Пандемия: экономикаға түскен салмақ

Пандемия: экономикаға түскен салмақ

Пандемия әлемдегі кез келген елдің экономикасына соққы болып тиіп жатыр. Әлем елдері бар күшін тажал вирусының та­ралып кетуінің алдын алуға бағыттаған. Citigroup банк ком­па­ниясының бас экономисі Кэтрин Ман коронавирус індеті әлемдік экономикаға 5 триллион доллардан астам шығын келтіреді деген болжам жасады. Morgan Stanley банкінің сарап­шы­лары болса, дамыған елдерде ІЖӨ көрсеткіші дағдарысқа дейінгі деңгейіне 2021 жылдың үшінші тоқсанында ғана ора­латынын айтыпты. Бұл – алаңдауға негіз болар болжам. Әрине, кез келген төтенше жағдайдың экономикалық һәм әлеу­­меттік салдары болары белгілі. Мұндайда экономикалық бай­ланысымыз алыстан тамыр тартатын көрші елдердің аман­дығы мен экономикасының тұрақты болғаны да маңызды.  Сол себепті көрші елдердің бү­­­­­­­гін­гі қиын кезеңнен шығу үшін қа­растырған амалына көз салу­ды жөн көрдік. Бай­қа­ға­ны­мыз, көрші мем­лекеттердің осы ко­ронавирусқа қарсы қабыл­да­ған әрекеті әртүрлі. Бұл әр мем­ле­кеттің экономикалық мүм­кін­ді­гіне, мемлекет басшы­ла­ры­ның қа­лыптасқан жағдайды ба­ға­лауы­на байланысты болса ке­рек. Мы­­­­салы, Ресей Федерациясы әлі күнге төтенше жағдай жа­рия­­­­ла­май отыр. 8 сәуір күні жер­­гілікті би­лік өкілдерімен он­­лайн жиын өт­кізген Ресей пре­­зиденті В.Путин гу­­бер­на­тор­лар­ға қажет болса, тө­тен­ше жағ­дай қабылдауға рұқсат бер­ді. Бі­рақ ішкі-сыртқы жолау­шы­лар қа­тынасын шектеп, қызмет көр­­сету саласының жұмысын тоқ­тат­­ты. Студенттер мен оқушылар көк­­темгі каникулда осы айдың соңы­на дейін демалатын болды. Ал эко­номикалық шешімге кел­сек, биз­неске қосымша қолдау көр­сету үшін сақтандыру жарна­сы 6 айға шегерілгенін ғана бі­ле­міз. Себебі В.Путин әлгі он­лайн жиналысында Үкімет пен Ор­талық банкке 15 сәуір­­де биз­несті қолдаудың қосым­ша бағ­­дар­­­ламасын әзірлеуді тап­сыр­­ды. Бәлкім, жергілікті бизнесті қол­­дау шарасы сол кезде нақты­ла­нар. Ал Қытай өзге елдер төтенше жағдай жариялап, карантин ен­гізіп жатқанда карантинге жа­былған қалалардан карантинді алып тастады. Коронавирустың ошағы саналса да бұл ел эко­номиканы қолдауды осы жылдың ақпан айында ғана бастады. Мысалы, Қытай компанияларына салық жеңілдіктері жасалып, жеңіл­де­тілген несиелер берілді, жеткізу қызметтері қосылған құн салы­ғынан босатылды. Наурыз айының басында Қытай Халық банкі (Қытайдың Орталық бан­кі – ред.) елдегі банктерге ша­мамен 79 мил­лиард доллар құйды, сонымен қатар елдегі банктер үшін резервтік талаптарды азайт­ты. Reuters агент­тігінің ха­барлауынша, Қытайдың мемле­кеттік даму банкі 2 миллиард долларға арнайы облигациялар шығармақ ниетте, облигацияны сатудан түскен қаражат індет ­та­ралуына қарсы күреске жұм­салады. Коронавирус туғызған дағда­рысқа қарсы шара қабылдаған Қырғыз билігі республиканың бір­неше қаласы мен облысында төтенше жағдай енгізді. Төтенше жағдай енгізілген өңірлердегі азаматтардың құқығы мен міндетін анықтады. Яғни, төтенше жағдай кезінде жұмысшылар мен қыз­мет­керлерді өз еркімен жұмыстан шы­ғаруға тыйым салынды, нақты сенімді себебі болса ғана босаты­лады. Байланыс құралдарын пай­даланудың арнайы ережесін ен­гізген. Дипломатиялық қызмет кө­лігінен басқа көліктер қозға­лысына тыйым салынды. Қырғыз Республикасының қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, билік жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарнасы мен қайырым­ды­лығына мұқтаж, сол үшін есепшот ашты. Қаржы министрлігінің де­регінше, аталған шотқа 18 млн сомнан (215,5 мың доллар) астам қаржы жиналған. Өзбекстан билігі корона­вирус­тан қорғануға, отандық бизнесті қолдауға белді бекем буып кіріскен сияқты. Бұл елде Қаржы минис­тр­лігінің жанынан Дағдарысқа қар­сы қор құрылды. Қорға 10 трлн сум аударылмақ. Қорға Өзбекстан мемлекеттік бюджетінен қаржы құ­йылады, сондай-ақ шығындарды оңтайландыру, халықаралық қаржы институттарынан жеңіл­детілген несиелер алу және заңда тыйым салынбаған басқа көздер­ден қаржы тарту көзделген. Бұл ел отандық кәсіпкерлерге қандай көмек беріп жатыр? Биылғы 1 сә­уірден 1 қазанға дейін жеке кәсіп­керлер әлеуметтік салықты ең тө­менгі мөлшерде төлейді. Алко­голь өнімдерін көтерме саудада сатудан түсетін төлемдерге са­лынатын са­лық 5-тен 3 пайызға дейін азай­тылды. Тамақ бизне­сінен алына­тын алымдар белгі­лен­ген мөл­шер­ден 25 пайызға тө­мендетілді. Ал туристік (қо­нақүй) салықты есеп­теу және төлеу 1 сә­уірден 1 шілдеге дейін тоқ­та­тыл­ды. Ауыл шаруа­шылығы алқап­тарын суару үшін салынатын са­лық мөлшерлемесі 50 пайызға азайтылды. Жеке тұлғалардың 2019 жылға арналған жылдық жиынтық табысы туралы декла­ра­цияны ұсыну 2020 жылдың 1 та­мызына дейін ұзартылды.   