Консерватория ұстаздары Қазақ радиосында

Консерватория ұстаздары Қазақ радиосында

1 сәуірде Қазақ радиосы мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы бірлесіп "Халық қазынасы" жобасын бастады. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен эфирге жол тартқан жобада ұлт өнерінің саңлақтары: әнші, күйші, жыршылар өз шаңырақтарында отырып бір туындыны тарихымен орындап береді. Оны қалың көпшілік Қазақ радиосы арқылы тыңдай алады. Олардың қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосынова, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Рамазан Стамғазиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева, ҚР мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы, Мәдениет саласының үздігі, әнші Тілеулес Құрманғалиев, күйші Асылбек Кенегесов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Еркін Шүкіманов, ҚР мәдениет қайраткері Ерсайын Басықара, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Исатаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Біләл Ысқақов бар. Ұлт музыкасы сонау жаугершілік заман - "Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама" кезінде, жоңғар-қазақ қақтығысында да дем берген. Жорық жыраулары, өзі әнші, ақын, күйші композиторлар халықтың рухын халық музыкасымен көтерген. Осынау індет жайлаған заманда бұл міндет бүгінгінің сал-серілерінің мойнына түсіп тұр. Ендеше ұлттың рухын ұлт музыкасымен көтерейік. Ел еңсесін көтеретін жаңа жобаның алғашқы саны бүгін эфирге жол тартты. Енді, "Халық қазынасы" бағдарламасын күн сайын 9:30-да, 13:30-да және 16:30-да #ҚазақРадиосынан тыңдай аласыздар!