Бірлік жарқын болашаққа бастайды

Бірлік жарқын болашаққа бастайды

Жаһандық пандемияны жеңу, әлемдік экономикалық дағдарыстан абыроймен шығу арқылы Қазақстан халықаралық қауымдастыққа әлеуеті зор екенін көрсетпек. Ал халқымыздың келісімі, күш-жігерін жұмылдыруы – бұл іске берік ұстын. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бері ел өмірінің ең күрделі кезеңдерінде туған халқымен үнемі ой бөлісіп келе жатқан Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы қоғамда үлкен қолдау тауып отыр.     Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты: – Қазіргі кезде хал­­­қымыз біраз қи­­­налып қалғаны бай­­­қалады. Мұн­дай сәтте ел рухын кө­­те­рер, еңсесін тік­тер қуатты сөз­дер­дің қа­­­дірі зор. Сондықтан Елбасының «Бір­ле­се біл­ген ел бәрін жеңеді» атты үндеуі, ақ тілеулі сөзі аса құнды. Қазақ елі бұдан да алапат нәубеттерді, тар жол, тайғақ кешкен за­ман­дарды бастан кешті. Ғасырлар за­рық­тырып, азаттық таңы атқан тұста қазақ ұлты өз жерінде аз­шы­лыққа айналып, жойылу­дың аз-ақ алдында тұрғанын біле­міз. Бүгінде үлесіміз басым, қатарымыз қа­лың. Тек біріксек, келісіммен қимыл­да­сақ, бізді ешбір жау алмайды. Тіпті 90-жылдары жағдай мүшкіл, мем­ле­кет мүскін халде еді. Үйлердің жа­рық­сыз қалғаны, отбасылардың жалақы, жәр­демақы, зейнетақысыз күнелтуге тура кел­гені есте. Тәуелсіз мемлекетті басқа­ру­дың төл тәжірибесі де болмады. Сонда жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің не­гізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев өзі ас­қақ шыңдарды бағындыра отырып, елді де асу-биіктерге көтерді. Тұңғыш Пре­зи­дентіміз ғасырлар бойы еңсесі езілген, отаршылдық тұсында ұлттық арман-аңсар атау­лыдан ада бола бастаған халқымызда қай­тадан ұлы мұраттарға деген ұмтылыс ту­ғызды әрі биік мақсаттарға жетуге үй­ретті. Қоры жоқ елдің соры көп. Бүгінде Қа­зақстанның Ұлттық қоры, мол алтын-ва­лю­талық резерві бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет жәр­демақыларды, зейнетақыны, басқа да әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеп қа­на қоймай, сондай-ақ мөлшерін де ұл­ғайтуда. Елде азық-түлік қоры жеткілікті. Үй­лерде жарық бар. – Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қам­қорлықсыз қалмайды, – деді Н.Назарбаев. Ол қиындыққа қайыспай, белді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмауға ша­қырды. Кезінде татулығы арқылы ты­ныш­тық орнатып, бейбіт пейілі арқасында бере­кесін бекемдеген Қазақстан жасампаз жолға түсті, бақуатты болашағының ірге­тасын қалады, тәуелсіздікті ұлық тұтып, тұрақ­­тылықты дәріптейтін, өзге елдер са­насатын іргелі, ырысты мемлекет құрды. Барды бағалай білгеніміз жөн. Әр жаққа тар­тып, кері кетпеу керек, бірліктің бесігін тер­бету керек. Заманмен бірге ер жету ке­рек. Ояну керек, мына жағдайдан ой алу ке­рек. Елбасы халқының бойына сенім құйып отыр. Бұл ретте ел үміті үзілмеуі, се­німі жоғалмауы, сағы сынбауы үшін ең­бек етіп, заманның сын-қатерін еңсеріп, іл­гері ұмтылған қазақстандықтарға зор ал­ғыс. Адалдық, адамдық, азаматтық та­ныту кез келген тұлғаны өр етеді. Қара бас­тың емес, халықтың қажетіне жарасақ, сонда жүрек шуаққа, жан рахатқа, көз нұр­ға, кеуде жырға бөленбек. Ал бұл  ағ­заның кез келген індетке қарсы тұруының бас­ты шарты болса керек.   