан төмен баға алғаны үшін ұрысып, ешбір ескертпестен, досының үйіне қонады. Осыған қатысты ата-аналармен және кәмелетке толмаған жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер өткізілді.

Қазіргі таңда үйден кеткен барлық жасөспірімдер табылып, ата-аналарына қайтарылды. Балаларға қатысты не олардың қатысуымен жасалған қандай да бір қылмыс жасау фактілері оларды іздестіру кезеңінде тіркелмеген. Барлық балаларды іздеуге тек полиция қызметкерлері ғана емес, еріктілер мен осыған бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар да қатысты.

"Балаларыңызға мұқият және абай болыңыздар, олардың мәселелерін бірлесіп шешіңіздер, балаңыздың әуестіктері мен бос уақытына қызығушылық таныту маңызды. Егер бала үйден өз еркімен кетіп қалса, онда сіз оның барлық таныстары мен достарына кідіртпей қоңырау шалуыңыз қажет. Оның қандай киіммен кеткенін және өзімен бірге не алғанын анықтауға тырысыңыз", – делінген полицияның ақпаратында.