Олардың тауар белгісіне қарап қайда дайындалғанын, өнімнің қалай жасалғанын, құрамын және сапасын оңай ажыратуға болады. Тауарлардың ұлттық атауларына зер салып, оны өндіруші ел туралы да ақпарат ала аласың.
Дегенмен кейбір тауар қаптамаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлдегі қажеттi ақпараттың жоқтығы қынжылтады. Тілдік қателіктер жіберген қаптамалар, жапсырмалар мен орама-қораптарды өндіруші компанияларға ескерту жасап, бұл өзекті мәселені дұрыс жолға қойған жөн. Сондай-ақ мемлекеттік тілде жазулары жоқ тауарларды болдырмауымыз керек.Тауарлық таңба тек тілшілердің зерттеу мәселесі ғана емес, кәсіпкер, маркетолог, экономист, менеджерлер мен заңгерлердің айналысатын мәселесі болуы тиіс. Өз елімізде, өз жерімізде жүріп сауда орталықтары мен дүкендердегі тауар өнімдерінің атын, нұсқаулығын қазақшалай алмасақ, ертеңгі күні тіліміздің жайы не болады?
Халық тұтынатын тауарлардың қазақ тіліндегі мәтіндерінің қателіктерін анықтау арқылы және өндіруші компанияларға ескерту жасап, мемлекеттік тілді бұрмалауға жол бермеуге болатынын естен шығармаған жөн.
Біз осы орайда бұл жайтқа нақты көз жеткізу үшін грамматикалық қателері бар тауар қаптамаларын жинастырып көрген болатынбыз. Олардың бірқатары сауатты жазылса, бірнешеуі тілдік норманы сақтамаған, өрескел қателіктерге, тікелей аудармаларға тұнып тұр. Олардың қазақ тіліндегі нұсқаларының дұрыс-бұрысын анықтау мақсатында Алматыдағы супермаркеттерді аралап, қаптамадағы қазақша мәтіндердің жазылу, олардың аударылу ерекшеліктеріне мән бердік. Қолымызға ұстаған әр тауарда жазылған қазақша мәтіндерді көріп, мемлекеттік талапқа сай болмай отырғанын байқадық. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірқатар мысал келтірейік.
Сауда орталығына барған бойда ең алдымен қолыма «Золотое решето с солью» деп аталатын қытырлақ нан ілікті. Нұсқаулықтың орысша, ағылшыншасында мін жоқ. Ал қазақшасына қарасаң, қатеден көзің сүрінеді. «Алешина» заводы өндіретін өнімнің нұсқаулығындағы мәтіннің сиқы мынадай: Бұйымдар астықты ашытқыларда басылғалдылыққа. «Алтынның решето» тұз. Құрам: ұн бірінші сұрып наубай бидай, су, май күнбағыс тазартылған хош иісті, сироп инвертный, (қант, су, ащылықтың реттеуішінің ащылық лимон), тұз, ылғалды қармаушы бидайдың клетчаткасының (азықтық бидайдың талшығы), ашытқылар құрғақ наубай, азықтық үстеме – тәтті айналысушы, қопсытқыш (қопсытқыш: дигидропирофосфат натриның, натриның гидрокарбонаты: ұн, бидай), азықтық үстеме тотықсыздандырғыш натриның пиросульфит. ГМО асырамайды.
Көріп отырғандарыңыздай аударманың сапасы өте нашар. Аударма деуге де келмейді. Қазақ тілін осыншалықты қор қылуға бола ма? Бұл бірінші кезекте тілге немқұрайды қарау ғой. Түсініксіз қазақша сөздерді оқи отырып, өзің жаңылысып қаласың. Айтпағым, тауар мәтініндегі осындай олқылықтарды болдырмауымыз керек. Сөздерді орынсыз қолдану, «жобасы келсе болды» деген оймен жаза салмағанымыз жөн. Мемлекеттік тілге деген жауапсыздық осындай олқылықтардан басталады. Қазақша мәтіннің аударма деңгейі өзге тілдерден кем түспегені қатаң қадағаланса дейсің – осындайда.
Көпшілігімізге белгілі Choco Pir шоколадының қорабын алып, қаптаманың сыртындағы жазуға қарасаңыз мынандай сауатсыздықты бірден байқайсыз. Ондағы «Аспасдық май», «құрғак сүт», «100 г өнімнің тағамдық құндылыгы» сөздерінің кейбір қазақша әріптері жоқ. Тым болмаса, осы мәселені жіті қадағаласа, қазақша мәтіннің сауатты жазылуына мән берсе. Әріден соң мұны тілге менсінбеушілік танытудың белгісі, тіпті мемлекеттік «Тіл туралы» заңды өрескел бұзу деп түсіну қажет.
Тағы бір айта кетерлігі, көптеген тауар өнімдерінің астында сол өнімнің шыққан жері, яғни өндірген өндіріс орнының мекенжайы міндетті түрде жазылады. Көпшілігінде мекенжайлардың аты орысша жазылып жүргенін несін жасырайық. Қолымызға алған АСАН маркет ЖШС дайындайтын «Домалақ дәнді күріш» қаптамасының сыртында өнімнің құрамы, сапасы, өндірген өндіріс орны жөнінде қосымша ақпараттар нақты берілген. Алайда өндіріс орнының мекенжайы жазылған мәтінде шығарушы компания көше атауын орысша беруді жөн санапты. Мысал келтіре кетейік: Дайындаушы: Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай ауылы, Бостанова көшесі 2 үй, «Скиф Трейд» ЖШС тапсырысы бойынша Алматы қаласы, Розыбакиева көшесі 75.
