Коронавирусқа шалдыққан медбике өзіне қол жұмсады
Коронавирусқа шалдыққан медбике өзіне қол жұмсады
Фото: Интернеттен алынды
362
оқылды
Италияның Монза қаласында 34 жастағы медбике өз-өзіне қол жұмсады. Daily Mail-дың жазуынша, ол өзінің коронавирус жұқтырғанын білгеннен кейін осындай әрекетке барған. Даниела Трецци коронавирустың ең көп таралған аймағы – Ломбардиядағы Сан-Жерардо ауруханасында реанимация бөлімінде жұмыс істеді. 10 наурыздан бастап медбике коронавирусқа шалдыққаны анықталып, ол карантинде болған. Медицина қызметкері COVID-19 инфекциясын жұқтырғанын білген соң, өз-өзіне қол жұмсаған. Италиялық Ұлттық мейірбике ісі федерациясы Треццидің басқа адамдарға коронавирус жұқтырдым деп қорқып, күйзелістен зардап шеккенін хабарлады. Олар Даниеланың өзін-өзі өлтірген алғашқы медицина қызметкері емес екенін айтты. Осыдан бір апта бұрын Венецияда да бір медбике өз-өзіне қол жұмсаған. Италияда 26 наурыздағы жағдай бойынша күніне COVID-19 жұқтырғандардың саны 4492-ге артып, 62 013-ке жетті, бір тәулікте зардап шеккендер саны 662-ге өсті, барлығы 8165 адам қайтыс болды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы директорының орынбасары Раньери Гуэрраның айтуынша, Италия билігі қабылдаған шаралар өз нәтижесін беруде. «Қателіктер түзеледі. Алдағы күндері дертке шалдыққандардың саны азаяды деп үміттенеміз», – деді Раньери Гуэрра.