«Онсыз да телефон байланысы нашар ауылдың халқын ойламайсыңдар» – Нұрлан Нығматулин

«Онсыз да телефон байланысы нашар ауылдың халқын ойламайсыңдар» – Нұрлан Нығматулин

Парламент Мәжілісінің депутаттары бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша жаңа заң жобасын талқылау кезінде үй телефоны қызметінен субсидиялауды алып тастау туралы нормаға қарсылық білдірді. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстандағы бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша жаңа заң жобасын таныстырған болатын. Заң жобасына қатысты депутат Айзада Құрманова өз ойын ортаға салды.

«Заң жобасында ауылды елді мекендер бойынша әмбебап қызметтерді субсидиялауды алып тастау ұсынылған. Бұл дегеніміз – кәдімгі үй телефондары. Бұл норма ауыл тұрғындарын бірден-бір байланыс құралынан ажыратқалы отыр. Сол себепті Мәжіліс депутаттары әмбебап қызметтерді субсидиялауды сақтаған дұрыс деп ойлаймыз. Бұған қатысты не айтар едіңіз?» деген мәжілісмен бұл талап туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтың ойын сұрады.
Асқар Жұмағалиев депутаттардың бұл ескертпесіне дұрыс қарайтынын жеткізді. Оның айтуынша 2004 жылы қолға алынған жұмыстардың арқасында Қазақстандағы ауылдардың көбі телефон байланысымен қамтамасыз етілген. «Біз дәл осы субсидия жүйесімен алдағы уақытта ауылдарға интернет тартуды көздейміз. Сол себепті осы субсидияның сақталғаны дұрыс. Ауылдағы халыққа телефон да, интернет те қолжетімді болуы керек», – деді ол. Аталмыш мәселеге қатысты Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың бұл ұсынысын қолдайтынын жеткізді. «Шынын айту керек, қазір ауылда ғана емес, қалалардың өзінде интернет байланысы нашар. Оны жақында бәріміз де көрдік. Сондықтан жасыратыны жоқ бүгін көптеген ауылда бір ғана сапалы байланыс – ол телефон. Қазіргі уақытта оған айына 670 теңге төленеді. Егер бұл тариф 2-3 есе өсер болса халық оны қалай төлейді. Неге оны ойламайсыздар?» - деді Мәжіліс төрағасы. Нұрлан Нығматулин «Қазақтелеком» компаниясымен заңның бұл нормасына қатысты анықтама алынғанын жеткізді. Компания бұл норма күшіне еніп кетсе, 630 мың абонент бойынша телефон тарифі өсетінін хабарлаған.
«Бұл ауылдағы абоненттердің – 98 пайызы. Әлбетте мұндай жағдайда монополист тарифті көтереді. Артынша тұтынушы телефон үшін бұрынғыдан көбірек ақша төлеуге мәжбүр болады. Яғни, 670 теңгелік тариф 2-3 есе өсіп кетеді деген сөз. Бұл норма ауылдағы тұрғындарды жалғыз байланыс құралынан айырады. Себебі оларда коммуникацияның баламалы түрі жоқ», – деп толықтырды Н.Нығматулин.
Бұл мәселеге қатысты Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ауылдағы телефон байланысы үшін төлем қымбаттамайынын, себебі республикалық бюджеттің есебінен бұл бағытта алдағы үш жылда 8,5 млрд теңге қарастырылғанын жеткізді.
«Ауылдар үшін телефон қызметі тарифінің қымбаттауына жол берілмейді. Субсидиялау схемасы бұрынғыша қала береді. Жеке мемлекеттік органдар заң жобасын мақұлдау кезінде ауылдық елдімекендер бойынша байланыс нарығындағы бәсекелестікті дамыту үшін ұсыныстарын берген. Сол кезде бұл норма заң жобасына «байқаусызда» кіріп кеткен секілді. Дау тудыратын норма екенін сезіп, заң жобасынан алып тастау керектігін ұсынамыз», – деді ол.