Алматыда 230 мыңнан астам зейнеткердің зейнетақысы 10%-ға өсті

Алматыда 230 мыңнан астам зейнеткердің зейнетақысы 10%-ға өсті

Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі мен зейнетақы мөлшері өсті. Жаңа зейнетақы төлемдерін Алматыда 230 мыңнан астам зейнеткер алады. Алайда, төлем сәуір айында қосылғанмен, оны тұрғындар мамыр айынан бастап қана алады. Алматы қаласы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті бөлімінің басшысы Айдынжан Нарматовтың сөзінше, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға түзетулер енгізілген. Мамыр айында ел тұрғындары зейнетақы мен жәрдемақыны әдеттегі мөлшерден 5%-ға жоғары алады. Өйткені, жыл басында зейнетақы 5%-ға өскен еді. 1 сәуірден бастап оған тағы 5% қосылды. Сонымен, 10% көтерілген төлем мамыр айында беріледі. Яғни, сәуірдің үстеме ақшасы да келесі айда төленеді.

«Алматыдағы 230 мың зейнеткер индекстелген зейнетақы алады. Зейнеткерлерге мемлекеттік орталыққа зейнетақы алу үшін барудың қажеті жоқ, барлығы автоматты түрде жүргізіледі. Көбейтілген зейнетақы мамырда беріледі, сондай-ақ, мамырда сәуірде қосылған зейнетақы да беріледі», - деді бөлім басшысы А.Нарматов.
Есесіне, сәуірден бастап елімізде АЕК көлемі де өсіп, 2 778 теңгені құрады. Аталған сома заңнамаға сәйкес жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ айыппұл мен салықтар, басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан 31 наурызға дейін АЕК 2 651 теңге болған. Есте болса, 31 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы мен мемлекеттік барлық жәрдемақыны, атаулы әлеуметтік көмекті қоса алғанда, оны 10%-ға индекстеуді тапсырды. Төтенше жағдай кезеңінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны және еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайында әлеуметтік төлемді жүзеге асырудың тәртібі де белгіленген.
«Төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсету «Электрондық үкімет» веб-порталындағы «Электрондық өтініш» сервисі арқылы электрондық өтініш негізінде жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барудың қажеті жоқ, мемлекеттік қызмет сырттай жүргізіле береді», - деді бөлім басшысы.
Жалпы, Алматыда 589 мыңнан астам адамның зейнетақы мен жәрдемақысына жаңа төлем қосылған.