2020 жылдың 1 қазанына дейін: сыртқы сауда операцияла­рынан мерзімі өткен дебиторлық берешек үшін шаруашылық жүр­гізуші субъектілерге айыппұл салу тоқтатылды; салық органдары уақытша қиындыққа тап болған кәсіпкерлерге мүлік салығы, жер салығы және су ресурстарын пай­далану салығы бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұрады, сондай-ақ салық қарызын өндіріп алу ша­расын да қабылдамайтын болды. 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін қылмыстық істерде және заңды тұлғаның таратылуына байла­нысты жүргізілген салықтық тек­серуді қоспағанда, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне салық­тық тексеру жүргізілмейді. Бизнес субъектілеріне тапсырыс беру үшін республика аймақтарындағы инфрақұрылымдық жобалардың тізімі жасалып жатыр екен. Бізбен көршілес Түркіменстан билігінің мәлімдеуінше, ол елде COVID-19 жұқтырған адам жоқ. Соған қарамастан ел карантинде. Шекара жабылған, әуе байланысы үзілген, ел астанасы оқшауланған, Түркіменстан тұрғындарының температурасын жаппай тексеру жалғасып жатыр. Сөйте тұра, елдегі кәсіпорындар, универси­теттер, мектептер мен балабақ­шалар жұмыс істеп тұр. Бетперде киюге тыйым салынған. Бұған дейін шетелдік ақпарат құралдары 1,5 миллионға жуық түрікменнің Түркияда қалып қой­ғаны туралы жазған болатын. Олардың арасында күнкөріссіз қалған еңбек мигранттарымен бірге студенттер де болған. «Отан­дас» орыс-түрікмен достығы об­лыстық қоғамдық ұйымының төрағасы Мақсат Сапармурадовтың айтуынша, түрікмен билігі шетел­дегі түрікмендердің «Отанымызға оралайық» деген өтінішіне құлақ аспаған көрінеді. Шекаралас төрт елдегі ахуал әзірге осылай сипатталады. Бәл­кім, алдағы уақытта жағдайға байланысты қосымша шаралар қабылданатын да шығар. Мысалы, біздің елде COVID-19 вирусының халық арасында тарап кетуінің алдын алу мақсатында төтенше жағдай жарияланды. Бірнеше қалаға басында карантин, кейін күшейтілген карантин режимі енгі­зілді. Мемлекет басшысы тө­тенше жағдай енгізілген соң, бірден Дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын жариялады. Одан кейін халық пен отандық бизнесті қолдаудың қосымша шараларын іске қосты. Жұмысы мен табысы­нан айырылғандарға 42 500 теңге­ден төлене бастады. Тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге азық-түлік пакеті үлестіріліп жатыр. Бұл іс-шараға еріктілер де үлес қосуға кіріскен. Ал отандық бизнесті қолдау мақсатында әкім­діктерге жергілікті кәсіпорын­дардың өнімін, кем дегенде, 6 ай бойы кепілді сатып алу жүктелді. Шағын және орта бизнес субъек­тілері 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылды. Екінші деңгейлі банк­тер мен шағын қаржы ұйымдары­нан алған несиесін шегеруге мүм­кіндік алды. Ауыл шаруашылы­ғы­мен айналысатын кәсіпкерлерге бюджеттен 70 миллиард теңге бө­лінді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлінетін болды. Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсетіледі. Жыл сайын көктем туа қымбаттай жөнелетін жанар­май­дың бағасы реттелді. Үкімет жа­нармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге тұрақтатты. Отандық бизнестің өзі сан салалы. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әр саланың проблемасын жеке-жеке талқылап, ұсыныс­та­рын Президент пен Үкіметке жет­кізіп жатыр. Алдағы аптада еліміз­дегі өңдеу өнеркәсібі өкілдері мен көлік саласының ұсынысы жеткі­зіледі. Сол кезде отандық бизнес субъектілерін қолдау шаралары тағы да кеңейе түседі. Көрші ел­дер­мен салыстырғанда, отандық бизнесті қолдау шаралары біздің елде бір жүйеге түсіп келеді. Енді оның дұрыс орындалуын қадаға­лау ғана қалды.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