Қарағанды: 700 млн теңге вирусты «жеңе ме»?

Қарағанды: 700 млн теңге вирусты «жеңе ме»?

Жаһанды дүрліктірген коронавирустан сақтану үшін Қарағандыда денсау­лық сақтау, полиция, ХҚКО және т.б. сала қыз­мет­кер­лерін жеке құралдармен қам­тамасыз ету үшін облыс әкімдігінің резервінен 700 млн теңге бөлінді. Бұл сома  мем­лекеттік қызметшілерді қорғауға бағытталмақ. Қазір облыста жұқпалы дертті емдеу үшін 300 және COVID-19 ко­рона­вирусымен ауыратын нау­қастарды оңалту үшін 48 төсек бар. Сондай-ақ 770 провизорлық және 1 325 карантин төсегі дайын тұр. Госпитальдарда жұмыс іс­теу үшін дәрігерлердің 4 мульти­дис­ци­пли­нарлық командасы белгі­ленген. Олардың құрамына ин­фек­­ционист, пульмонолог, кар­диолог, нефролог, терапевт және пе­диатр кіреді. Сонымен қатар 3 анес­тезиолог-реани­матолог брига­дасы, орта және кіші медицина қызмет­кер­лерінен 9 бригада ұйым­дас­ты­рыл­ды. Жұмысқа бар­лығы 540 меди­циналық қызметкер тартылды. Бүгінгі күні каран­тинде 113 адам тәулік бойы ба­қы­лауда. Бұл 1А санатындағы елдер­ден оралған немесе шарт­ты түрде жұқтыр­ғандармен бай­ланыста болған азаматтар. Үй карантинінде 39 адам, меди­циналық бақы­лаумен өзін-өзі оқшаулауда – 284 адам, қашық­тықтан мониторингте – 273 адам. Облыстың тұрақтандыру қорында 300 тонна – бидай ұны, 24,5 тонна – қарақұмық жармасы, 37,6 тонна – күнбағыс майы, 189 тонна – қант, 1 700 тонна – картоп, 30 тонна – сәбіз, 50 тонна пияз және 50 тонна орамжапырақ бар. Қосымша қара­құмық жармасы, күріш, күнбағыс майы мен көкөніс сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ өңірде ұн өндіру үшін жеткілікті астық қоры да бар. Әкімдіктегілер азық-түлік тауарларының бағасы көтерілмейді деп уәде беріп отыр.  Әзірге тек қант бағасы сәл қымбаттады. Өйткені облысқа келетін қанттың біразын Беларусь елінен аламыз. Ол жақта тауардың өзіндік құны өсіпті. Әзірге қала мен облыс аума­ғын­да індет жұқтырған адам тір­келмеді. Сон­дықтан көлік қаты­насында проблемалар жоқ. Өңірдің барлық автопарктері бұ­рын­ғы тәртіпте, маршруттар қысқартусыз жұмыс істейді. Қа­рағанды қаласынан Алматы, Қы­зылорда, Өскемен және Жез­­­­­қаз­ған қалаларына жолау­шы­­­лар пойыз­дары еш өзгеріссіз жүреді. Қарағанды облысына кіре­беріс жолдарда санитарлық бе­кет­тер ұйымдастырылды. Олар Нұра ауданында, Қарағанды қаласының Октябрь ауданында, Жезқазған, Теміртау және Бал­қаш қалалары маңында пайда болды. Санитарлық бекеттерде өңір­ге келгендердің барлығында коро­­навирустық инфекция бел­гілері­нің бар-жоғы тексеріледі. Бұл жұ­мысты тәулік бойы жүргізу жос­пар­ланып отыр. Бекеттерде тауар­лар мен қызметтердің са­пасын бақылау департаментінің мамандары кезекшілік етеді. Облыстың барлық автопарктері күшейтілген санитарлық бақылау режиміне көшті. Барлық оқушылар 16 наурыз­дан бастап ерте демалысқа жі­берілді. Жақын арада олар барлық пәндерден өз бетінше орындау үшін тапсырмалар алады. Облыста барлығы 507 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 198 571 бала оқиды және 17 792 пе­дагог жұмыс істейді. Қазір оқыту­­­шылар қашықтан жұмыс істейді. Сонымен қатар өңірде 10 ар­найы түзету мектеп-интернаты бар. Онда 1 053 бала оқиды. Олар­­дың барлығы да қазір ка­никулда. Облыста қосымша білім беру ұйымдарының саны – 100, оның ішінде  мемлекеттік– 88. Онда 75 421 бала оқиды. Қазір мек­­тептен тыс ұйымдардың қыз­­меті уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ өңірде 70 колледж жұмыс істейді. Олардың бар­лығы элек­тронды оқыту платфор­маларына қосылған. Ең қызығы,  облыста тек  70 студенттің ғана интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Олар үшін арнайы оқыту «Қазпошта» АҚ қызметі арқылы жүзеге асы­рылады. Қалған 36 900 студент Bilimal, Platonus, Smart College және Moduls жүйелерінің көмегімен жаңа білімді игереді. Қысқасы, Қара­ған­ды  індеттен аман болу үшін барын салып жатыр.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы