Індет Атырауды айналып өтпеді

Індет Атырауды айналып өтпеді

Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған үш адам анықталып, олармен қатынаста болған деген адамдардың барлығы оқшауланып, ба­қы­лау­ға алынды. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы  мен облыс­тық тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіп­сіз­дігін бақылау департаменті бас­шыларымен шұғыл брифинг өтті. Атырау облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының бас­шы­сы  Байтолла Ғазизов: «Бірінші нау­қас 21 наурыз күні Нұр-Сұл­тан қаласынан Атырауға келген.  26 наурызда ОРВИ-дің бел­гі­лері болуына байланысты же­дел түрде анализдері алынды. Нәти­же­сінде, инфекция жұқ­тыр­ғаны анықталды. Екінші науқас 17 наурыз кү­ні Стамбұлдан Алматыға, одан соң Алматыдан Атырауға ұшып келген. Нұр-Сұлтанда Стам­бұл­дан Алматыға келгендер ара­сы­нан инфекция жұқтырған бір адам табылғанын білесіздер. Осы­ған байланысты сол кісімен қарым-қатынаста болғандық­тан біз анализін алдық. Нәти­же­сінде, инфекция жұқтырғаны анық­талды. Үшінші науқас Амс­­­тердамнан кеше келген. Бір­ден карантинге жат­қызы­лып, анализдері алынған бо­ла­тын. Бүгін тест нәтижесінен оның да инфекция жұқтырғаны анықталды. Үш науқастың жағ­дайы қазір қанағаттанарлық. Тиісті талаптарға сай емдеуге жат­қызылып, ем-дом шаралары жа­салып жатыр. Олардың жағ­дайы тұрақты, бақылауда», – деді. Ол тұрғындардан адам көп шо­ғырланатын жерлерге бар­май, гигиеналық тазалыққа аса мән беруді ескертті. Ал облыстық тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің са­па­сы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаменті басшысы М.Есім­баев инфекция жұқтыр­ған­дар­мен қатынаста болды деген аза­маттардың қатаң бақылауда еке­нін айтты. Бүгінгі таңда Аты­рау облысында індетпен кү­рес­ті күшейту шаралары қол­ға алынуда.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы