Әнару да есірткіге тәуелді: Адвокат Жанқош Тұраровқа қатысты істің аяқталғанын жоққа шығарды

Полиция белгілі спортшы Жанқош Тұраровқа қатысты істің тоқтатылғанын хабарлаған соң, жәбірленуші Әнарудың адвокаты Ләззат Ахатова мәлімдеме жасады.

Заң өкілі үкімді сот шығаратынын, іс аяқталмағанын хабарлады, - деп жазады Aikyn.kz.

"Жанқош Тұраровтың кінәсі дәлелденбепті-мыс, үкім шықты деп, кей сайттар тағы шулап жатыр екен. Қайдағы үкім? Тергеу үкім шығармайды. Ондай өкілеттігі жоқ. Соңғы нүктені сот қояды! 

Істі бізге айтпай, заңсыз қысқартқанын екі күн бұрын, қоймай жүріп, білдік. Енді тергеу органы бізді сотқа шағымданбасын деп, қаулыны бермей отыр. Ол қаулыға шағымданатын құқығымыз бар. Қайта жаңғыртуға құқығымыз бар. Солай жасаймыз да. Тиісті органдардың бәріне шағымданамыз. Полиция істі заңсыз қысқартса, неге оны түпкілікті шешім деп ойлайды, кей кісілер? Ол шешімдеріне  шағым келтіру құқығы бар емес пе? Сот бар, прокуратура бар", - делінген адвокаттың ақпаратында.

Ол Жанқош Тұраровтың “крышасы” туралы, тергеудегі өрескел заңсыздықтар туралы іс қозғалған сәтте жазғанын еске салды. 

"Күдігіміз расталды. Полиция бұған дейін де Тұраровтың  бірнеше  ісін  қысқартқан  екен. Олар басынан-ақ істі жауып тастауға, Әнарудың аузын жауып тастауға барынша күш салған болатын. 

Осыған дейін тергеу құпиясын  жарияламайын, кедергі жасамайық деп, ештеңе жазбай келдік. Баспасөз конференциясын да сол үшін өткізбедік, сол үшін ешқайда сұхбат бермей келдік. Басында қоғам қыздың әрекетін түсінбей, Әнаруды кінәлап кеткен соң, полицияның ұрып-соққаны туралы, боксердің  әйелі жалған ақпар таратып, “түнде звондайды” деп, жариялаған соң, түсіндіру мақсатында біраз жазғанымды білесіздер. Шет жағасын ғана", - дейді Ахатова.

Ақыры тергеудің өзі осылай заңды белден басып отырған соң, заңгер мән-жайды ашық айтуға бел буған:

  • Әнару ешкімге жала жапқан жоқ! Оны Тұраров о баста алдап, құрығына түсіріп, есін білмей жатқанда, зорлап, алты жыл бопсалап келген. Туыстарына, таныстарына абыройсыз болудан қорыққандықтан, қыз бала амалсыз оның дегеніне көніп келген. 
  • Ең сорақысы - осы уақытқа дейін айтылмай келе жатқан ақиқат - Тұраров өзі мефедрон қолданғанымен қоймай (оның есірткіге әуес екенін таныстары түгел біледі екен) Әнаруды да сол синтетикалық есірткіге тәуелді етіп қойған. 
  • Бұл туралы  арыз бергенде де, беттестіру кезінде де, жауап алу кезінде де Әнару айтқан. Іс материалдарында ол деректер бар. Алайда тергеу органы сол кезде екеуінің де қандарын тексеруге сараптамаға жіберу керек еді. Оны жасамаған. Яғни, тергеу органы қылмысты жасырған. Соның салдарынан екі ай өткен соң, біз есірткі туралы зерттеуді талап етіп, арызданып, қоймағасын, Тұраров жақында “қанында есірткі жоқ” деген анықтама апарып беріпті) Тамызда қолданған есірткі қаннан қазан айында  әрине көрінбейді. Өйткені, сарапшылардың айтуынша, екі күннен кейін де қаннан көрінбейтін қымбат түрлері бар екен, мефтың. 
  • Одан бөлек, полиция Қылмыстық Кодекстің 120-бабы емес, 121-бабымен іс қозғау керек еді. Ол баптың жазасы ауырлау. Дәлелдеу - бөлек әңгіме, арызда анық жазылған нәрсені бұрмалап, істі әдейі жеңілдеу баппен қозғаған. 
  • Содан кейін, сараптаманы бірнеше күннен кейін ғана тағайындаған. Сонымен қатар, сараптаманы проктолог дәрігердің қатысуынсыз жасаған. Яғни, сыртын ғана тексеріп, ішін тексермеген. Ол да қылмысты жасыру деп есептеледі. 

"Ал тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаровтың айтуынша, уақыт өткен сайын, жара жазыла бастайды да, зорлық белгісін анықтау қиынға соғады.. Тергеу органының әрекеті де осындай нәтиже болу үшін болуға әдейі жасалғанға ұқсайды. Мен арыз жазылғасын, 20 күн кейін бардым. Соған дейін Әнарудың қорғаушысы, құқықтық бағыт көрсететін адам болмаған. Соны пайдаланып, боксердің қылмысын жасыру мақсатында талай заңсыздық жасалған. Сараптама қорытындысымен Әнарудың бірнеше дене жарақаттарының болғаны расталып  отыр. Кеш барса да, сол кезде күшпен түсірген жарақаттары кетпеген екен. Бұлар зорлық белгісі емей, немене сонда? 

Бізге тергеу органы істі қысқарту туралы Қаулыны берген жоқ. Таныстырған да жоқ. Яғни, қылмыстық заң нормаларын белден басып отыр. Солай бола тұра, қысқарттық деп, кінәсі дәлелденбеді деп, сайттарға ақпарат беріп отыр. Жәбірленуші тараптың іспен танысу, шағым беру құқығы қайда қалды, сонда?! Мына заңсыздықтар қашанға дейін жалғасады?!

Бас Прокуратура мен сотқа тергеудің үстінен шағым түсіретініміз анық. Онымен қоса, жаңа баптармен тағы да арыз жазылады. Тергеу органының үстінен Қылмыстық Кодекстің 433-бабымен, яғни қылмысты қасақана жасыру бойынша арыз жазамыз. Жанқош Тұраровтың әйелінің үстінен БАҚ беттерінде жалған ақпарат таратып, адамның ар-намысына нұқсан келтіргені үшін арыз жазамыз. Әзірге осы. Іс бойынша БАҚ-тарға кеңірек сұқбат беруге дайынбыз. Әлі де айтылмай қалған заңсыздықтар бар. Ұзақ боп кетер деп, әзірге осымен тоқталдым", - деген адвокат.