Елімізде карантинге қарамай, қауіпсіздік шараларын сақтап, құрылыс қайта жанданды. Құрылысқа арналған материалдарды алыс-жақын шетелдерден әкелу де өз ықпалын тигізуде. Бір ғана осы салада аса қажетті цементті басқа елдерден тасу әлі бар. Өзімізде ашылған зауыттар толық қамтамасыз ете алмай отыр...
Цемент әкелуге тыйым салынады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қазақстанға цементтің кейбір түрлерін басқа елдерден әкелуге тыйым салатын құжатқа қол қойды. Сәуір айының соңында бұл құрылыс материалының импорты шектеледі. Бұл тыйымды естіген оралдық құрылысшылар «мұндай шара материал тапшылығы мен бағаның көтерілуін тудырады» дейді. Бірақ оралдықтарға уайымдайтын негіз жоқ. Өйткені Ресейден цементті жеткізу тоқтатылмайды. Ал цемент импортына тыйым салу туралы бұйрық 17 сәуірде жарияланды және жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі № 191 бұйрығымен ЕАЭО СЭҚ ТН коды бойынша цементтің жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағына алты ай мерзімге үшінші елдерден әкелуге тыйым салынды. Ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң енгізіледі (2020 жылғы 16 сәуірде жарияланған) және «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі Заңының 18-бабына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес қабылданды», – делінген бұйрықта. Шектеулер Еуразиялық одақ елдеріне қолданылмайды. Әкелу одаққа мүше болып табылмайтын үшінші мемлекеттен ғана шектелген. Дегенмен біздегі Қазақстан мен Франция бірлесіп салған «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, Ақмола облысындағы жылына 2 млн тоннацемент өндіретін «Көкше цемент» ЖШС, Қарағанды облысындағы Central Asia Cement, HeidelbergCement тобына кіретін «Шымкентцемент», «КаспийЦемент», «Бұқтарма цемент» компаниялары құрылыс саласындағы сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр.Сұраныс өте жоғары
Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин: – Елде құрылыс материалдарына сұраныс өте жоғары. Осыған байланысты «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы аясында қазіргі кезде отандық құрылыс индустриясы бойынша 178 млрд теңгені құрайтын 33 жоба іске асырылып жатыр (шыны, арматура, санфаянс, керамика тақташа, лак бояуын шығару). Оларды іске қосу тұрғын үй құрылысында қазақстандық үлесті 95 пайызға арттыруға және 8 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деді «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылуын талқылау кезінде. Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс индустриясы жобаларының уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуді және отандық жаңа өндірістерді құру жұмысын күшейтуді тапсырды.Өз материалымыз пайдаланылуда
Қазақстанның құрылысты материалдармен қамту әлеуеті жеткілікті. Оған коронавируспен күресті күшейту мақсатында елде жылдам салынатын үш аурухананың құрылысы айғақ бола алады. – Шекара жабық болғандықтан, отандық құрылыс материалдары ғана пайдаланылуда. Ауруханаларда карантин, қарқынды терапия, жан сақтау бөлімдері болады. Қауіпті кеселдің беті қайтқан күні емдеу мекемелері кәдімгі режимде басқа дертке шалдыққандарды қабылдаумен айналысады. Алматы мен Шымкент қалаларында құрылыс жұмыстарын бастадық. Алматыда – 280 орындық, Шымкентте – 200 орындық аурухана, – деді Құрылыс материалы зауытының бөлім басшысы Әділхан Адат. Елорда мен Алматыдағы емханаларға 5 жарым миллиард теңгеден, ал Шымкенттегі ауруханаға 3,8 миллиард бөлінген. Сонымен қатар карантинге жабылған Қарағандыда да құрылыс жүріп жатыр. Бұл туралы Қарағанды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов: – Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин кезеңінде құрылыс компаниялары белгілі бір талаптарды сақтай отырып жұмыс істей алады. Ауысым кезінде оның шегінен шығу мүмкіндігін болдырмау үшін құрылыс алаңында жұмысшылар үшін жатақхананың болуы шарт, – дейді. «Кімдердің құрылыс компанияларының материалдары пайдаланылуда?» деген сұраққа, ол «Облыс әкімінің құрылыс нысандарында жергілікті өндіріс өнімдерін барынша пайдалану тапсырмасы бар. Бұл біздің компанияларымызды қолдауға, жұмыс орындарын сақтауға және жергілікті қамтуды арттыруға мүмкіндік береді», – деді. Әрине, құрылыс материалдарымен елімізді қамтамасыз етуге өзіміздің де қауқарымыз бар екені айқын. Тәуелсіз ел болғалы жүздеген зауыттар мен фабрикаларды бір ашып, бір жабумен ғана келеміз. Миллиардтаған теңге бөлініп, қағаз жүзінде ғана салынғаны тағы бар. Төтенше жағдай бұл салаға да салғырт қарамауды үйретсе, жақсы!Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