Одан бөлек аталған өнім қаптамасындағы нұсқаулықтың қазақша мәтінінде әріптердің орны алмасып кеткендігін анық байқауға болады. «Өнім сапасы» сөзін «әнім сапасы» деп жазған. Eurasia Foods компаниясы өндіретін «Шлифованный Акмаржан» күрішінің мекенжайы да орысша жазылған. Eurasia Foods ЖШС, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Ташкентский к-сі.
Айта берсек, тауар өнімдеріндегі көзге көрінбейтін ірілі-ұсақты қателіктер өте көп. Бірі байқайды, ал екіншісі, байқаса да мән бермей жүре береді. Осындай олқылықты болдырмау, тауар шығарушы орындарға ескерту жасау – біздің міндет.
Әрбір адам өзіне қажетті тауарларды жиі тұтынады. Кез келген нәрсенің құрамы, сапасы жөнінде ақпарат алу үшін ондағы нұсқаулықтарды оқиды. Қазақшасы дұрыс жазылмаса, орысшасына қарайды. Келесіде қазақ тіліндегі мәтінге көз жүгіртпейтін болады. Сондықтан қазақша нұсқаулықты жазған кезде әріптік қателерге, сөздің бір-бірімен байланысуына ерекше мән берген дұрыс. Тұтынушыға сапалы жазылған мәтінді ұсына отырып, біз оның қазақ тіліне деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал жасаймыз.
Кезекті бір мысалға назар аударыңыз. «Огуречный» деп аталатын бетке жағуға арналған кремдегі қазақша нұсқаулықты қолға алғанбыз. Ондағы мәтіннің қазақшасы төмендегідей: «Классика» топтамасының барлық теріге арналған «Огуречный» бет майы 75 мл Қолдану тәсілі: таза және құрғақ теріге бетке және мойынға жағу қажет. Сақталу мерзімі: 36 ай. Температурасы +5 `С – ден +25 `С – ке дейін сақтау керек. Шығу мерзімі және партия нөмірі тубаның төменгі жағында.
Ал «Айналайын» сүтінің қорабындағы қаптамадан «Қазақстанның ең уздік шай ішу салт-дәстурлері» деген жазуды аңғаруға болады. Қазақша ү әрпінің орнына у әрпін жазыпты. Осындай кішкене қателіктерге де мән бергеніміз абзал. Сауда орталығын аралай жүріп, Raimbek Bottlers компаниясының өнімі «Туған жер» Есік қызанағы деп аталатын тамаша отандық шырынын қолыма алдым. Беткі қаптамасы таза қазақша сөздермен әрі қатесіз жазылған екен. Қораптың артқы жағындағы мәтінде: «Қызанақ шырыны тұзбен» деп аударылған. Ал орысша мәтінінде «Сок томатный с солью» деп жазылыпты. Қазақша аудармасын «Тұзды қызанақ шырыны» деп аударса әлдеқайда жақсырақ болар ма еді деген ойда қалдық. Супермаркет ішіндегі заттарды қарай жүріп, «Мульти-пульти» деп аталатын әртүрлі түстері бар балалар ойыншығын көрдім.
Қораптағы қазақша нұсқаулықта: «Дамыта оқыту карточка Үйренеміз түсті Мульти-пульти ойын үшін арналған топтық және жеке сабақтар» деп жазылған. Біз мұны мемлекеттік тілге құрметтің төмендігінен шығар деп топшыладық. Тыныс белгісі дұрыс қойылмаған, сөздерінің арасындағы байланыс мүлдем бір-біріне келіңкіремейді. Жөнге салса жөнделетін дүние екенін бәріміз білеміз. Шет тіліндегі тауар өнімдеріндегі мәтіндер сауатты жазылатынын байқаймыз. Ал мемлекеттік тілдегі мәтіндерде қазақ тілінің төл әріптері түсіп қалатынын кімнен көреміз?
Тіліміздің шұбарланып, тауар өнімдерінің қатемен жазылуына кім кінәлі? Күнделікті өмірде осындай келеңсіз жағдайлардың бір емес бірнеше рет куәсі болып жүрміз. Біз бір ғана тауар өнімдеріндегі қазақша аудармалардың, мәтіндердің кемшілігін тізіп шықтық.
Өкініштісі, қазіргі кезде бұл өзекті мәселелер әлі шешімін таппай келеді. Қазақ тілінің мәртебесін тым болмаса өз елімізде жүріп төмендетпейікші. Ол үшін алдымен мемлекеттік тілге немқұрайлық танытқан тауар өндірушілерге қатаң ескерту жасауымыз керек. Себебі, бұл бір жағынан әр азаматтың елге, туған жерге, мемлекеттік тілге деген құрметін білдіреді емес пе?!