Карантиндегі Қарағанды

Карантиндегі Қарағанды

Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқ­тырған  3 жасар қыз сауықты. Облыста COVID-19 инфек­циясы бойынша 108 жағдай тіркелді. Оның ішінде бір науқас қайтыс болды және 30 адам сауығып шықты. Қарағанды облысында ка­ран­тиндік шаралар күшей­тілді. Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қала­ларында жеке көлігімен жұмысқа баруға таңғы бестен онға дейін, одан кейін кешкі бес жарымнан сегіз жарымға дейін ғана жүруге рұқсат етілді. Басқа уақыттарда же­кеменшік автокөлік қозғалысы тоқтады. Төтенше жағдай кезінде қа­ра­­ғандылық коммуналдық ме­ке­мелердің шығындары рес­пуб­­ликалық және жергілікті бюд­­жеттен өтелетін болды. Қара­ған­ды облысында 118 мың адам ком­­муналдық төлем үшін жеңіл­дікке ие болмақ. Мемлекет халық­тың әлеуметтік осал тобының ком­муналдық қызметін екі ай бойы өтейді. Төлем сомасы – 15 мың теңге. – Ауылдарда коммуналдық қыз­меттерге әдетте, электр энер­гиясы және су кіреді. Ай сайынғы төлем 5 мың теңге болса да, 15 мың теңгені дербес шотқа аударамыз. Кейін тұтынушыларға осы ақша арқылы төлемдерін өтеуге бо­лады. Қалалықтарда сома көп болса да, 15 мыңды ғана шотқа аудара аламыз. Қалғанын қызмет алушының өзі төлейді, – деп түсіндірді облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов. Қарағанды облысында бұл жұмыс жүйеленіп, халық өтініш беруді бастап кетті. Өтініш бер­ген кезде мемлекет төлейтін ком­муналдық қызметтердің түрлерін өз бетінше таңдауға немесе «ком­муналдық қызметтердің» барлық түріне 15 мыңды бөліп тастауға болады. Төлемді екі айға алу үшін өтінішті екі рет, мамыр мен мау­сымда беру қажет. Жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдарға жалға алу шарты және қызмет ақысын төлеу түбіртектерінде көрсетілетін жеке шот қажет. – Тұрғын үйді ресми емес жалдап тұратындарға да уайым­дамаңыздар деп айтқым ке­леді. Бұл мәселе Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министр­лігінде шешілуде. Себебі барлық өңірде бұл мәселе көтерілуде. Біз оны ИИДМ-мен бірлесіп шешуге тырысамыз. Әзірге бұл адамдардың жеке шоттары ашыл­майынша, біз ақшаны қайда ау­даратынымызды білмейміз, – деп атап өтті Ұлантай Үсенов. Елде төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін әскери міндеттілерді ерікті түрде арнаулы жиындарға шақыру басталды. Қарағандыда 95 адам қызметке кірісті. Олар қала аумағына са­нитарлық тазалық жүргізеді. Осы уақыт аралығында әскерге ша­қырылғандар 8 млн 474 мың шаршы метр жолдарды, ғимарат­тарды және т.б. өңдеді. – Күн сайын 95 адамның 80-і дезинфекцияға шығады. Олар төрт топқа бөлінеді. Екеуі Октябрь ауданына, екеуі Қазыбек би атындағы ауданға барады. 15 адам өз бетінше залалсыздандыру сұйықтығын дайындайды. Барлық шақырылушылар аптасына бес күн сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді, – дейді Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы Алмагүл Дарманқұлова. Октябрь ауданындағы 1,2 квар­­­тал, 18, 19 шағын аудандар, Восток-1 және Восток-2 квартал, Молоков, Орлов, Асфальтная және Вагонная көшелері де­зинфекцияланды. Еріктілер жұмыс орындарына арнайы автобустармен жеткізіледі. Кү­ніне үш рет олардың тем­пе­ра­­турасын өлшейді. Әскер­ге ша­қы­рылушылар үшін таңғы, түскі және кешкі ас ұйым­дас­ты­рыл­ған. Әскер қатарына ша­қыры­лғанға дейін жұмыс істе­ген­дерге қызмет аяқталған соң, орташа айлық жалақы соңғы түскен кіріс негізінде есептеледі. Жұмыс­сыз­дар 42 500 теңге алады. Бұған дейін карантинге бай­ланысты тіс дәрігерлері Қара­ған­ды қаласында тек бір ғана ме­кемеде қабылдаған болатын. Оған қосымша жергілікті емха­на­лардағы стоматологиялық каби­неттер ашылды. Шұғыл көмекті тәулігіне 24 сағат алуға болады. Стоматологиялық емханада соны­­мен қатар екі балалар хи­рур­гиялық кабинеті қызмет көр­сетеді. Жергілікті билік карантинде отырған тұрғындардың тілек-шағымын қарастырып, тиісінше шаралар қабылдап жатыр. Дегенмен барлық жағдай билік ме­же­леген қалыпта деуге әлі ерте. Карантиндегі Қарағандыда төтенше жағдайдан қажып кет­кендер де бар. Оқшаулау мен бел­гісіздік тығырыққа тіреген тұрғын өмірімен қоштасқысы келді. Жас қыз Бұқар жырау даңғылындағы үлкен көпірден секірмекші бола­ды. Автопатрульдің экипажы, полиция аға лейтенанты Рауан Оразбеков, полиция лейтенанты Аман Әбілда және Елюбай Насурлаевтар түңілген қыздың өмірін сақтап қалды. Көпір шетінде тұрған қызды өтіп бара жатқан инкассатор көлігі байқап қалады. Олар па­трульге хабарлайды. Полицейлер көпір қоршауына лезде жетеді. Полиция көлігіне қыз назар сал­майды. Қоршаудың шетіне мініп, секірмекке ыңғайланып, батыл қадамға көшеді. Патрульдің жа­лынып-жалпайғанына қара­мастан, қыз өз ойынан айны­майды. «Елубай қызға бұл өмірдің қан­шалықты қымбат екенін түсін­діріп жатқанда, мен оған жа­қындай бастадым. Ол төменге секір­генде ұстап үлгердім. Біз екеулеп жүріп оны жоғары тар­тып шығардық. Ол өзі туралы еш­теңе айт­қан жоқ, үнсіз жылай берді. Жасы 19-да екен», – дейді полиция лейтенанты Аман Әбілда. Полицейлер қызды құт­қар­ғаннан кейін оны жедел жәр­дем дәрігерлеріне тапсырды. Күтпеген жерден карантинге жабылған қаланың өмірі жал­ғасуда. Қатаң тәртіпке бағынғысы келмегендер мен аурухана тө­сегіне таңылғандар азаймаса, тө­тенше режимі де созыла бермек. Қарағанды облысында 766 адам тәулік бойы бақылауда. Провизорлық стационарларда – 207, карантиндік госпитальдар­да – 476, үй карантинінде 2 504 адам жатыр. Үй карантинінен 404 адам шығарылды.     Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы