Әлнұр Ильяшевтің ұсталуына Nur Otan партиясының қатысы жоқ - Өскенбаев
Әлнұр Ильяшевтің ұсталуына Nur Otan партиясының қатысы жоқ - Өскенбаев
5,127
оқылды
Әлнұр Ильяшевтің ұсталуына Nur Otan партиясының қатысы жоқ, - деп мәлімдеді партияның орталық аппаратының жетекшісі Әнуар Өскенбаев. "Бүгін әлеуметтік желілерде Ильяшевтің ісіне қатысты тергеушінің қаулысы жарияланған. Біріншіден, 18 сәуірде Ильяшевке және басқа да тұлғаларға қатысты сот және құқық қорғау органдарына партия атынан қандай да бір шағым түскен жоқ. Екіншіден, аталмыш қаулының сипаттауында көрсетілгендей, Ильяшевтің ісі партияның шағымымен емес, оның Facebook-тегі төтенше жағдай кезінде жариялаған сөзіне қатысты қозғалғаны айтылған.  Үшіншіден, қаулыға сәйкес, Ильяшевтің іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексі 274 бабы 4 бөлімі 2 тармағы бойынша, яғни төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпке, азаматтардың заңды және құқықтық мүдделеріне,  ұйымдарға, мемлекетке қауіп төндіретін жалған ақпаратты таратуымен байланысты деп көрсетілген. Қаулының қорытындысында партия жәбірленуші ретінде көрсетілмеген", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында. Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Жетісу аудандық соты «Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов желіде Nur Otan партиясы «Наше право» партиясын құруға кедергі келтірді деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты» деп танып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап еткен. Бұдан бөлек, үш белсендінің әрқайсысына 1,5 миллион теңге айыппұл салған еді.