Онлайн қызметке шындап көштік пе?

Онлайн қызметке шындап көштік пе?

Қазір оқу, қызмет көрсе­ту мен жүріс-тұрыс онлайн ре­жимнің иіріміне енді. Со­ған сай барлығы жүйеленіп жа­тыр. Бірақ біраз жердің «жақ­сысын асырып, жама­нын жа­сырып» жүргенімізді елдегі төтенше жағдай әш­кере қыл­ған сияқты. «Әр істің бір қайыры бар», – дейді. Алдымен онлайн өмірдің артық­шы­лығын сөз етейік. Әділет министрі Ма­рат Бекетаев баспасөз мәсли­ха­тын­да елімізде онлайн қызмет алуға бар жағдай жасалғанын атап өтті. Иә, арамызда электронды үкіметтің қаді­ріне жеткендер кө­бейді. Халыққа қыз­мет көрсету орталығына барып та­бан тоздырмай үйден бар жұмысты рет­теуге бола­тынын түсінді. Әрі бір­қатар өңірде онлайн азық-түлік дүке­ні ашы­лып, жеткізу қызметінің өрісі кеңейді. Жеткізу бөлімдері «Есіктен-есікке» форматына көшті. Chocofood.kz, Glovo секілді жедел жеткізу орталы­ғы пайда тапқанымен, Ticketon.kz сияқ­ты компаниялар біраз шығынға ұшы­рады. Мәселен, төтен­ше жағдай жа­рияланған тұста 50 концерт өтпейтін болыпты. Билет сату көрсеткіші 98%-ға қысқарған екен.  

Жол жүру билетінің әлегі

Билет демекші, елде карантин деп дабыл қаққан тұста халық вок­залға ағылған-ды. Бәрі уақытында билет өткізудің қамымен жүрді. Те­мір­жол сайтында қолма-қол ақ­ша­мен есеп айырысамыз  деген соң ел жапа-тар­мағай қармап қалуға тырысты. Бірақ сол тұста әркімнің үйден шық­пай, сақтық шараларына ден қоюы міндет еді. Өйткені «19 наурызға дейін елордадан шығып кетіңдер, билетті ауыстырыңдар» деген пәрмен елдің мазасын қа­шырған-ды. Лекпен бірге кейіпкеріміз Рай­хан Балтабай да вокзалға барады. Ондағы көріністі, ығы-жығы халық­ты көрген оған бірден «Қазақстан әлі төтенше жағдайға дайын емес» деген ой ке­ліпті. Оның сөзінше, жа­қындары те­мір­жол мен әуе би­летін қайтаруға тырысқан. Әуе билетінің құнын еш қиындықсыз қайтарып алған. Ал теміржол билеті біраз әбігерге салған екен. «Онлайн алған билетті сайт ар­қылы қайтару мүмкін болмады. Сайт істемей қалды. Әрі өздері де вокзалға келіп қайтаруға болатынын айтты. Бардым. Ығы-жығы халық. Қарасаң, «карантин жарияланған қала ма?» деген ойға қаласың. 2 сағат кезекте тікемнен тік тұрдым. Билетті қайтару үшін ұсақ-түйек қағаз толтырып, шы­ғару керек. Соның өзіне жанталасқан адамдар­ды көрсеңіз. Осындайы бар, неге бәрімізге жүріс-тұрыстың қыс­қар­ға­нын айтып, билетті онлайн қай­­тар­мады? «Қазақстан теміржо­лына» да, бізге де артық жұмыс болмайтын еді. Сонда біз де үйімізде отырар едік. 16-18 аралығында вокзалда ине шаншар жер болған жоқ», – дейді ол. Кейіпкер сөзінің жаны бар. Өйткені төтенше жағдай енгізілген күннен бастап, aviata.kz, chocotravel.kz, tickets.kz сынды біраз платформа жұмысы ақау берді. Елдегі билет ауыстырған, қайта өткізген жолау­шы тасқынын сервер көтере алмады. Мұның салқыны railways.kz-ке де тиген екен. Әрі «Жолаушылар тас­малы» АҚ-тың маркетинг және сату департаменті директоры Алмас Айтбаевтың мәлімдемесі де халыққа желеу болды. Ол билет құнын еш қиындықсыз кассадан қолма-қол қайтарып алатынын айтты. Сондай-ақ бар жағдай жасалғанынан да хабар берді. Соны естіген дүйім ел вокзал маңын жағалап кетті. Осы жайт теміржол қызмет­керлерінің де зықын шығарды, білем, олар да кейіннен әрекетке көшті. Вокзалға ағылған нөпірді азайту үшін елордадағы ақылы кас­саларды да жұмысқа жұмылдырды. Сол арқылы ағынды азайта алды. Сайтта «үйіңізден шықпай-ақ жа­қын маңдағы кассадан жол жүру билетін қайтара аласыз» деп кас­саның мекенжайын жариялады. Ел өзіне жақын маңдағы касса ар­қылы билетін қайтарғанымен, ақша­сы қолға тиген жоқ. Касса қызмет­кер­лерінің бірінен мән-жайды сұра­ғанымызда «Қазақстан теміржо­лында» қазір ақша жоқ» деген жауап берді. Сайттан осы туралы мәлімет іздегенімізде, билет ақшасы бірнеше айдың ішінде есепшотқа түсуі мүмкін екені көрсетілген.  