Әлімжан ҚҰРТАЕВ, Сенат депутаты: – Халқымызда «Көргені жақсы көш бастайды» де­ген қанатты сөз бар. Қазақ көшін 30 жылдан астам уа­қыт бойы бастап кел­ген Тұңғыш Пре­зидент Н.Назарбаевтың бұл үндеуі хал­қымызды бірлік пен ынтымаққа ша­қы­рады. Төтеннен келген нәубетпен күресуде ел Президенті, Үкімет және жергілікті ат­қарушы органдардың қойып отырған қа­таң талаптарын сақтауға үндейді. Қытай елі қатаң тәртіптің арқасында бұл індетті ауыз­дықтады. Елбасы аға ұрпақ өкілдеріне сөз арнап, оларды бір болуға, ынтымақты болу­ға, игілікті істердің басында тұруға, са­лауатты өмір салтын ұстауға шақырды. Елбасы жас ұрпақ өкілдеріне арнаған сөзінде аға ұрпақ өкілдері ел үшін қолдан кел­геннің барлығын жасағанын, енді ке­зек жастарда екенін айтып, сенім артты. Кезінде Тұңғыш Президент баста­ма­­сымен құрылған түрлі бағдарламалар не­гізінде өз ісін дөңгелеткен кәсіпкерлер осын­дай қиын кезеңде елге пайдасын ти­гізетін уақыт келді. Елбасы кәсіп­кер­лер­ге сөз арнады. «Қазақстан – 2050» ст­ра­тегиясы аясындағы индустриалды-ин­но­вациялық даму бағдарламасының ар­қасында елімізде көптеген жаңа кәсіпорын ашылды. Ұлттық бизнес аяғына тік тұрды, енді олар еліне қамқор болғаны жөн. Кә­сіпкерлер Н.Назарбаев бастамасымен құрыл­ған Birgemiz қорына 14 млрд тең­геден астам қаржы құйды. Бұл игі іс әрі қа­рай жалғасын табады деген сенімдеміз. Қиын кезде белді бекем буып, ынты­мақ, бірлікті берік ұстап, Президенттің, Үкі­м­еттің талаптарын орындасақ, бұл қиын­дықтан да шығамыз. Өйткені Елба­сы­мыз Қазақстанды мәңгілік ел болуға бас­тайтын басты бағыттарды белгілеп бер­ді.   Дүйсенғазы МУСИН, сенатор: – Әлемді шар­пыған коро­на­ви­рус пандемиясы еш­бір елге оңайға тиген жоқ. Осын­дай жағдайда ал­ды­мен береке-бір­лік керек. Ел ба­сы­­на күн туғанда Елбасы Н.Назарбаев өз үн­деуін жолдады. Ол айтқандай, бұдан да қиын талай заманды бастан кешірдік. Одақ ыдырап, тәуелсіз ел болған жылдары та­лай қиындық бастан өтті. Бірақ Ел­ба­сы­ның салиқалы саясатының арқасында бү­гінгідей даму деңгейіне жеттік. Әлемге қауіп төнген сын сағатында ха­­­лықтың ішкі ынтымағы берік болуы тиіс. Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сы­мен ел амандығы мен экономикасын сақ­тау мақсатында шұғыл шаралар қа­был­да­нып жатыр. Оның ішінде шағын және ор­та бизнес пен ауыл шаруашылығы сала­сы­на баса назар аударылып, қолдау көр­се­тілуде. Бізде ауыл шаруашылығына қа­жетті ресурстардың бәрі бар. Президент таяу­да ға­на өз үндеуінде жанар-жағармай ба­ғасын төмендету, ауыл шаруашылығына қо­сымша қаржы бөлу жұмыстарын Үкіметке нақты тапсырды. Биылғы егістік шығымдылығы ойдағыдай болады деген сенімдеміз. Бұл дегеніміз ертеңгі азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету деген сөз. Елбасы өз үндеуі арқылы еліне одан әрі даму бағытын көрсетіп отыр. Ол халқына ба­тасын берді, жол көрсетіп, бізде бар мүм­кіндіктерге баса назар аударды. Ел эко­но­микасын құлдыратпаудың, халық әлеуетін кө­терудің негізгі тетіктерін атап өтті.   Дмитрий ОСТАНЬКОВИЧ,  ҚХА өкілі, «Радима» белорус мәдени орталығының төрағасы: – Тәуелсіз­дік­тің қалыптасуы­ның ең күрделі уа­­­­қытында да, сын­дар­лы кезеңдерде де Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым ха­лықтың арасынан табылып, демеу жасап, үміт беріп келеді. Елбасының даналығы мен көрегендігі арқасында біз күшті мем­лекет, бәсекеге қабілетті экономика және жаңа, біртұтас қоғам құрдық. Халқы­мыз­дың тәуелсіз мемлекет болуға деген көп­ғасырлық арманын шынайылыққа ай­нал­дырдық. Содан бері қазақстандықтар көп­­­­­теген дағдарысты, нардың белі қайы­сар ауыртпалықтарды еңсерді. Барлық кезде де біз Тұңғыш Президентіміздің қиын­дықтан жол табарына сендік. Бүгінде коронавирус пандемиясы жаңа сы­нақ туындатты. Оған да бірлесе тос­қауыл қоя аларымыз сөзсіз. Мемлекетіміз қиыншылықты еңсеруге қажетті барлық шараны қолға алуда. Әрбір азамат қолдау­сыз қалмайтынын Елбасы айтты. Өз ке­зегінде біз де қайсарлық пен тағат-төзім та­нытып, карантинді сақтағанымыз, бір-бі­рімізге көмек қолын созғанымыз жөн. Қазақстан – ортақ үйіміз. Бірлігіміз берік болса, кез келген қиындықты еңсеріп, жақ­сы, дана әрі күшті бола түсеміз.   Ғалым АХМЕДЬЯРОВ,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Astana Opera МОБТ директоры: – Елбасы ко­ро­­навирусқа қа­тыс­ты жағдайдың қауіптілігін атап өтіп, басымдықтарды айқындады, эко­номикалық дағдарыстан шығу мүм­кін­дік­терін түсіндірді. Н.Назарбаевтың сын­дар­лы саясатының арқасында Қазақстан іл­гері нық қадам басып келді. Реформаларға едәуір күш пен қаражат жұмсалды, олар елі­мізді болашақтағы күтпеген күйзеліс пен кері серпілістерден сақтау үшін жа­салып жатыр. Бүгінде барша әлем эко­но­микалық дағдарыс алдында тұр, алайда Қа­зақстанның «қауіпсіздік қоры» бар. Ен­деше ретімен, үнемді пайдаланар бол­сақ, ол қор тарих сынынан еңсемізді тік ұс­тап өтуімізге мол мүмкіндік береді. Театр ұжымы Тұңғыш Президентіміздің бас­тамаларын тұтастай қолдады, әрбір әр­тіс карантин жағдайында өз шы­ғар­ма­шылығымен жарқын болашаққа деген се­нім отын жағып, халықты бірлесуге на­сихаттауда. Опера әншілері, оркестр му­зыканттары онлайн режимде адамның өз-өзіне, өз елі мен бірліктің еңсерілмейтін кү­шіне деген үмітін оятатын әлемдік әрі ұлт­тық классика жауһарларын орындайды.  

Елдос СЕНБАЙ