Қарсылық танытқандар 15 тәулікке дейін қамалады - Тұрғымбаев

Қарсылық танытқандар 15 тәулікке дейін қамалады - Тұрғымбаев

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев карантин жарияланған қалаларда режимді бұзғандарға енді аяушылық  болмайтыны туралы ескертті.

«Тәртіп бұзғандармен үш күн бойы түсіндіру жұмысы жүргізілді. Бүгіннен бастап ереже бұзғандарға 25 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Ал қарсылық танытқандар 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Азаматтар мен автокөліктердің қозғалысы қатаң тексеріледі», - деді министр.
Сонымен бірге, қалаларда жаяу және патрульдік полиция саны көбейтіліп, бейнебақылау жүйесі іске қосылған. Ал төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап елдегі қылмыс саны 20%-ға азайыпты.  Карантин енгізілгеннен кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанға заңсыз кіруге талпынған 33 адам шығып, 32-сі қамалған. Олар полицияға ақша бергісі келген немесе адамдарды өткізіп берем деп уәде еткен. Еске салсақ, 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік режим күшейтілді. Көпшілік жиналатын жерлер жабылып, көшеде 3 адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Екі қалада да көшеде полицей әр көлікті тоқтатып, түсініктеме алады.