COVID-19: Шымкентте 2 адам ауруханадан үйіне оралды

COVID-19: Шымкентте 2 адам ауруханадан үйіне оралды

Шымкент қаласында 2 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Қазақстан бойынша жазылғандар саны 81-ге жетті. Шымкентте коронавирус жұқтырған екі науқас туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр баспасөз брифингте айтты. «Дертінен айыққандар - 1970 және 1996 жылы туған бір отбасының мүшелері. Нақтырақ айтқанда, анасы мен баласы. «Тәуелсіздікке – 20 жыл» елдімекенінде тұратын екі науқастан алынған зертхананың сынамасы теріс болып, олар үйге шығарылды. Дәрігерлер пациенттердің жағдайы жақсы екенін айтады. 2020 жылдың 11 сәуір күнгі жағдай бойынша Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының 33 жағдайы тіркелген»,– деді қала әкімінің бірінші орынбасары. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, отбасының қалған 3 мүшесі медициналық қызметкерлердің бақылауымен 14 күндік карантинге жатқызылған. Себебі, інісінен COVID-19 ауруы 12-ші күні анықталған. Олармен әкесі мен қарындасы да жақын байланыста болған. Қалған пациенттердің жағдайы тұрақты, қолданыстағы хаттамаларға сәйкес ем жалғасуда. «Түркістан облысынан қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына COVID19 ауыруына шалдыққан ауыр жағдайда 2 науқас ауыстырылған болатын. Олар 48 және 60 жастағы науқастар. Бүгінгі күнге пациенттердің жағдайы қазір тұрақты, динамиканың жақсарғаны байқалады» делінген қалалық төтенше жағдай жөніндегі штабының мәліметінде. Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласында коронавирус жұқтырған 9 науқас, Жамбыл облысында 2 адам сауығып, ауруханадан шыққанын жазған болатынбыз. Бүгін сағат 15:40 дейін елімізде жалпы 79 адам үйлеріне шықты. Оның ішінде: Нұр-Сұлтанда – 34, Алматы қаласында – 37, СҚО – 1, Ақтөбе облысы – 1, Жамбыл облысында – 3, Павлодар облысында – 1 Алматы облысында – 1, Қарағанды облысында – 1 пациент.