Әуреге салған интернет сапасы

Жол жүру билетінен бөлек, қыз­мет көрсету орталықтары жұмысы да цифрлы  жүйені меңгеруі үшін уақыт қажет-ақ. Бұлай айтуға мына оқиға себеп болды. Меруерттің (аты-жөні өзгертіл­ген-автор) Халықты жұмыспен қамту орталығы мен үйінің арасында жүрге­ніне 1 айға жақындаған-ды. Ол елор­даға жұмыс іздеп келген. Аталған ор­та­лық арқылы жастар тағылым­дама­сын ақылы өтуге болатынын білген. Жұ­мыс беруші де тағылымдама тура­сын­да оң көз­қарас танытқан. Бірақ құжат жинау тұсы оны әбігерге салады. Оның айтуынша, орталықтан қағаз алу мен базаға тіркелу көп   уа­қыт алады. Себебі интернет сапа­сы база жұмысын шектейді. База жиі «қатып» қалатындықтан, жұмыс өнімділігі төмен екен. Кезектің өзі біраз әңгімеге арқау болады-мыс. Сөйтіп жүргенде Меруерт Халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алады. Жұмыс берушіге жағдайды түсіндіріп, тәжірибеден өтуге кіріседі. Орталық болса, құжатқа қол қою күнін бекітеді. Дәл құжатты қолға алар тұста елде төтенше жағдай жарияланып, жұмыс режимі өзгереді. Меруерт сонда да қа­жет қағазды қолына алуға тырысты. Халықты жұмыспен қамту орталы­ғына айтқан уақы­тында барғанымен, база жұмысы қайта әлекке салыпты. Кезек күту мен  интернет жұмысы мүмкіндігі қолбайлау болғанымен, түстен кейін керегін алады. Алайда каран­тин салдарынан жұмыс орны қашықтан жұмыс істеуге көшіп, қол қойдыра алмайды. Сонымен салы суға кетіп, карантиннің соңын кү­туге шешім қабылдайды. Артынша 22 наурызға таман елордаға кіріп-шығу тоқтайтынын естіп, киім-кешегін жинап туған жерге кетуге шешім қабылдайды. Сондағы кейіпкерімізді мазала­ған сұрақ – елдегі онлайн қызмет сапасының жайы. Көкейінде «ор­талық базасы ойдағыдай жұмыс істесе, карантин жағдайында да жұмыс берушінің кадр бөлімі онлайн қызмет көрсете алғанда ғой» деген әттеген-айы бар. Бұл – бір ғана оқиға. Нұр-Сұлтан қаласынан «жұмыс таба­мын-ау» деп келіп, карантин мен орталық ара­сын­да не істерін білмей қалған қаншама жас бар? Онлайн қызметтің сапасын көтеретін сәт жеткен сыңайлы. Байқап қарасаңыз, қазіргі шақта әлемде онлайн жүйенің дәурені жүріп тұр. Мәселен, TikTok немесе Douyin сияқты желі ойлап тауып, шамамен 280 мың доллар пайда тапқандар бар. Әрине, жағдайды кәдеге жаратқан жөн-ақ. Бірақ мұндай пайда көрмесе де, елдегі қарапайым қызметті бас бармақпен бағалайтындай дәрежеге жеткізсе дейміз. Әр оқиғаның аяғы интернет сапасына келіп тіреледі. Цифрлы Қазақстанды шынайы қолға алып, мәселені майшаммен қарамаса болмайтын сыңайлы. Өйткені әлеу­меттік желіде онлайн оқу мәселесінен бастап, интернетте қарапайым қыз­мет алу мүмкіндігін сынап жатқанның қарасы көп.  

   Айзат АЙДАРҚЫЗЫ