Әлем бұрынғыдай болмайды: Әшімбаев коронавирус пандемиясынан кейін әлем қалай өзгеретінін айтты
Әлем бұрынғыдай болмайды: Әшімбаев коронавирус пандемиясынан кейін әлем қалай өзгеретінін айтты
©сурет интернеттен алынды
229
оқылды
Коронавирус пандемиясынан кейін әлем қалай өзгереді? Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында індеттен кейінгі ахуал туралы пікірімен бөлісті. «Әлем бұрынғыдай болмайды. Пандемия кезінде экономика мен адам денсаулығына келетін шығынды барынша азайту кез келген мемлекеттің қолынан келмейді. Бірақ мұны еңсерген елдер кризистен кейінгі әлемнің жаңа көшбасшыларына айналады. Жауапты, ұйымшыл азаматтардың берік қоғамы мен әлеуетті, пәрменді мемлекеттік басқаруы бар елдерде ғана коронавирусты ауыздықталғанын көріп отырмыз. Мұның жарқын мысалы – Оңтүстік Корея, Сингапур және Қытай. Біз жаңа әлемдік құрылымның алдында тұрмыз. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жаһандық және жергілікті мәселелер пандемияның экономикалық және әлеуметтік салдарынан шиеленісі түсті. Жаһанданудың қазіргі моделі мен халықаралық экономикалық институттардың жүйесі жаңа трендтерге сай келмейтінін, қабілетсіз екенін көрсетті. Дамудың алдағы стратегиясын таңдау көптеген елдер үшін күн тәртібінде тұрған ұлттық мәселеге айналды. Әйтсе де, кризис – мүмкіндік. Қайта құруға, қажетсізден бас тартуға, күн тәртібіндегі мәселесін алға шығарып, көзқарасын қарастыруға мүмкіндік береді. Қазақстанды да дәл осындай жол күтіп тұр», - дейді М.Әшімбаев. Сондай-ақ М.Әшімбаев кризистен қандай сабақ алуымыз керектігін де түсіндіріп өтті. «Біріншіден, басымдықтарды нақтылау керек. Негізгі бағыт абстрактілі өсім мен бәсекеге қабілетке емес, адам капиталын дамытуға арналған нақты әрі анық жұмысқа арналуы тиіс. Осыған байланысты Мемлекет басшысы денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын дамытуға арналған тәсілдерді қайта қарауды тапсырды. Бұл салаларға көңіл бөлінуі керек. Алдағы жылдары осы бағытта атқарылатын жұмыс өте көп. Екіншіден, кризис қоғамның өте ұйымшыл болуы заманауи жағдайдағы тұрақтылық кепілі екенін көрсетті. Осы орайда, азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігінің маңызы артады. Президент мемлекетпен бірге азаматтар да өзі үшін де, елі үшін де жауапкершілікке ие әділетті қоғам құрудағы басымдықтарды атап көрсетті. Қоғам дамуы деңгейінің негізгі көрсеткіші – волонтерлік. Қазақстанда бір-біріне көмектесу мен қол ұшын созудың азаматтарымыз арасында кең тарағаны қуантады», - дейді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары. М.Әшімбаевтың сөзіне қарағанда, пандемия дағдарысы аяқталғаннан кейін бизнесті қолдап, цифрландыруға жаңа көзқарас ұстану қажет. «Үшіншіден, кризистен кейін цифрландыру дәуірі келіп, көп сала онлайн форматқа өтеді. Бизнес ішкі процестерді қайта қарап, икемділікті арттырып, цифрлануға екпін беріп, жұмысты толықтай онлайн түрінде жүргізу туралы ойлана бастады. Алдағы уақытта жаппай цифрландыру мен қателермен жұмыс мемлекет аппаратының да басымдығына айналуы тиіс. Президент «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қайта қарауды, келесі жылды цифрландыру аясында өткізуді тапсырды. Төртіншіден, ашық әлемде жаппай жаһандану идеясы қайта қарастырылады. Ұлттық мүддені қорғау қайтадан бірінші орынға шықпақ. Oxford Economics сараптамалық орталығының деректеріне сүйенсек, жыл соңында әлемдік ішкі жалпы өнім 1 триллионға кемиді. Бұл жаһандық бәсекелестікті арттырып, нарыққа таласты күшейтеді. Көптеген елдердің билігін ұлттық экономика мен бизнесті қорғайтын тиімді модель туралы ойналуға итермелейді. Нарықты ішкі тауарлармен, әсіресе, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сырттан келетін өнімге тәуелді болмауға басымдық беріледі. Қазақстанға да осы бағытта жұмыс істеуге тура келеді», - дейді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары. Сонымен қатар кез келген дағдарысқа мойымас үшін әр елдің жинаған қоры болуы тиіс екенін де атап көрсетті. Сондықтан Қазақстан экономиканы әртараптандыруға басымдық беруі тиіс. «Бесіншіден, кризис заманауи әлемде туындайтын түрлі катаклизмне аман өту үшін мемлекеттерде жиналған қор болуы қажетін көрсетті. Сондықтан біз үшін басты міндет – мұнай мен газ саласына экономикалы тәуелділікті азайту. Бұған шағын және орта бизнесті дамытпау қол жеткізу мүмкін емес. Өз кезегінде мұндай қадам кез келген сыртқы дағдарыс кезінде елдің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етеді. Сол себепті алдағы жылдары елдегі бизнесті қолдауға түбегейлі, тіпті күтпеген қадамдар жасау керек. Бұл басымдықтың бәрі Мемлекет басшысының саясатына негізделіп, кризистен кейінгі кезеңдегі еліміздің ұлттық күн тәртібіне айналады. Дағдарыстан кейінгі жаңға Қазақстан – «әлеуетті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласына негізделеді. Бұл – азаматтары үшін тиімді жұмыс істейтін «еститін мемлекет». Бұл – елдегі шағын және орта бизнесті жаппай дамыту. Бұл – жауапты және еңбекқор азаматтардың әділетті қоғамы. Сондай-ақ саяси және экономикалық реформалардың жалғасы. Меніңше, Президент саясатының осы бағдары еліміз бен қоғамымызды дамытуда айтарлықтай серпін жасауға мүмкіндік береді. Кризис Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер әкелмек. Осы орайда, азаматтық қоғам мен мемлекеттік биліктің конструктивті серіктестігі маңызға ие. Бәлкім, бұл – қазіргі кризистің басты сабағы болар», - дейді М.Әшімбаев.