Атырау қақпасын бекітті

Атырау қақпасын бекітті

Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен Атырау қаласы қақпасын жапты. Өңірдің 7 аудан тұр­ғындары мен қонақтары 2 сәуірде қаладан шығып үлгеруі тиіс. Тәртіпке ба­ғын­бағандарды қатаң жаза күтіп тұр. Жергілікті халықтың дерттің қаупін жіті түсінбей, қауіпсіздікке немқұрайды қарауы жер­гілікті билікті де алаңдатып отыр. Атырауда індет жұқ­тырған 12 адам анықталды. Жексенбіде шұғыл өткен бри­фингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов, облыс әкімінің орынбасары  Е.Абыл­ханов пен облыстық По­лиция департаменті жергілікті қызметі басқармасының бас­шы­сы Әлібек Қайыров карантин себептері мен карантин кезіндегі тұрғындарға қойылатын талап­тарды түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді. Жергілікті тұрғындардың әлемді құрсауына алған дерттен қорғанбай еркін жүруі қаланы карантинге жабуға шешім қа­былдатты. Өңірде індеттің тез та­ралып, оның арты өкінішке ұрын­бас үшін жергілікті атқа­ру­шы билік карантин кезінде халық көп шоғырланатын жерлерді 15 сәуірге дейін жауып, азық-түлік саудасын ғана қалдырды. Карантин талабына сәй­кес 2 сәуірге дейін тұрғылықты мекенжайы Атырау қаласында тіркелгендер қалаға кіріп, ал ау­дандарда тұратын және басқа өңірден келген халық қаладан шығып үлгеруі керек. Азаматтар міндетті түрде жеке куәлігін өзімен бірге алып жүруі тиіс. Атырау облысы әкімінің бі­рінші орынбасары Серік Шап­кеновтің айтуынша, бұл алдымен халықтың амандығы үшін қажет. Қатаң шаралар бү­гінде қаладағы 12 адамның індет жұқтырғаны анықталған соң бұл індет аудан­дарға таралмас үшін жасалып отыр. Әр адам өз денсаулығы мен отбасы, жақын жуықтарының індеттен қорғануына жағдай жасауы керек.   – Вирусты жеңудің төте жо­лы – гигиеналық тазалықтың мінсіздігі мен үйден шықпау. Әлемде аталмыш індетті жеңудің бұдан асқан емі жоқ, – деді Серік Жамбылұлы. Өңірде тәртіп сақтауға ша­қырған облыстық Полиция де­партаменті жергілікті қызметі басқармасының басшысы Әлібек Қайыров «Өңірде төрт бекет жұ­мыс істеп, қалаға бірде-бір ав­то­көліктің негізсіз кірмеуін қатаң қа­дағалаймыз. Басқа өңірлерден жолаушылар тасымалдайтын автокөлік бағыттары да тоқта­тылады. Жайықтан балық аулауға тыйым салынады. Бетпердесіз жүргендер жауапқа тартылуы мүмкін» деп азаматтардан көшеге жеке құжатсыз шықпауын ес­кертті және полиция қызметкері азаматтарды тоқтатып, сауал қой­ғанда түсіністікпен қарауға үндеді. №692/691 «Ақтөбе – Атырау», №313/314 «Атырау–Маңғыстау», №41/42 «Атырау – Шу» және №47/48 «Атырау – Курорт Бо­ровое» бағыттарына қатынайтын пойыздар тоқтатылады. Осы ба­ғытқа билет алған жолаушылар билетін қайта өткізе алады. Автовокзал да жұмысын тоқ­татты. Облыс көлемінде қауіпті дерт­ке шалдыққандар 12 адамға жетті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек,олар төрт адам «Нұр-Сұлтан – Атырау» және «Ал­маты–Атырау» рейсімен келген. Ал 1974 және 1973 жылы туған әйел адамдар – қалалық үшінші емхананың медицина қыз­мет­керлері. Науқастардың көп­ші­лігінде ауру асимптоматика­лық жағдайда өтуде, ал екі ем­делушіде құрғақ жөтел бар. Олар­дың барлығы тиісті күтіммен және емдік шараларымен қамта­масыз етілген. Жауапты органдар науқас­тар­мен байланыста болған адам­дар­ды іздестіру үстінде.  

Тұрсын ҚАЛИМОВА, Атырау облысы