Жанкүйерлер америкалық футболдан өткен «Субербоул-2020» турнирін көпке дейін ұмыта алмасы анық. Олар «Сан-Франциско Форти Найнерс» пен «Казнас-Сити Чифс» арасындағы финалдық ойын емес, Джей Ло мен Шакираның 14 минуттық шоуын көп күткен сыңайлы. Өйткені қос әнші 14 минут ішінде 8 образ ауыстырып, әлемге әйгілі хиттарын орындады. Әсерлі шоу шымылдығын Колумбия мақтанышы Шакира ашты. Көз жауын алған киімі мен энергетикасы көрерменді баурап, елітіп әкетті. Әншінің үстіндегі киімі 2 миллион Swarovski тасымен безендірілген. Шакира ерекше көйлекпен She Wolf, Empire, Whenever, Wherever әнін орындады. Атақты әншінің өте жақсы билейтінін ескерсек, шоу қызған үстіне қыза түсті. Амазонка образын еске түсіретін киімі, 30 мың асыл тасы бар The Dan Life етігі мен құлаққа жағымды тембрі оның шырайын аша түсті. Сонымен қоса ол Bad Bunny-мен бірге Карди Бидің I Like It әні мен өзінің Chantaje хитін орындады. Концертке келген жұрт Шакираның көз ілеспес қимылы мен әсем биіне баға беріп, таңдайын қақты. Шакирадан кейін сахнаға шыққан Дженнифер Лопес 130 бишімен өнер көрсетті. Стилистер 6 минуттық қойылым үшін 213 костюм мен 143 аяқкиім тіккен. Байкер образында ол әлемдік хит әндерін орындады. Өзіне берілген уақыт ішінде түрлі кейіпке еніп, талғамы биік тыңдарманның көңілінен шықты. Шоу соңына таман Let's Get Loud әнін қызы Эммамен бірге орындады. Әнді Шакира барабанмен сүйемелдеп отырды. Соңында Шакира мен Дженнифер Лопес бірге ән салды. Шакираның киімі толықтай алтынмен, Дженнифердікі 800 былғарыдан тігілген күміспен көмкерілді. Let's Get Loud-ға үн қосқан Шакира, Waka Waka-ны орындаған Джей Ло көрерменін таңғалдырды. Екеуі бірге би билеп, еліне құрмет көрсетті. Жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, қос командаға сәттілік тіледі. Артынша әлеуметтік желіде Леди Гага әріптестеріне тамсанғанын жазып, құттықтау жолдады. Ал Джей Ло мен Шакира Instagram-да бір-біріне демеу жасап, латынамерикалық қыздардың рухы мен аурасын көрсете алғанына қуанышты екенін атап өтті. Айбике ЖАНАСЫЛ